Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам – табиғаттың бір бөлшегі

Адам – табиғаттың бір бөлшегі

Дарабоз жазушы, журналист Ш.Мұртаза: «Мен дүниенің көп бөлігінде болдым. Парижді көрдім, Үнді, Қытай, Пәкістан, Мәскеуде бес жыл оқыдым. Осы елдер түсіме кірмейді, ал туған жерім Мыңбұлақты көремін», – деген екен. Сол секілді «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, теңіз қолтығындағы Сарышоқы елді мекенінде дүниеге келіп, саналы ғұмырым Арал қаласында өтті. Сондықтан да Арал менің «Мысыр шаһарым» деп мақтана аламын.
Қаламыз күннен-күнге көркейіп, көгеріп, жасарып келеді. Тарихтан сыр шертетін еңселі ескерткіштер, кәсіпкерлеріміздің сәнді ғимараттары, тақтайдай тегіс асфальт жолдары, түнгі самаладай жанған жарықтары көңілге қуаныш ұялатады.
Бүгінгі айтпағымыз қаламыздың тазалығы туралы болса, әттеген-ай дейтін кемшіліктеріміз жоқ емес. Айталық, жаңа ғана тазартып кеткен жерге апта өтпей-ақ қоқыстар бейберекетсіз шашылып жатады. Осындайда геология-минерология ғылымдарының докторы Мұфтах Диаровтың: «Табиғат – адамның ең бірінші қорегі, ең басты емшісі. Қоршаған орта, ауа, су, жер құрамы бүлінсе, адам ағзасына зиянды химиялық зат өте көп мөлшерде түсіп, денсаулығы бұзылады», – деген сөзі ойға оралады.
Адам мен табиғатты о баста егіз жаратқан. Бірінің бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені табиғатты аяласа, адам өзіне бақыт табады. Ал табиғат өзін аялаған ұрпағына бақытты өмір сыйлайды, жемісін береді, егісін береді, көлеңкесі мен шуағын сыйлайтыны баршамызға аян екені белгілі.
Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы біздің ауданда да, өзіміз тұрған қаламызда да кең көлемде жүргізілуде. Таяуда қаламыздың ең көрікті аймақтарының бірі Рәміздер алаңының маңында көтеріңкі көңілмен қала халқы мен бірге «Арал тазалығы» мекемесінің жұмысшылары техникалары жиналды. Шараға қатысушылар алдында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, акцияға қатысушыларға тазалықты жүргізу де, сақтау да көпке ортақ міндет екеніне сәттілік тіледі. Сөз алған аудан прокуроры Дарын Әбіш игілікті шараға сәттілік тіледі.
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызып, ол ағаштың адамға, аң-құсқа пайдасы тиер болса, тіпті ауаны тазартып тұрса да, ағаш қурап, шіріп кеткенге дейін ол адамға сауап жазылатын болады», – делінген. Сол айтқандай, көптеген жерлер тазартылып, көшеттер отырғызылды. Осындай «Таза Қазақстан» акциясы қаламыздың шығыс жағында да жүргізіліп, ағаштар егіп, тазалық жұмыстарына қатысқаным бар. Бір сөзбен айтқанда, ауданымыздағы көл, теңіз жағалаулары да тазартылып, «Таза Қазақстан» акциясы жекенің де, көптің де жауапкершілігі екенін түсінудеміз.
«Көп тілегі – көл» демекші, жаз жаңбырлы болып, Жер-Анаға ыза кіріп, жайлаудағы шөп жақсы шықты деген жағымды хабар да бар. «Жері байдың – елі бай», «Елде болса, ерніңе тиеді» демекші, елдегі молшылық халықтың несібесі деп те қуанамыз.
Сексеннің сеңгірінен асқан қаланың байырғы тұрғыны ретінде айтарым, ауданымыздағы қай сала болмасын қарқынды даму үстінде екенін анық сезінудемін. Шалғай елдімекендерге дейін таза ауыз су жеткізілуде, кезең-кезеңімен елді мекендер газдандыруда, білім саласында жаңа типтегі мектептер, медицина саласында болсын, мәдениет саласында, ауылшаруашылығында да даму қарқыны байқалуда. Осы игілікті бастамалардың басында жүрген қолы да, жолы да таза аудан басшысы Аманжол Сақыпұлының тынымсыз еңбегі деп білемін. Қазақта «Тал да, дарақ та өзі өнген жерінде көгеріп, көктейді» демекші, ел басқарған азаматтар өздерің туып өскен жерлеріңді көгертіп көктетіңдер. Өздерің де көгеріп көктеңдер демекпін.
Немістің ұлы философы Э.Кант: «Тазалық дегеніміз – үнемі жинап сыпыру емес, бей-берекетсіз шашпау», – дегендей, тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше тұрғындарынан бастау алу керек. Бұл бір күндік науқан емес. Бұл біздің өмір салтымыз. Бұл біздің Жер – Ана алдындағы перзенттік парызымыздың бір бөлшегі болмақ.
Аманжол Жолмағамбетов
25 шілде 2026 ж. 43 0