Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала көркі – өз көркіміз һәм ажарымыз

Қала көркі – өз көркіміз һәм ажарымыз

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей теңіз қолтығындағы Сарышоқы елді мекенінде дүниеге келіп, саналы ғұмырым Арал қаласында өткендіктен Арал менің «Мысыр шаһарым» деп мақтана аламын. Қаламыз күннен күнге көркейіп, көгеріп келеді. Тарихтан сыр шертетін еңселі ескерткіштер, кәсіпкерлеріміздің сәнді ғимараттары, тақтайдай тегіс асфальт жолдары, түнгі самаладай жанған түрлі-түсті жарықтары көңілге қуаныш ұялатады. Қара жерден қар кетіп, жаймашуақ көктем келіп, табиғат–Ана түрленіп, жаңа кейіпке еніп, көкті көріп, мерекемізді мерекелеп мәз-мәйрам болып жатырмыз. Халқымыз ежелден көктем басталысымен қардың айналасынан шыққан қоқыстарды тазалау, тал егу, бұлақтың көзін ашу сынды ізгі амалдарды әдетке айналдырған. Соның ішінде «Тазалық – денсаулық кепілі», «Тазалық жоқ жерде құт-береке болмайды» деген дана халқымыздың басты ұстанымы осы табиғат тазалығымен ұштасып жататыны жасырын емес. Бүгінде жер қарайды, сірескен тоң сетінеп, ағайындар енді айналасын тазалау жұмыстарымен айналысуда.
Адамзат баласы барлық сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, әсемдікті табиғаттан үйренеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрбір саналы азамат өзі тұрған қаласының, елді мекенінің таза, көрікті болуы үшін үлес қосу керек. Тіпті мұны парызым деп қарау керек дер едім. Біз қоршаған ортаны ластауға жол бермей, табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарауымыз керек. Осындайда геология-минерология ғылымдарының докторы Мұфтах Диаровтың: «Табиғат – адамның ең бірінші қорегі, ең басты емшісі. Қоршаған орта, ауа, су, жер құрамы бүлінсе, адам ағзасына зиянды химиялық зат өте көп мөлшерде түсіп, денсаулығы бұзылады» деген сөзі ойға оралады. Десек те, тазалық мәселесінде әлі де болса лас суды көшеге төге салу, қоқыс қалдықтарын тастай салу кездесетіні жасырын емес. Бүгінгі таңда шірімейтін тұрмыстық қалдықтар, еш бұзылмайтын пластикалық бөтелкелер мен полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отырғаны белгілі. Алмақтың да салмағы бар, ішіп-жемнен артылған қалдықтарды кез келген жерге тастай салу әдепсіздікке жатады. Онсыз да екі күннің бірінде болатын шаңды дауыл және қаладағы сорлы көлдерден ұшқан тұзды шаңдардың өзі экологиялық ақуалды өзгертетіні тағы бар. Ең қарапайым нәрсе, арнайы алған қоқыс жәшігін де дұрыс пайдаланбайтындар кездеседі. Кейде ішіндегі нәрселерді өртеп жатамыз. Оның тек өзімізге ғана емес, айналамызға қандай зияны тиіп жатқаны белгілі. Бірақ осы әдетіміз әр жерден көрініп қалатыны өкінішті. Бүгінде әр үйден қоқыс, қалдықтар шықпауы мүмкін емес. Ең болмаса айына бір рет тиісті мекемеге тапсырыс берсе, алып кетуге де көп қаржы кете қоймас. Ал жәшігі жоқ үйлер қалдықтарын қапшықтарға салып қойып тапсырыс берсе, уақытында орындалады.
Биыл Құдайға мың да бір шүкір, «көп тілегі – көл» дегендей, жыл қарлы, жаңбырлы болып, Жер-Анаға ыза кіріп, жайлаудағы шөп жақсы шығатын түрі бар деген жағымды хабарды құлағымыз шалып жүр. «Жері байдың – елі бай», «Елде болса, ерніңе тиеді» демекші, елдегі молшылық халықтың несібесі деп те қуанамыз. Қазір күн жылынып келеді. Қолдағы, бағудағы малдарды қараусыз жібере салатынымыз бар. Ал сол төрт түліктің күтіп-баптап өсірген ауламыздың алдындағы, тіпті ішіндегі және орталықтағы талдар мен гүлдерге де зияны тиіп жатқанын көріп те жүрміз. Көшені ластайтыны тағы бар. Қараусыз малды ұрлауға да ыңғайлы екені де белгілі. Қараусыз мал ұсталса, арнаулы орынға қамалып, малдың егесі айыппұл төлейді. Қоғамдық жұмыс есебінен мал бағатын бақташы ұйымдастырылса деген де ойлар айтылып жүр. Айлығын алар еді және мал егелерімен ортақ келісіммен бір жар мың теңге берсе, малдар да қараусыз қалмас, сонымен бірге көше кезбес еді.
