Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тазалық – иманның жартысы

Тазалық – иманның жартысы

Дарабоз жазушы-журналист Ш.Мұртаза «Мен дүниенің көп бөлігінде болдым. Парижді көрдім, Үнді, Қытай, Пәкістан, Мәскеуде бес жыл оқыдым. Осы елдер түсіме кірмейді, ал туған жерім Мыңбұлақты көремін» деген екен. Сол секілді "Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, теңіз қолтығындағы Сарышоқы елді мекенінде дүниеге келіп, саналы ғұмырым Арал қаласында өтті. Сондықтан да Арал менің «Мысыр шаһарым» деп мақтана аламын. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, көгеріп келеді. Тарихтан сыр шертетін еңселі ескерткіштер, кәсіпкерлеріміздің сәнді ғимараттары, тақтайдай тегіс асфальт жолдары, түнгі самаладай жанған жарықтары көңілге қуаныш ұялатады.
Әрине атқарылған жұмыстардан атқарылатын жұмыстардың ауқымы көп екені айтпаса да түсінікті. Соның ішінде қаламыздың тазалығын да әттеген-ай дейтін кемшіліктер жоқ емес. Айталық, жаңа ғана тазартып кеткен жерге апта өтпей-ақ күл-қоқыстар бейберекетсіз шашылып жататыны. Осындайда геология-минералогия ғылымдарының докторы Мұфтах Диаровтың «Табиғат – адамның ең бірінші қорегі, ең басты емшісі. Қоршаған орта, ауа, су, жер құрамы бүлінсе, адам ағзасына зиянды химиялық зат өте көп мөлшерде түсіп, денсаулығы бұзылады» деген сөзі ойға оралады. Осы тазалық мәселесінде әлі де болса лас суды көшеге төге салу, күл-қоқысты тастай салу кездесетіні жасырын емес. Жоғарыда ғалым айтқандай, қоршаған ортаны өзіміз ластап жатырмыз ғой, ағайын. Сол қоқыстан, лас судан ұшқан шаң-тозаңды өзіміз жұтып, денсаулығымызға зияны тиіп те жатқаны белгілі. Сол ластаған жерде балаларымыз да ойнайтыны анық. Бұл ауруды өзіміз шақырып, өзімізге тілегеннің белгісі емес пе?! Онсыз да екі күннің бірінде болатын шаңды дауылда және қаладағы сорлы көлдерден ұшқан тұзды шаңдардың өзі экологиялық ахуалды өршітетіні тағы бар.
Кейбір үйлерде қоқыс салатын жәшік қоқысымен толып тұрады немесе оны өртеп жатамыз. Жәшіктегі қоқысты тіпті өртеуге қатаң тыйым салу керек қой. Сол жәшіктің ішінде неше түрлі нәрселер бар. Өртеген кездегі оның түтіні жанындағы тұрғындарға үлкен зияны тиетіні айтпаса да түсінікті. Өртелген жәшіктің тез тозуына да әкеліп соғатыны баршаға аян. Жәшіктегі қоқысты алып кетуге де көп қаржы кете қоймас. Ал жәшігі жоқ үйлер қоқыстарын оншақты қапшыққа салып тапсырыс берсе болғаны, алып кетеді. Сондықтан тазалық мәдениетінде қала тұрғындары қарапайым қағидаларды ұдайы ескеріп отырса дейміз.
Биыл Құдайға мың да бір шүкір, «Көп тілегі – көл» демекші, жыл қарлы-жаңбырлы болып, Жер-Анаға ыза кіріп, жайлаудағы шөп жақсы шықты деген жағымды хабар да бар. «Жері байдың – елі бай», «Елде болса, ерніңе тиеді» демекші, елдегі молшылық халықтың несібесі деп те қуанамыз. Қазір күн жылынып келеді. Қолдағы бағудағы малдарды қараусыз жібере салатынымыз бар. Ал сол төрт түліктердің күтіп-баптап өсірген ауламыздың алдындағы және орталықтағы талдар мен гүлдерге зиянын тигізіп жатқанын көріп те жүрміз. Көшені ластайтыны тағы бар. Қараусыз малды ұрлауға да ыңғайлы екені белгілі. Қараусыз мал ұсталса арнаулы орынға қамалып, айыппұл да төлейтіні тағы бар. Малдарымызға ие болғанымыз орынды.
Темір жолдың батыс жағындағы ең ұзын көше – Бақтыбай батыр көшесі. Осы көшенің бойында қаншама мекеме, қаншама кәсіпкерлік нысандар, дүкендер орналасқан. Осы көшенің бойы көгалға өте жұтаң екенін көріп жүрміз. Солардың маңында гүл өсіруге арналған арнаулы жасалған орын да бар. Соларға ешнәрсе егілмейді. Сол орындарға гүл егіліп жатса неге жараспасын?! Пайғамбарымыздың хадисінде «Бір адам бір ағаш отырғызып, ол ағаштың адамға, аң-құсқа пайдасы тиер болса, тіпті ауаны тазартып тұрса да, ағаш қурап, шіріп кеткенге дейін ол адамға сауап жазылатын болады» деген. Олай болса, ауламызға және жоғарыда айтқандай кәсіпкерлерлік нысандар алдын көгалдандырып, сауап алғанымыз дұрыс болар еді.
Айтайын дегенім, қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан, Отан қорғау жолында ерлік жасаған жандардың атына көптеген көшелердің барлығы да сол көше тұрғындарының келісімімен заңдастырылған-ды. Бұл құптарлық нәрсе. Бірақ аталмыш көшеге ұрпақтары жыл он екі айда бір барып, тұрғындардың хал-жағдайын біліп тұрса, қолдан келсе көшенің тазалығына кем-кетігне көмектессе деген өтініштерін естіген соң айтып отырмын. Әрине өзі тұрған көшенің тазалығын, тәртібін, әлеуметтік жағдайын біліп, ақыл-кеңесін айтып, көшенің тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген жандардың дені бүгінде қала бойынша көше комитеті төрағаларына ұсынылған. Өзіміз де сол аға буынның қатарындамыз. Жақсы болсын, жаман болсын, шамамыз келгенше мойнымыздағы жауапкершілікті сезініп, қызмет етіп жатырмыз. Бүгінде мұндай жұмыстарды жақсы атқарып жүрген көше төрағаларының көшесі таза әрі тыныш. Десе де жоғарыда айтылған ортақ мәселелер – қаланың тазалығы екені анық.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаладағы өзгеге үлгі боларлықтай таза әрі тыныш көшелердің үздігін анықтап, анықталған көшелерді асфальттап, жарықтандыру жұмыстарын бірінші кезекте жүргізілетінін тапсырған болатын. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Б.Майлин, Бегім ана және Мин көшелері үздік деп танылды.
 Сөз соңында «Қала көркі – өз көркіміз» дегендей, бүкіл қала жұртшылығы болып, дамыған елдер сияқты «Арал қаласы – таза қала» деген атаққа ие болатындай, бір жұдырықтай жұмылып, қаламызды көркейтейік дегім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
қаладағы көше төрағалары кеңесінің төрағасы
14 мамыр 2022 ж. 1 241 0