Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздіктің кепілі

Қауіпсіздіктің кепілі

Осы аптада аудан орталығынан шалғай жердегі Сексеуіл кентіне сапарға шықтық. Бұл сапардың негізгі мақсаты – аудандық басылымға қолдау беріп, әркез Аралдың ақпарат айнасына баланған төл басылымның тілеулестері болып отырған екі бірдей депоны кәсіби мерекесімен құттықтау еді. Сондай-ақ қос ұжымның тыныс-тіршілігі мен толағай табысын, өлшеусіз еңбегі мен тынымсыз тірлігін депо жұмысынан бейхабар жұртқа таныстыру болды. Қай уақытта болмасын қызу еңбек үстінен табылатын теміржолшылар бұл жолы да жұмыс орнынан табыла кетті.

Алғашқы рет табалдырығын аттамасақ та, әр барған сапарымыз сайын сүйсініп қарайтындай қарқынды жұмыс жасайтын мекемелердің бірі  –"Қамқор Локоматив" ЖШС "Сексеуіл локомотив жөндеу депосы" филиалы. Темір жолдың тұлпарларын "тағалап", пойыз жүргіншілеріне ең қауіпсіз транспорт түрін әзірлеп отырған мекеменің қақпасынан енген сәтте-ақ теміржолшылардың кәсіби мерекесінің белгісі байқалып тұрды. Мекеменің кіреберісіне ілінген "Теміржолшылар мерекесі құтты болсын" деп жазылған тақтадан Сексеуіл локомотив жөндеу депосының республика көлемінде мерейі асқақ екені аңғарылып-ақ тұрды.
Одан әрі ұжым жайында және жеткен жетістіктері мен халықты дән риза етерлік шараларға қатысуы жайлы айтып өтсек.
Сексеуіл локомотив жөндеу депосының директоры Мұхтар Кеулімжаев басшылық етіп отырған мекеменің тарихы тереңнен бастау алады. Сонау ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан темір жолының құрылысы басталған сәттен іргелі ұжымға айналған. 1905 жылы Құмсай шеберханасы деп ашылған бұл мекеме 1911 жылы локомотивтердің айналым депосы болып аталды. Міне, сол уақыттан бері тұрақты түрде өз мамандарына жұмыс ұсынып, республика көлеміндегі орны бөлек мекемелердің біріне айналған депо 1981-1982 жылдардан бастап көне корпустарының орнына жаңа корпустар ашып, жұмыс ауқымын кеңейтті. Механикалық, дайындық, компрессор цехтары мен үлкен химиялық-техникалық лабораториялар және өзінің жөндеу ісіне байланысты өзге де цехтар ашылды. Ал 2014 жылдың сәуірінен бастап "Сексеуіл локомотив жөндеу депосы" 2ТЭ10 маркалы тепловоздарын жөндеудегі бас сервистік орталық болып саналды. Қазіргі таңда ТЭ33А эволюшн жаңа типті заманауи тепловоздарын СҚ-1, СҚ-2, СҚ-3, СҚ-4 және СҚ-5 циклдары бойынша сервистік қызмет көрсетеді. Бүгінде 251 адам жұмыс жасайтын депоның әр қызметкері толықтай мамандандырылған, әрі өте білікті мамандар.
Мұхтар Қуанышұлы алдағы жоспарларымен де таныстырды.
– Берекенің, жетістіктің басты кепілі – ауызбіршілікте. Ол жайында өз жұмысшыларыма жиі айтып, бірлесе жұмыс жасауға шақырып отырамын. Осы уақытқа дейінгі жеткен барлық жетістіктер мен депоның ел көлеміндегі беделі өте жоғары болуы сол бірліктің, тиянақтылықтың арқасында. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасын табатын болады. Басты мақсатымыз – Қазақстан темір жолының дамып, өркендеуіне мол үлес қосып, сеніммен алға қарай қадам басу, – дейді білікті басшы.
Одан әрі Сексеуіл локомотив жөндеу депосының техникалық директоры Нұрлан Бөлеков депо жұмысымен таныстырды. Алғашқы болып слесарьлар бөлмесінен жұмыс бастадық. Кип-слесарь Мейірбек Киікбаевтың станогынан шыққан өнімдерін көзбен көріп, сапасына таң5алыстық. Арнайы жабдықталған заманауи станоктердан дайындалып шыққан сапалы тауарлардың беріктігі де жоғары.
Одан әрі электроцехтың шебері Сүйінтай ағаның жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Сүйінтай Төлебаевтың осы салада жұмыс істеп келе жатқанына да 30 жыл уақыт болған. Шебердің жұмысына сүйсінбеске амал жоқ. Өз кәсібін жетік меңгерген жанның әр қимылы өте тиянақты.
Міне, жолаушыларға жайлы жағдай жасап, қауіпсіз қатынасты қамтамасыз етіп отырған депоның тынымсыз жұмысы өте көп. Тепловоздардың әрбір қажеттілігі мен қауіпсіздігіне жауапты жандардың еңбегін қанша айтсақ та артықтық етпейді. Десе де біз кездескен азаматтардың еңбегінен-ақ жауапкершілік жүгінің ауыр екенін анық аңғарамыз. Бірнеше лабораториядан тексерістен өткеннен кейін де рейске шығатын көліктерді бақылайтындар да бар. Солардың қатарында шеберлер Ислам Алпысбаев, слесарь Қуантқан Ахметов және аға шебер Қуаныш Ахметов те өз жұмысымен таныстырып, өз саласының қыр-сырымен қанық етті. Тепловоз ішіне кіріп, жөндеуден өткеннен кейінгі дайын транспорттың ішкі жабдықтары мен олардың атқаратын қызметі, қалай қолданылуын да айтып, көзбен көруге мүмкіндік жасады.
Міне, Сексеуіл локомотив жөндеу депосының ішінде өткен бір мезгілдің өзінде көптеген қызық жағдайларға кезігіп, жұмысшылардың біршама жұмысымен таныстық. Расында, сырт көзге қызықты болып көрінгенімен, қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін еңбек азаматтарының еңбегін бағаламауға болмайды. Ең қауіпсіз қатынас түріне баланған теміржолшылардың жұмысымен оқырманымызды таныстыру алдағы уақытта да біздің жоспарымыздың бір бөлігі болып қалмақ.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

31 шілде 2021 ж. 393 0