Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ер адамның жолын әйел кеспеген...

Ер адамның жолын әйел кеспеген...

Ес білгелі анам « Қызым, мейлі ер адам сенен үлкен не кіші болсын оның жолын кеспе» дейтін. Тіпті өзі әкемнің көлігінің алдынан өтпей, айналып өтетін. Сол сөздер мен анамның әрекеттері арқылы ер адамның орны жоғары екендігін ұғындым.
Ерте кезден отбасындағы әже мен ана бойжеткен бойына ер азаматтарды қалай сыйлап, онымен қалай сөйлесу керектігін үйретіп жүрген. Ал қазір ше? Өкінішке орай, бүгінде мұндай тәрбиенің мәні ұмытылып бара жатқандай. Кейде қала көшелеріндегі тіршілікке назар салсақ, жасөспірім қыздардың өзі жетпістен асқан ақсақалдың жолын кесіп өтіп бара жатқандығын байқаймыз. «Байқамай қалды-ау» дегенге де келмейтін көріністі көзіміз шалып, бойжеткен қылығына іштей ызаланып та аламыз. Бүгінгі отбасында ана мен қыз арасында мүлде байланыс болмайтын секілді көрінеді осындай сәтте.
Иә, таңнан кешке дейін күйбең тіршілік қамымен жұмыс деп жүріп, қызымен сөйлесуге шамасы келмей жататын аналар болады. Тіпті қызының ерсі қылықтары мен бейәдеп сөздеріне де құлағы үйренген кісідей қамықпайтын аналарды да көріп жүрміз. Міне, осындай қателіктен соң ер азаматын сыйлауды білмейтін келіншек пен қызына дұрыс тәрбие бере алмайтын ана шығары анық. Алдынан кесіп өтпек түгілі, ер кісімен сөз таластырып, ұрысып жатқан қыз-келіншектерді көргенде бойыңда біртүрлі үрей пайда болары сөзсіз.
Осы тұста атақты Төле бидің баласына жар таңдайтын оқиғасы еске оралады. Төле би:
– Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел. Ел сыйлайтын ерді ақылмен адам етіп тәрбиелейтін әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт, қызыр да әйелде. Әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің даңқы кетеді. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу – әйелден, – деп келін іздеуге жолға шығыпты.
Сонда аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы бар еді.
– Ау, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар ел, жер қорғайтын ерлер. Кім біліпті, араларында асқан ақылды, данышпан қариялары, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәрімізде бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат-жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – депті Данагүл. Жол кеспей өздерін күтіп тұрғанын Төле би алыстан байқайды. Жақындап келгенде аттан түсіп сыпайы сәлемдескен Данагүлден не үшін кідіргенін сұрайды. Сондағы жауабына разы болған Төле би осы бір ғана қасиетінен-ақ келін қылып алуға бел буыпты.
Кейде бүгінгі қоғамдағы орын алып жатқан ер мен әйел адамның құқықтарының теңдігі жөнінде ойланып қаламыз. Иә, кей отбасында әйел адамның жұмыс істеп, ер азаматының үй шаруасымен айналысып отырғанын аңғарып жатамыз. «Биік таудың төбе ұқсап мүжілгені, жаман еркектің әйел ұқсап сызылғаны жаман» демекші, кей ер адамның жігерсіздігі кімді болмасын қынжылтатыны анық. Сол үшін ер азамат күнделікті отбасында өзінің орны мен рөлін көрсете білгені дұрыс. Ал әйел адам бала тәрбиесіне келгенде әкені, жалпы ер адамдарды қалай сыйлау керектігін үлгі ете білгені жөн.
А.НҰРЛАНОВА

11 маусым 2023 ж. 606 0