Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолшылар тартуы

Теміржолшылар тартуы

«Тербенбес» тауының баурайында толымды іс қай кезде де толастаған емес. Мұндағылардың басым бөлігі экономиканың күре тамырына баланған темір жол саласының ыстығына күйіп, суығына тоңғандар. Олар қай кезде де ел мүддесін бірінші кезекке қояды. Уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс көрігін қыздырған қауым туған жерді көркейтуді де әркез естен шығармайды. Міне, бас тақырыпқа арқау еткеніміздей, сексеуілдік теміржолшылардың тағы бір мәрте сауапты ісіне куә болдық. Яғни «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Сексеуіл локомотив жөндеу» депосының ұжымы кенттегі №231 орта мектеп ауласына 600 түп үйеңкі талын егіп, көгалдандыру ісіне кірісті.
Көпті қуантқан қайырлы істе  алғы сөз алған аудан әкімінің кеңесшісі Бауыржан Махатов:
– Қоршаған ортаны көркейту-көгалдандыру – баршаның ортақ ісі. Бұл ретте қаншама жарқын жобаларға ұйытқы болып жүрген теміржолшылар еңбегін айрықша бағалаймыз. Соның ішінде қаншама ауқымды бастамаларға қолдау көрсетіп, оның орындалуын асқан сергектікпен қарай білген «Қамқор Менеджмент» ЖШС өкілдеріне ризашылығымыз шексіз, – деп мұндай іс келешек ұрпақ үшін өте маңызды екенін ортаға салды.
Мұнан соң, «Сексеуіл локомотив жөндеу» депосының филиал директоры Мұхтар Кеулімжаев жиналғандар алдында сөз сөйлеп:
– Сіздер «Қамқор Менеджмент» компаниясы ұйымдастырған «Қамқор Park» акциясына куә болып отырсыздар. Қазақстан халқының тұрмыстық жағдайын және әл-ауқатын арттыру жолында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев жасыл экономикаға көшу бастамасын жүзеге асыруды тапсырғанын жақсы білесіздер. Бұл орайда мемлекеттің негізгі бағыттарына үнемі қолдау көрсетіп отыратын «Қамқор Менеджмент» компаниясының бас директоры Диас Төлеутайұлы Сүлейменовтің еңбегін айрықша атап өткеніміз жөн.  Аталған компания басшысы өздеріңіз көргендей, дәстүрлі «Қамқор Park» акциясын ұйымдастырып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауды, жұртшылықты салауаттылыққа үндеп, жасыл желекпен көмкерілген табиғат аясында тыныстауды жолға қоюда. Негізінен, бұл акция әр жыл сайын жалғасын тауып, ұрпақтың экологиялық таза ауада өмір сүруіне жан-жақты мүмкіндіктер жасалмақ, – деп барша кент тұрғындарын игі іске қолдау көрсетуге шақырды. Сосын «Қамқор Менеджмент» ЖШС тобы атынан «Тегін саябақ» сертификатын №231 орта мектеп директорына салтанатты түрде арнайы табыс етті. 
Өз кезегінде №231 орта мектеп директоры Серік Жұмалиев кентте  бірнеше білім ұясы бар екенін, солардың арасынан таңдау ұжымына түскенін мақтанышпен  айтып, артылған сенімді ақтауға, жас талдарды баптауға біркісідей болып атсалысатындарын мәлімдеді. Теміржолшылардың қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруға негізделген бастамаларына шынайы ризашылығын білдірді.
Жалпы, экологиялық ахуал  – қазіргі күні ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе қоршаған ортамыздағы лас қалдық, іргелі өндіріс орындарындағы қолқаны бітейтін қою қара түтін кім-кімді де ойландырары анық. Міне, көптің жайын ойлаған «Қамқор Менеджмент» компаниясының бас директоры Диас Төлеутайұлының да түпкі мақсаты – тұрғындарға жағдай жасау, халық денсаулығының жақсаруына тамшыдай болса да үлес қосу. Біз кенттегі саябақ тарту ету шарасынан соны аңғардық.
А.Жайшылық  
29 қыркүйек 2020 ж. 1 104 0