«BIRGE - TAZA QAZAQSTAN» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өткізілді
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, өңірдің тазалығы ең алдымен мына өзімізден бастау алады. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілуінің деңгейі, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші.
Бүгін «BIRGE - TAZA QAZAQSTAN» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өткізілді. Бірлесе ұйымдастырылған сенбілік қала тынысының кеңеюіне үлесін қосуда. Осы орайда, қаланың кіре беріс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Тазалық шарасына қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, қолғаптар мен қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етілді. Сенбілік барысында қоғамдық орындар мен жолдың бойында ретсіз тасталған керексіз заттардан тазаланды.
Қаладағы қызу өткізілген сенбілік шарасына қатысқан аудан әкімі С.Сермағамбетов қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бағамдап, тазалық жөнінде темірдей тәртіпті орнату бағытында күшейтілген жұмыстарды атқару қажет екендігін баса айтты.
Расында, қала тазалығы жалғыз мемлекеттік орган қызметкерлері үшін емес, әрбір аудан тұрғыны үшін қажет-ақ. Сондықтан осындай тазалық шараларында реттеліп, тазартылған аумақтарды ендігі ретте тап-тұйнақтай етіп ұстау тұрғындардың адами жауапкершілігіне байланысты екені даусыз.
Ортақ мүдде үшін бірлесіп жасаған еңбек - адамдарды біріктіретін бірден-бір ықпалды күш. Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Адамзат баласы барлық сүйіспеншілікті, қайырымдылықты, әсемдікті табиғаттан үйренеді. Сондықтан да табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, қоршаған ортаны ластауға, зиян келтіруге жол бермеу басты мақсатымыз.
Сенбілік шарасы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудартуға, санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.
Құрметті аудан тұрғындары!
Тазалық өзімізден бастау алады. Тазалауды емес қоқыс шашпауды үйренейік. Айналамызды айнадай етіп тазартып, сүйікті қаламыздың тазаруына атсалысайық. Күн өткен сайын көркейіп, ажарлана түскен Арал өңірі – баршамыздың ортақ үйіміз. Олай болса, қала шырайын арттыра түсу де – өз қолымызда. Туған өлкемізге деген махаббатымыз бен құрметімізді білдіріп, сенбілікке белсене қатысайық!
"Толқын" ақпарат