Қала орталығындағы ең ұзын көше – Бақтыбай батыр көшесі. Осы көшенің бойында қаншама кәсіпкерлік нысандар мен қоса дүкендер орналасқан. Ал көшенің бойы көгалға жұтаң екенін көріп жүрміз. Солардың маңында гүл өсіретін арнайы жасалған орын бар. Сол орындарға жаз бойы ешнәрсе егілмейді. Ол орындарға гүл егіліп, есіктерінің екі жағына екі тал егіп көктетсе неге жараспасын, Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызып, ол ағаштың адамға, құсқа пайдасы тиер болса, тіпті ауаны тазартып тұрса да ағаш қурап, шіріп кеткенге дейін ол адамға сауап жазылатын болады» деген екен. Олай болса, ауламызға және де жоғарыда айтқандай кәсіпкерлік нысандар алдын көгалдандырып, көшеміздің ажарын келтіріп жатсақ, Пайғамбарымыз айтқандай сауап болары анық.
Қаламызда екі жүздің үстінде көше бар. Өзі тұрған жерге жанашырлықпен қарап, көрші-көлеміне және көше тұрғындарына қажет кезінде ақыл-кеңесін айтып, көшенің тыныштығын, тазалығын қамтамсыз етіп жүретін жандардың дені бүгінде қала бойынша көше комитеті төрағаларына ұсынылған. Өзім де сол аға буынның қатарынанмын. Жақсы болсын, жаман болсын, шамамыз келгенше мойындағы жауапкершілікті сезініп, қызмет етіп келеміз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, бұл жұмысты сезіне білгенге үлкен жауапкершілік бар. Әлі күнге дейін өзіміз тұратын көшеде әлдебіреулердің тынышын алатын келеңсіз жағдай бола қалса алаңдап боламыз. Сол көшенің тазалығы тағы бар. Бүгінгі таңда мұндай жұмысты абыройлы атқарып жүрген төрағалардың көшесі таза әрі тыныш.
Қаладағы өзге көшелерге үлгі болатындай таза әрі тыныш көшелердің үздігін анықтап, «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» аталымдары бойынша жыл қортындысымен оларды марапаттаумен қатар асфальттау, жарықтандыру жұмыстары бірінші кезекте жүргізілетінді. Осындай игілікті істер жалғасын тапса деген ойдамыз. Бұл көше тұрғындарымен қатар сол көшені басқарып отырған көше комитеті төрағаларын да ынталандыратыны сөзсіз.
Ал қақаған сары аязда, аптап ыстықта, екі күннің бірінде болатын шаңды дауыл астында қала көшелерімен қатар, қала сыртында жиналған қоқыс қалдықтар мен құмдарды жинап, тазалап жүрген қоғамдық жұмысқа тартылған тазалықшылардың ерен еңбектері бағалауға тұрарлық. Қаламыздың таза болуы да солардың арқасы десе болады. Немістің ұлы философы Э.Кант «тазалық дегеніміз – үнемі сыпырып жинау емес, тазалық дегеніміз – бей-берекетсіз шашпау» деген екен. Сол айтқандай үнемі жинап сыпырудан гөрі бей-берекетсіз шашпайық, ағайын!
Ағымдағы жылдың сенбілік жұмыстарына барлық аудан тұрғындарын, көше төрағаларын тұрғылықты, үйіміз бен көшеміздің төңірегін тазартып, көркейту-көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысуға шақырамын. Бұл мәселеде елге сөзі жүретін, кезінде беделді қызмет атқарған, өз ортасына сыйлы зиялы қауымның орны ерекше. Әсіресе аудан жастары да бұл игілікті істен тыс қалмаулары керек деп есептеймін. Өйткені таза жер, таза табиғат сол жастардың ажары мен сәніне айналмақ.
Сөз соңында «қала көркі – өз көркіміз һәм ажарымыз» дегендей, бүкіл қала жұртшылығы болып, дамыған елдер сияқты «Арал қаласы – таза қала» деген атаққа ие болатындай, бір жұдырықтай жұмылып, қаламызды көркейтсек, бұл біздің Жер-Ана алдындағы перзенттік парызымыздың бір бөлшегі болмақ.
Аманжол Жолмағамбетов,
қаладағы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы
27 сәуір 2024 ж. 342 0