Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кентті қамтыған қос депо

Кентті қамтыған қос депо

Аралдағы қос кенттің бірі Тербенбесті бауырлай жатқан Сексеуіл. Міне осы Сексеуілде серпінді жұмыс өте көп. Алайда қанша айтсақ та тауыса алмайтын тындырымды тірлігі бар кентті сөз етсек бірінші кезекте есімізге "теміржолшылар мекені" деп аталатын балама атауы түседі. Тоғыз жолдың торабы саналатын бұл жердің атын мәшһүр етіп отырған да сол сала.
Халықтың көптен қоныстануына бірден-бір себепші болған осы сала бүгінде шойын жолдың шеберлеріне бай. Ғасырдан аса уақыт бойы барша халыққа қызмет етіп келе жатқан «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосы мен Сексеуіл локомотив пайдалану депосы дүйім жұрттың берекесіне баланады.
Жергілікті жұрттың құтына айналған қос мекеменің алғашқысы «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосы жайлы көп жарнаманың қажеті жоқ. Себебі шаруадан шашау шығармай келе жатқан ұжым 2023 жылғы қорытындысы бойынша «Үздік мердігер» номинациясымен марапатталып жылды оң нәтижемен аяқтады. 2018 жылдан бері «Қамқор Локомотив» ЖШС мен «Wabtec» компаниясымен бірлесе отырып жөндеу депосының қызметкерлері арасында қауіпсіздік пен еңбекті қорғау санаттары бойынша өткізілетін «Алтын дулыға» байқауын жеңіп алды. Осындай ең бір беделді биік бағындырған шойынжолшылар қашан да абырой биігінен бір сәт төмендеген емес. Осының өзі асқан жауапкершілік пен міндеттің маңыздылығын сезіне алуында.
Бәйгеге түскен тұлпардай мыңдағын шақырымды артқа тастап, белгіленген жерге аман жеткен тепловоз атаулының барлығы осында келіп дамылдайды. Аман жеткен деуімізде де мағына бар. Өйткені дәл осы депода барлық тепловоздың тынысын қайта ашып, қауіпсіздігіне, жарамдылығына, тұтынуға әзірлігіне толықтай жауапты. Локомотивтердің барлығы түгелдей тексеруден өткен соң сапарды қайта жалғастырады, жарамсызы сонда қалады, қайта жабдықталады.
Осынау жауапты жұмыстың қызығы мен қиындығын көріп келе жатқан жандар сала ардагерлерін де ұмытқан емес. Биыл кәсіби мереке қарсаңында «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосы директоры Мұхтар Кеулімжаевтың бастамасымен ардагер теміржолшылар аллеясын ашты. Ашылу салтанатында сала үздіктері түрлі марапаттарға ие болып, мерекелік көңіл-күйді сезіне алды.
***
Бірі тұлпар баптағандай локомотивті жөндесе, сол темір тұлпарларды халық игілігіне жаратып отырған ұжым Сексеуіл локомотив пайдалану депосы. Бұл мекеменің де жетістігі жұртқа мәлім. Қай уақытта да қыруар шаруадан ши шығармай ширыққан машинисттердің ортасында көпке үлгі болып жүрген жандар жетерлік.
Локомотив пайдалану депосының да тарихы терең. Өткен ғасырдың алғашқы жылынан, нақтырақ 1900 жылы Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай темір жол құрылысы басталған. Бұл құрылыспен қатар темір жол бойынан шеберханалар мен Қандағаш, Қазалы сияқты үлкен стансалар бой көтерді. Ал 1905 жылы Құмсай (қазіргі Сексеуіл) шеберханасы салынып, Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға берілген тұста, осы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген өзгерістер орын алды. Алайда шойынжолшылардың еңбегі бір сәт толастаған емес. Локомотив пайдалану депосы бүгінде 400-ге жуық жанды еңбекпен қамтып, 150-ге жуық машинистпен, дәл сол шамада машинист көмекшілерінің қызметін халыққа ұсынып келеді.
Бірақ біз санды емес, сапаны айтқанды жөн көріп отырмыз. Лайықты мамандарын мақтай берсек әңгіме ұзаққа кетер. Соңғы бір жылдың көлеміне тоқталсақ та көзі қарақты оқырман қай деңгейде екенін өзі-ақ таниды.
Осы мекеменің жетекші инженері Рустам Азишев 2023 жылы "100 жас есім" ҚТЖ байқауына қатысып, еңбегімен елге танылған елдегі 100 жас есімдердің бірі атанды. Ал жекелей марапаттар легі тіпті көп. Қашанда ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында алға озып келе жатқан депоның жетістігі бірінші кезекте Сексеуіл локомотив пайдалану депосы басшысы Асылбек Ияров пен өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов және білікті мамандардың арқасында дейтін болсақ, 40 жылдан аса қызмет қылған Өтегенов Жұмабай «Қазақстан теміржолының құрылғанына 100 жыл» мерекелік медалімен және «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясының құрылғанына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, Божбанов Әли зейнет демалысына шығуына байланысты кәсіподақ көмитетінің арнайы марапаты мен сыйлыққа ие болған.
Мұнан бөлек Ибраев Берік, Қамбар Ағанасұлы, Бекболат Жолдасов, Тұрлыбек Төлегенов, Тойым Кенжеғараева сынды мамандар арнайы марапат төріне көтерілсе, Мөлдір Төлеубайқызы, Қоңырбаев Аманкелді, Азишев Рустам және Өмірзақов Бердімұрат жыл үздіктері атанған.
Қызметтен бөлек қоғамдық жұмыстарға да етене араласатын бұл мекеменің шығар биігі әлі алда.
О. ЖОЛДАСОВ
05 тамыз 2024 ж. 134 0