Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерді таза ұстау – парызымыз

Туған жерді таза ұстау – парызымыз

Жаймашуақ көктем мезгілінде табиғат-ана түрленіп, жаңаша кейіпке енеді. Халқымыз ежелден көктем басталысымен айналаны тазалау, тал егу, бұлақ көзін ашу сынды ізгі амалдарды әдетке айналдырған. Соның ішінде «Тазалық – денсаулық кепілі», «тазалық жоқ жерде құт-береке болмайды» деген дана халқымыздыңбасты ұстанымы осы табиғат тазалығымен ұштасып жатыр. Міне, бүгінде жер қарайды, сірескен тоң сетінеп, ағайын енді айналасын жиыстырып әлек. Бұл мәселеде аудан жастары да тыс қалмау керек деп есептеймін. Өйткені таза жер, таза табиғат сол жастарымыздың ажары мен сәніне айналмақ. Соны түсінетін кез жетті деп есептеймін.
Адамзат баласы барлық сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, әсемдікті табиғаттан үйренеді. Сондықтан да әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Тіпті мұны парыз деп қарау керек дер едім. Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Біз қоршаған ортаны ластауға, зиян келтіруге жол бермей, табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарауымыз керек.
Қазіргі таңда шірімейтін тұрмыстық қалдықтар, еш бұзылмайтын пластикалық бөтелке, полиэтилен қалталардың залалы климатты өзгертуге дейін ықпал етіп отыр. Алмақтың та салмағы бар. Ішіп-жемнен артылған қалдықтарды кез келген жерге тастай салу әдепсіздікке жатады. Мен ендігі жерде елдің ағасы ретінде қазіргі жастарды әдепсіз емес, әрбір ісіне байыппен қарайтын байсалды әрі ұқыпты болуға шақырамын. Одан кеміп қалған ешкім жоқ. Осылай мәдениет қалыптасады. Ал мәдениет әрбір адамның сана түкпірінде сақталған ар мен ожданның айнасы. Сондықтан аудан жастары, қай істе болсын мәдениетті болайық!Сен тастаған қоқысты ертең анаң немесе әкең жинауы мүмкін. Сондықтан әрбір әрекетті жасамас бұрын дұрыс-бұрысын ойланып барып шешім қабылда, қалқам! Сен өмір сүрген ортада сенің жақындарың да өмір сүреді. Сен қаламасаң да тазалықты олар қалауы мүмкін. Сондықтан көппен бірге бол, қарағым!
Ағымдағы жылдың сенбілік жұмыстарына барлық аудан тұрғындарын, көше комитеттерін тұрғылықты үйіміз бен көшенің төңірегін тазартып, көркейту, абаттандыру жұмыстарына біркісідей атсалысуға шақырамын! Бұл біздің Жер-Ана алдындағы перзенттікпарызымыздың бір бөлшегі болмақ.
Аманжол Жолмағамбетов,
Арал қалалық көше комитеттерінің төрағасы
11 сәуір 2023 ж. 546 0