Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шойын жолдың жұмысын ширықтырған ұжым

Шойын жолдың жұмысын ширықтырған ұжым

Сексеуіл десе "тоғыз жолдың торабы" деген тіркес ойға орала кетеді. Әсіресе шойын жолдың жұмысын ширықтырып отырған бұл кентке келе қалсаңыз, тепловоздың дауысы мен пойыздың тілін жетік білетін азаматтарды кезіктіру қиын емес. Ал осындағы деполардың жұмысын бүгінде бүкіл ел біледі. Республика бойынша тағаланған рельс тұлпарларын рейске жөнелтуге дейінгі жұмысты атқарып отырған деполардың бірі – Сексеуіл пайдалану локомотив депосы.

Биылғы Қазақстан теміржолының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында іргелі ұжымды теміржолшылар күнімен құттықтап, жұмыс барысымен танысып қайттық.
Бұл ұжымның да басылымға деген ықыласы қашан да ерекше. Ауданның жаңалығын біздің басылым арқылы іздеп жүріп оқитын оқырмандарымыз да бар бұл жерде. Депо бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Аяғанов жылы құшақпен қарсы алып, емен-жарқын әңгімеге кірісті. "Толқынның" қай кезде де тілеулесі бола білген азамат елдің жайынан да құлағдар. "Жақсылықтың жаршысына айналған газет арқылы жұмысымыз да жарқырап көрініп келеді" деді.
Расында тынымсыз тірлік пен табысты еңбекті көрсету журналистік міндетіміздің бір бағыты ғой. Жақсы жаңалықтарына құлақ түре кеттік.
Қазақстан темір жолына ширек ғасыр толғанымен бұл мекеменің тарихы өте бай. Өткен ғасырдың алғашқы жылынан, нақтырақ 1900 жылы Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай темір жол құрылысы басталған. Бұл құрылыспен қатар темір жол бойынан шеберханалар мен Қандағаш, Қазалы сияқты үлкен стансалар бой көтерді. Ал 1905 жылы Құмсай (қазіргі Сексеуіл) шеберханасы салынып, Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға берілген тұста, осы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. 1911 жылы локомотивтердің айналым депосы пайда болды. Сол уақыттарда Иванов, Маслов, Сидоров, Асташев, Саблин, Корчагин, Козлов сияқты сырттан келген мамандар қызмет жасаса, дәл осы жылы локомотив бригадаларына арнап салынған демалыс үйлері соларға қызмет етті. Ал мекемені В.Сиднев-Адищев, П.Петин басқарды.
Кейін уақыт өте келе жергілікті халық та осы саланы меңгере бастады. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдары Н.Довголенко мен А.Сидоровпен қатар Ж.Тілесов, А.Сарбаев, А.Тлеуов, Қ.Қайрақбаев секілді азаматтар жауапты қызметтер атқарып, соғыс жылдарында да бұл мекеменің жұмысы тұралап қалмау үшін барын салды. Ал 1957-1963 жылдар аралығында алғаш рет қазақтан басшы болған Б.Айтмағамбетов жергілікті халықтың осы саладағы сауаттылығын анық байқатты. Оған бір дәлел 1956-1958 жылдар аралығында локомотив бригадаларының жұмысы Шалқар-Қазалы, кейіннен Тоғыз және Аралқұм стансалары аралығында жүк тасымалымен айналысып, жұмыс ауқымын кеңейте түсті.
1977 жылы Қазақстан темір жолы Алматы, Батыс Қазақстан, тың өлкесі болып үшке бөлінген шақта Сексеуіл депосы жүк тасымалымен қатар ТҚҚ-3 профилактикалық жөндеумен де айналысты. Депо паркіне 2ТЭ10В сериялы 5 тепловоз беріліп, қысқа мерзімді ТР-1 жөндеуіне 60-тан аса тепловоз берілді.
