Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық тарихы бар қасиетті қарашаңырақ

Ғасырлық тарихы бар қасиетті қарашаңырақ

Теміржол – ел экономикасының күретамыры болса, сол күретамырдың тоқтаусыз соғып тұруына үлес қосып келе жатқан еңбек ұжымдарының бірі – Сексеуіл пайдалану локомотив депосы. Ғасырдан астам уақыт бойы бұл ұжым талай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, өңірдің ғана емес, еліміздің теміржол саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
1900 жылы Орынбордан Арысқа қарай Арал теңізінің сол жағалауы арқылы теміржол құрылысының басталуы қазақ даласындағы жаңа дәуірдің жаршысы болды. Теміржол бойында Қандыағаш, Шалқар, Қазалы секілді ірі стансалармен бірге көптеген өндірістік нысандар дүниеге келді. Солардың қатарында кейін Сексеуіл атауына ие болған Құмсай стансасындағы шеберхананың орны ерекше.
1905 жылы Құмсайда алғашқы теміржол шеберханасы салынып, Орынбор–Ташкент теміржолының пайдалануға берілуімен бірге ол Сексеуіл паровоз жөндеу депосы болып қайта құрылды. Бұл – өңірдегі теміржол өндірісінің қалыптасуына негіз қалаған маңызды тарихи оқиға еді. Ал 1911 жылы депо локомотивтердің айналым депосы болып қайта құрылып, дәл осы жылы локомотив бригадаларына арналған демалыс үйі пайдалануға берілді. Осылайша Сексеуіл стансасы теміржолшылардың үлкен өндірістік орталығына айнала бастады.
Өткен ғасырдың орта шенінде депо жұмысы жаңа қарқын алды. 1956–1958 жылдары локомотив бригадалары Шалқар–Қазалы аралығында жүк пойыздарын жүргізсе, кейіннен Тоғыз бен Аралқұм стансалары арасындағы тасымалды қамтамасыз етті. Бұл кезеңде теміржолшылардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі айрықша бағаланды.
1980 жылдары депода еңбек ететін жұмысшылар саны 1500 адамға дейін жетіп, Сексеуіл локомотив депосы аймақтағы ең ірі өндірістік ұжымдардың біріне айналды. Мыңдаған теміржолшының маңдай тері мен қажырлы еңбегі кәсіпорынның беделін биіктетіп, оның өндірістік әлеуетін нығайтты.
Уақыт талабына сай кәсіпорын құрылымында да өзгерістер орын алды. 2000 жылы Сексеуіл локомотив депосы пайдалану және жөндеу деполары болып екіге бөлінді. Ал 2004 жылы пайдалану локомотив депосының құрамынан техникалық қызмет көрсету пункті негізінде «Локомотив Сервис Орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.
Депоның өркендеу жолында басшылардың еңбегі де ерекше. Ұжымды 1997–2015 жылдары Бөрі Санкубаев басқарды. 2015-2019 жылдары Сейілхан Ержанов басшылық жасаса, 2019-2022 жыл аралығында Жангелдин Төрединов басқарды. Ал 2022 жылдан бастан Асылбек Ияров  абыроймен басқарып келеді.
Бүгінде Сексеуіл пайдалану локомотив депосында 402 адам еңбек етеді. Бұл – теміржол саласының тәжірибелі мамандары мен жас буынның сабақтастығын қалыптастырған ұйымшыл ұжым. Қазіргі таңда депода 8 маневрлік тепловоз, жолаушылар тасымалына арналған 24 және жүк тасымалына арналған 7 жаңа буындағы ТЭ33А сериялы тепловоз қызмет көрсетуде.
Локомотив бригадалары Сексеуіл–Шалқар–Сексеуіл және Сексеуіл–Қоскөл–Сексеуіл бағыттарында жолаушылар пойыздарын жүргізсе, Сексеуіл–Қазалы–Сексеуіл және Сексеуіл–Қоскөл–Сексеуіл учаскелерінде жүк пойыздарының қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұл – ел экономикасының тұрақты дамуына қосылған нақты үлес.
Тарихын құрметтеген ұжымның болашағы да баянды. Осы мақсатта 2016 жылы депо жанынан теміржолшылар мұражайы ашылып, онда ғасырлық еңбек жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталды. Мұражай жас буынды еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды рухани орталыққа айналды.
«Сексеуіл пайдалану локомотив депосының» ұжымы 2023 жылы күзгі комиссиялық байқауында І орын жеңіп алған болатын. Сондай-ақ депоның тепловоз машинистері әр жылдары «Құрметті теміржолшы» белгісімен, «Үздік маман», «Ерен еңбегі үшін» және өзге де салалық марапаттарға ие болып келеді. Бұл – адал еңбек пен кәсіби біліктілікке көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі.
Ұжым мәдениет пен спорт сайыстарына да белсене қатысып талай белесті бағындырып жүр. Сондай-ақ  ел басына сындарлы шақ туғанда да шет қалмай, өздерінің ауызбіршілігімен елге жанашыр болып келеді. Мәселен, өткен жылдары су тасқыны салдарына зардап шеккен аймақтың тұрғындарына әлеуметтік көмек жібергені ұжымның ел мүддесіне ойлайтын жандар екендігін дәлелдей түскендей.
Ғасырдан астам тарихы бар Сексеуіл пайдалану локомотив депосы – еңбек пен бірліктің, кәсібилік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Кешегі паровоз дәуірінен бүгінгі заманауи ТЭ33А тепловоздарына дейінгі ұзақ жол – бірнеше буын теміржолшының табанды еңбегінің жемісі. Бүгінгі жетістіктер – кешегі аға буынның аманаты болса, ертеңгі биік белестер – қазіргі еңбек адамдарының қажырлы ісінің жалғасы. Сондықтан Сексеуіл пайдалану локомотив депосының шежіресі – бұл тек бір кәсіпорынның ғана емес, қазақ теміржолының даму тарихының ажырамас бір бөлігі.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
01 тамыз 2026 ж. 23 0