Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Болат жол бойындағы тынымсыз тірлік

Болат жол бойындағы тынымсыз тірлік

Тамыз айының алғашқы жексенбісі 1 тамызға келіп тұр. Бұл күн болат жолдың бес батпан бейнетіне бойұсынып, күре тамырдың бүлкілдеп соғып тұруы үшін күні-түні бір тыным таппайтын теміржолшылар деген қауымның кәсіби мерекесі болып саналады. Әдетте бұл күн келгеннен сонау Тербенбес тауының етегін жағалай қоныстанған Сексеуіл жаққа мойын бұрарымыз хақ. Себебі, ауданға қарасты қос депоның қайнаған қызу тірлігіне сонда барсаңыз куә боласыз. Болат жолдың бойымен вагон-вагонды тіркей жөнелген тепловозыңыз да сол жерге барып дамылдар. Қысқасы, мың рет естігенше бір рет көрген артық. Кеттік, ендеше...

Қаладан шығып, сәл жүрген соң Сексеуіл де көрінді. Темір жолды жағалай жүріп отырсаңыз, елге жетесіз. Ендігі бағыт – кенттегі Сексеуіл пайдалану локомотив депосы. 400-ге жуық қызметкер еңбек ететін ұжымда үлкен де бар, кіші де бар. Барлығы да күре жолдың бойындағы қауіпсіздік үшін қызмет етеді. Мұндағы тәртіп пен төзімділікке Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген тәмсілі тұғыр болып тұрғандай. Бас кеңсе жақ мүлгіген тыныштық. Әлсін-әлсін тепловоздың тыныстаған дауысы мен күннің ыстығында қосылған салқындатқыш құрылғылардың гүрілі құлаққа бірінші келеді. Бізді кіреберістен кезекші тоқтатты. Келген жөнімізді айтып болғанымыз сол еді, орта бойлы, ашық жүзді жас шамасы отызды алқымдаған азамат қарсы алды. Есімі – Еркебұлан. Біз бұл азаматпен бұған дейін де таныс едік. Жылы қарсы алып, төрге оздырды. Жангелдин Төрединов басшылық ететін ұжымның тыныс-тіршілігімен бізді орынбасары сол Еркебұлан таныстырды. Өзі жас болса да бас болып жүрген көшбасшы азаматтар қатарынан. Бүгінде облыстық мәслихат депутаты. Кеңсесіне кірген бойымыз еді, қолымызға қос парақты ұстатты. Көз салсақ, өзі еңбек ететін мекеменің арғы-бергі тарихы түгел жазылыпты.
Сонымен, өткен ғасырдың басы, яғни 1900 жылы Орынбордан Арысқа қарай Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы темір жол құрылысы басталады емес пе?! Сол кезде-ақ жол бойы станса мен шеберханалар салынып, Қандағаш, Шалқар, Қазалы сияқты үлкен стансалар пайда болады. 1905 жылы Құмсай шеберханасы салынады. Сол Құмсайыңыз қазіргі Сексеуіл кенті. 1905 жылы Орынбор – Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, осы жылы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы болып қайта құрылды. Содан 1911 жылы локомотивтердің айналым депосы пайда болды. Депоға алғашқыда Иванов, Маслов, Сидоров, Асташев, Саблин, Корчагин және Козлов сонды тәжірибелі мамандар тартылған. Кейін сол өзге ұлт өкілдерінің көшін өзіміздің қазақтар жалғады. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарына дейін мұндағы деполарды өзге ұлт өкілдері басқарып келсе, басшылыққа алғаш келген қазақ Б.Айтмағамбетов болды.
1977 жылы Қазақстан темір жолы Алматы, Батыс Қазақстан, тың өлкесі болып үшке бөлінді. Осы кезеңнен бастап Сексеуіл депосы жүк тасымалдаумен қатар ТҚҚ-3 профилактикалық жөндеуімен де айналыса бастады. Депо паркіне жаңадан 2ТЭ10В сериялы 5 тепловоз беріліп, қысқа мерзімді (ТР-1) жөндеуге айналып, паркке 60-тан аса тепловоз қосылды.
1981-1982 жылдары жаңадан механикалық, дайындау, компрессор цехы, химиялық-техникалық лаборатория, тағы басқа орындар ашылды. 1977-1979 жылдары жұмысшылар арнайы оқуларға жіберіліп, ағымдағы (ТҚҚ-7) жөндеу жүргізу игерілді. 1980 жылдары деподағы жұмысшылар саны 1500-ге жетті. 2000 жылы Сексеуіл локомотив депосы пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. 2004 жылы Сексеуіл пайдалану локомотив депосынан (ТҚҚ-2) техникалық байқауы өтетін «Локомотив Сервис Орталығы» АҚ болып бөлініп шықты. Осылайша бастау алған депо тарихы бүгінде жаңашыл бастамалармен толығып, жетістіктерімен даралануда.
