Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төккен тері еленген теміржолшы

Төккен тері еленген теміржолшы

Елге адал еңбек етіп, халық құрметіне ие болу – көптің қолынан келе бермейтін қасиет. Рас, әр адамда алуан түрлі қасиет, мінез-құлық пен болмыс болады. Міне, осылардың барлығы ізгілік жолында үйлесім тапса ғана адам баласы бірдің емес, жүздің ықыласына бөленері анық.
Қай кезде де өзінің қарапайымдылығымен, ашықтығымен, жаныңды жадыратар мінезімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі, бұрынғы станса жұмысшысы, қазіргі ардагер теміржолшы атанып отырған Сексеуіл кентінің тұрғыны – Болатбек Мырзағұлов.
Болатбек қызмет еткен Сексеуіл стансасының тарихы мол, өзіндік орны бөлек, іргелі мекемелердің бірі. Бүгінде республика көлемінде алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне айналып отырған бұл стансаның табысты еңбегі бірінші кезекте ұйымдастырушылық қабілетімен даралана білген мекеме басшысы Сапарғали Салмаевтың еңбегі десек, одан кейін бүгінгі кейіпкеріміз сияқты өз ісінің мамандарының қызметке деген адалдығында.
Болатбек Мырзағұлов 1950 жылы Ақеспе елді мекенінде туған. 1967 жылы Сексеуіл кентіндегі №423 орта мектепті бітіреді. Жастайынан еңбекке араласқан ол 1967-1968 жылдары Ақеспе елді мекеніндегі аэрофортта комендант болып жұмыс істейді.
Бірақ Болатбектің өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен сала ол – темір жол. 1969 жылы шойын жолдың шаруасын ширатамын деп еңбекке араласқан азаматты қадір тұтпайтын жан жоқ. Ұзақ жылдар бойы темір дөңгелікті көліктің кедергісіз жұмыс істеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әсіресе көз көрген, өзімен қызметтес болған серіктері оның адалдығын ауыздан тастамайды.
Сондай-ақ қайсарлығын, табандылығын жиі айтады. Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп жұмыс. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр істің асқан жауапкершілікпен орындалуы керек. Болатбек сол сынақтардың барлығын бастан өткерген тәжірибелі маман. Қызмет бабында жүктелетін міндеттерді ешқашан мынау ауыр немесе жеңіл деп бөлген емес. Орындалуы керек іс пе, орындау міндеті. Тіпті жауапкершілік жүгі артқан сайын ерекше жігерленетін. Өз жұмысынан ләззат алатын.
Ал қазірде ардагер теміржолшы атанып отыр. Маңдай тердің арқасында табысқа, алғысқа ие болған Болатбек 2013 жылы зейнетке шықты. Бірақ ұзақ жылғы еңбек еленбей қалмады. 1986 жылы «Еңбектегі ерлік үшін» медалін кеудесін тақты. Ал тәуелсіздік жылдарында еңбек адамының мерейі үстем бола түсті. Бір мекемеде 44 жыл қызмет еткен азаматтың беделін 2009 жылы мемлекеттік үлкен награда «Құрмет» орденіне ие болды.
Қазірде сол еңбектің зейнетіне бөленіп отырған Болатбек жары Сарамен 5 бала, 14 немере тәрбиелеп отырған ардақты азамат. Әркез соларға ақылын айтып, жол сілтеп отырады. Балалары да әке жолын жалғап, темір жол саласында еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар» деген осы шығар.

Жоламан ЖОЛДАСОВ,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,
Арал ауданы
Сексеуіл кенті
10 ақпан 2021 ж. 626 0