Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шойын жолдың шежірелі тарихы

Шойын жолдың шежірелі тарихы

Биыл – Сыр өңірінің экономикасына қан жүгіртіп, алысты жақындатып, барыс-келісті жеңілдеткен теміржолдың құрылғанына 120 жыл. Шойын жолдың шежірелі тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер Қызылорда локомотив депосының музейінде сақтаулы тұр.
Музей 1976 жылы депоның 70 жылдығы қарсаңында ашылып, кейін күрделі жөндеуден өтті. Кіреберісінде екі географиялық карта ілінген. Оның бірінде қазақ жерінде әлі теміржол салынбаған XIX ғасырдағы, ал екіншісінде теміржол салынған XX ғасырдағы көрініс бейнеленген.
– 1900 жылы Ташкент пен Орынбор аралығында теміржол салу мәселесі қозғалып, осы жылдың күзінде құрылыс басталды. 1901 жылдың 26 сәуірінде Ресей патша үкіметінің мемлекеттік кеңесі алдын ала бекітілген екі бағыт бойынша, яғни шығыста Орск-Торғай, батыста Илецк-Ақтөбе-Шалқар-Қазалы-Қызылорда арқылы теміржол салына бастады. 1904 жылы 1 қаңтарда Орынбор-Қазалы бөлігі аяқталса, 1905 жылы 5 қаңтарда Ташкент-Қазалы аралығында жолаушылар мен жүк пойыздары үздіксіз қатынай бастады. 1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы Василий Алексеевич Перовский Сыр бойы қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерімен Ақмешіт бекінісіне басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Санкт-Петербург мұрағатынан алынған анықтамаға сүйенсек, Перовск паровоз депосы 1906 жылы 1 қаңтарда толық пайдалануға берілген. Бұл жерден облыс стансаларындағы теміржол вокзалдары мен деполарының құрылысы туралы дерекке қанығуға болады. Келушілер сондай-ақ 1917 жылы азамат соғысының басталуына байланысты қауіп-қатердің алдын алу мақсатында құрылған Қызыл гвардия партизан жасағы туралы ақпаратпен таныса алады. Құрамында 76 депо жұмысшысы мен коммунист бар жасақ машинист көмекшісі Ни­колай Федорович Селиверстовтың басшылы­ғымен сол кездері «Атбасар» станциясынан Пе­ровск қаласының тұрғындарына азық-түлік, нан жеткізген. Қызылгвардия­шылар командирі «Қандыағаш »стан­­циясында ерлікпен қаза тап­ты. Тағы бір экспозиция екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезінде еселі ең­бектің үлгісін көрсеткен паровозшыларға ар­налды. Соғыс басталған алғашқы уақытта депо жұмыс­шыларының жартысына жуығы майданға аттанған. Теміржолшылардың бейбіт өмірдегі еңбегі мен ерлігі, қыруар жетістігі де төрімізде тұр, – деді му­зей қызметкері Үміт Бекқожаева.
Музейдің негізін машинист-нұсқаушы Я.Ко­зу­лин қалап, оның жұмысын ұйымдастыруға депо бастығы А.Оспанов, бөлімше бастығы О.Жанәділов, Ж.Хамидов, кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Ті­леу­ғабылов атсалысты.
– Мұнда теміржолда әр жылдары қолданылған қолшамдарды, машинистер құрал-сайманы мен құжатын салып жүретін жолсапар сөмкелерін, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін қолданылған теле­фондарды, өткен ғасырдың басында және 60-жыл­дары шығарылған рельс түрлерін, бокс табанын кезіктіруге болады. 8 жұмысшы паровозды орнынан қозғалту үшін осындай 4 бокс табанын пайдаланған. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында паровоз паркі, теміржол жөндеу жұмысы қарқын алды. 1960 жылы тепловоз тұратын екі секциялы цех салынды. Дайындау цехының жанынан жанармай аппаратураларын, автотежегіш қондырғыларын, электр аппаратураларын жөндеп, қалпына келтіретін бөлімдер, құрал-сайман цехы қайтадан жасақталды. Қазақтан шыққан тұңғыш паровоз машинисі Ермахан Нұрбаевтың осы депода еңбек еткені – біз үшін мақтаныш. Ғасырлық та­рихында депо жол қатынасы министрлігі мен те­міржол кәсіподағы орталық комитетінің ауыспалы «Қызыл туын» иеленген. 1904 жылдан бері қолда­ныста болған паровоз, тепловоздардың макеті өткен күнді көз алдымызға әкеледі, – деді музей қыз­меткері.
2005 жылы Қызылорда локомотив депосы ға­сырлық тойын атап өтті. Мерейтой қарсаңында де­по ауласында биік тұғырда паровоз ескерткіші бой көтерді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
Фото: qarmaqshy-tany.kz

02 тамыз 2026 ж. 39 0