Қазір мұнда барлығы 51 тепловоз бар. Оның 21-і жүк артылған вагондарды сүйресе, қалған 30-ы жолаушыларды діттеген жеріне жеткізеді. Сол тепловоздарды тізгіндейтін 143 машинист болса, 140 қызметкер машинистің көмекшісі. Бұдан бөлек, 21 машинист көмекшісі білімін жетілдіріп, машинист болуға талаптанып жатса, 8 машинист 2 санатты маман атану үшін Нұр-Сұлтан қаласында білім алуда. Бұдан өзге де мәліметтерді депо бастығы Жангелдин Төрединовтен білдік.
– Қазіргі таңда депода барлығы 394 қызметкер еңбек етеді. Жұмыс жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында 5 керуеннен құралған жұмысшы топ жасақталған. Біріншісі – жолаушылар керуені, екіншісі – маневрлік керуен. Қалғаны – жүк тасымалдайтын керуен. Депода тепловоздарға техникалық қызмет көрсету цехы 4 ауысым бойынша қызмет етеді. Олардың құрамында жөндеушілер мен шеберлер бар. Біз қызмет ететін сала салғырттықты кешірмейді. Тіпті жіберілген титтей қателіктің өзі тұтас темір жол саласының ең ірі трагедиясына айналуы мүмкін. Сондықтан машинистердің қырағылығы мен қызметтегі қабілеті бірінші кезекте ескеріледі бізде. Жалпы, қызметіміз темір жол саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан, біз әр ісімізге мұқият қарап, уақытпен санасып отырамыз,– дейді Ж.Имляшұлы.
«Бізде тұрмысы төмен жұмысшы жоқ». Біздің құлағымызға майдай жаққан сөздің төресі осы болды. Елімізде жұмыспен қамтылған азаматтардың барлығы жақсы жағдайда болса дейсің ғой. Демек бұл мекеме де жалақы мен сыйақы, табыс пен тұрмыс та жақсы деген сөз. Бұдан бөлек, жылдағы еңбек демалысында қызметімен көзге түскен қызметкерлерге мекеме есебінен ел аумағындағы демалыс орындарына жолдама беріледі. Ол өз алдына, бүгінде ұжым қызметкерлерінің жалақысы 10 пайызға артқан. Мереке қарсаңында бір айлық жалақы көлемінде сыйақы тағайындалғаны тағы бар. Сондай-ақ, «2020 қайырымдылық іс» жобасы бойынша депо қызметкерлері 30 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға қайрымдылық жасаған. Және де «Жеңіс» жобасы аясында қызметкерлер аудандағы соғыс және тыл ардагерлерін аралап, азық-түлік және тұрмыстық заттар мен дәрі-дәрмектер алып берген. Мұндай бастамалардан қалыс қалмайтын ұжымда белсенді жастар мен қабілетті қызметкерлер жеткілікті. Кенттегі белді мекеменің мұндай бастамаларына біз де «бәрекелді» дестік.
Бір айта кетерлігі, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалы Сексеуіл локомотив пайдалану депосы ұжымы 2020 жылдың «Еңбекті қорғау қауіпсіздігі» бойынша 1-дәрежелі сенім сертификатымен марапатталыпты. Сенім сертификаты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және Сыр бойындағы салалық мекемелердің арасынан соңғы жылдардағы үздік өндірістік жұмыс көрсеткіштеріне орай Сексеуіл локомотив пайдалану депосының ұжымына беріліп отырған лайықты баға. Сонымен қатар Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Е.Аяғановқа жоғары деңгейлі марапат табысталған. Бұл – мекеме жұмысын талапқа сай сапалы ұйымдастыра білетін депо басшылығының озық тәжірибесі, біліктілігі мен кәсіби шеберлігі мен депо теміржолшыларының ерен еңбегінің жемісі.
Иә, темірдей тәртіп пен жоғарғы жауапкершіліктің арқасында тонналаған жүк, жоғарғы жылдамдықтағы қозғалыс осы шойын жол үстінде қалыптасып келеді. Темір жол торабы жапан далаға жан бітіргелі бұл мекеме қызмет ету жүйесінен бір танған емес. Ал сол бір абыройлы атқа ие болуда қаншама жанның табан ет, маңдай тері жатыр. Кәсіби мереке қарсаңында сондай қызметкерлердің бірқатары салалық марапатқа ие болған. Олардың қатарында Марат Жаналиев, Жанболат Жұмағалиев сынды қызметкерлер басқарма төрағасының Алғыс хатын алса, Нұрсұлтан Бөрібаев «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасын иеленген. Бұдан бөлек, бұл саладағы қалтқысыз қызметі үшін Әбілқасым Бекмырзаға «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі берілсе, Бауыржан Аяғановқа «Түрксіб – 90» төсбелгісі берілген. Мұндай марапаттар мекеме қызметкерлерін қанаттандыра түспек. Мерекелеріңіз құтты болсын, көлік қызметкерлері!

А. БИСЕНОВ

31 шілде 2021 ж. 505 0