Тарихы бай мекемеде табысты жылдар өте көп. 1980 жылдары 1500 адамға дейін жұмыспен қамтыған құрылым 2000 жылы локомотив пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Ал 2004 жылы Сексеуіл пайдалану локомотив депосынан ТҚҚ-2 техникалық байқауы өтетін "Локомотив Сервис орталығы" АҚ болып бөлініп шықса, 2016 жылы осы депоға қайта қосылды.
Бүгінде 386 адамды еңбекпен қамтып отырған ұжымда 53 тепловоз, 4 маневрлік, 38 магистральды жолаушылар тасымалына арналған тепловоз есепте тұр. Қазіргі жетістіктеріне соңғы жылдары басшылық еткен С.Ержанов, Ж.Төрединовтің еңбектері ерекше болса, бүгінгі таңда депо бастығының міндетін атқарушы, білікті маман Е.Аяғановтың да еңбегі елдің көз алдында.
Бірақ Сексеуіл-Қазалы, Сексеуіл-Қоскөл-Қазалы аралығында жүк тасымалын ұйымдастырып, Сексеуіл мен Шалқар, Қоскөл, Қазалы, Илецк аралығында жолаушылар тасымалын да жүргізіп келе жатқан депоның табысты еңбек етуінде бүкіл ұжымның еңбегі ерекше. 135 машинист, 136 машинист көмекшісі, 13 басшылық қызметтегі қызметкерлер мен 102 техникалық жұмыстар жөніндегі инженерлердің тынымсыз тірлігінің нәтижесінде депоның ауқымы кеңейіп келеді. Мұнда тіпті өмірін темір жолмен байланыстырып, 40 жылдан аса қызмет жасаған жандар да көп. Ауысым кезекшісі С.Наурызбаев, ауысым жасақшысы М.Манашева, ауысым жөндеушісі Т.Сарыбаев, жетекші инженер-технолог Р.Азимов ұзақ жылдар бойы адал еңбегімен ұжымға сыйлы болса, машинистер Б.Сүйеуов, А.Ахметов, Е.Есеркепов, С.Әнесов, М.Байқадамов, машинист көмекшілері С.Досмамбетов, Ә.Ертілесов, Ә.Бозымов, Б.Қаратабанов, Қ.Еңсеповтің біліктілігіне талас жоқ. Жуырда ғана депо бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған Бауыржан Тұрмантаевтың да жас та болса қызметтегі табысы көпшілікке мәлім.
Қазіргі уақытта Ақтөбе оқу орталығының біліктілігін арттыру курсы арқылы 18 тепловоз машинисінің көмекшісі оқып жатыр. Бұл да жұмыс ауқымының көкжиегі кеңейетініне тағы бір дәлел.
***
Сонымен қатар 2012 жылдың басында жұмыс бастаған "ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері" ЖШС-ның Сексеуіл станциясы бойынша аймақтық бөлімшесінің жұмысымен де жақын танысуға мүмкіндік алдық. Осы бөлімшенің басшысы Бауыржан Аяғановпен тілдескенімізде:
– Бүгінде 4 қызметкер жұмыс жасап жатыр. Негізгі мақсатымыз жолаушылар қатынасын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта "ҚТЖ жүк тасымалы" ЖШС-дан ТЭ33А сериялы 11 локомотивті жалға алып отырмыз. Одан бөлек, өз балансымызда 16 ТЭП33А сериялы 16 тепловоз бар. Осы 27 тепловоз арқылы 4 бағытта жолаушыларды тасымалдауды жүргізіп келеміз. Нақтырақ айтар болсақ, Сексеуіл мен Арыс, Ақтөбе, Атырау, Маңғышлақ аралығындағы жолаушылар пойызын тасымалдаймыз. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын ұлғайту да жоспарымыз да бар. Бірақ ол уақыт еншісінде, – дейді.
Міне, кентке сапар, теміржолшылармен жүздесу осылай өтті. Ең қауіпсіз қатынас құралы саналатын шойынжолшыларға табысты еңбек тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

06 тамыз 2022 ж. 404 0