Салмақты салаға серпін берген
– Балаңның сөз саптауы ерекше екен, мұндай қасиет қайдан дарыған? – деп әкесі Келдібек биден сұрапты.
Сонда Келдібек:
– Балама мен тек адалдық пен әділдікті үйреттім. Шешендік – Алланың сыйы, ал оны дұрыс жолға салатын – тәрбие, – деген екен.
Бұл оқиға тектілік тек табиғи қабілет емес, әке тәрбиесімен ұштасқанда ғана кемелденетінін көрсетеді.
Расында адамның адам болуы әуелі тектіліктен, одан кейін тәрбиеден екеніне көз жеткізуге болатынын көз көріп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы сөзімізге анық дәлел болады.
Иә, мемлекеттік қызметтің ыстығы мен суығына қатар төзіп келе жатқан Махмут Марат соғыс ардагерінің немересі. Атасы Бұрхан төртжылдық мектепті бітірген соң, 1933 жылы алғаш рет Арал аудандық өнеркәсіп комбинатына наубайшының шәкірті болып жұмысқа орналасады. Сол жерде 1935 жылға дейін жұмыс істеп, кейін шебердің көмекшісі қызметінен дүкенге сатушы болып ауысқан. 1939 жылы экспедитор, 1940 жылы қайтадан сатушы болған. 1940 жылы өз өтінішіммен жұмыстан шыққаннан кейін Горпищсоюзда қойма меңгерушісі болады. Кейін наубайхана тапсырылуына байланысты Горпищсоюздан аудандық өнеркәсіп комбинатына қоймашы болып ауысқан.
Осында еңбек етіп жүріп 1941 жылдың 2 шілдесінде Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға аттанған. Қиын қыстау кезеңді бастан кешірген ол соғыс даласында қолдан, аяқтан жарақаттанып, елге оралады.
Майданнан оралған соң 1944 жылдың 25 мамырынан 1946 жылдың наурызына дейін наубайхана меңгерушісі, кейін жабдықтау бөлімінің экспедиторы, 1946 жылдың 2 қыркүйегінде аудандық партия комитетінің қарауына ауысты. 1946 жылдың 29 тамызынан бастап облыстық сауда бөлімшесінде қоғамдық тамақтандыру директоры болған. 1947 жылдың 19 наурызынан бастап балықшаруашылығының директоры, 1947 жылдың 15 сәуірінен бастап 1948 жылдың 16 маусымына дейін тұтынушылар қоғамында материалдық қойма меңгерушісі, кейін аудандық комитет қарауына ауысып, абыройлы қызмет атқарды.
1948 жылдың 18 шілдесінен 1949 жылдың 5 маусымына дейін аңшылық ұйымының директоры, 1949 жылдың 5 маусымынан бастап Арал аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының ауылшаруашылық өнімдерін дайындау бойынша орынбасары ретінде басшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған.
Қоғамдық мәселелер де ұдайы араласып, 1936 жылдан бастап ВЛКЖО мүшесі, 1940 жылы партияға кандидат, 1943 жылдан бастап партия мүшесі болғаны соның дәлелі.
Әжесі Күлмаш та ғасырдан ұзақ ғұмыр кешкен тек әулеттің ғана емес, ауданның әз анасына айналды.
Ал әкесі Марат Жүрсінбаевтың дүниеге келуінің өзі аянмен болған. Бала тұрақтамаған соң әулиелердің басына барып, дұға тілеп, Арыстан бабтың басында аян берген көрінеді.
Елге қызмет етіп жүрген Махмуттың әкесі «Арал» балық инспекциясы бөлімшесінде инспектор болса, анасы, белгілі ұстаз – Қалия ұзақ жыл №2 облыстық арнаулы мектеп-интернатында директор қызметін атқарып, зейнетке шыққанша ұл-қыздарына адал еңбектің қандай абыройға кенелтетінін көрсетті. "Абай Құнанбайұлы әділдік пен ел басқарудың қыр-сырын әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қасында жүріп үйреніп, "Адамның адамшылығы – жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады" деуі де жоғарыдағы сөздерімізге салмақ қоса түспек.
Ал Махмут Алматыдан жоғары білім алып, еңбек жолын «Әскерилендірілген теміржол күзеті» Қазалы филиалында бастады. Үш жыл осы жерде қызмет жасаған соң мемлекеттік қызметке ауысты. Әуелі сол уақытта аудандық ішкі саясат бөлімі деп аталатын мемлекеттік мекемеге жетекші маман болып қабылданса, бір жылдан соң бас маман болып тағайындалды. Бұл қызметте 5 жыл жүріп, тіршілігі тынымсыз бөлімде мемлекеттік қызметке әбден машықтанып, 2015 жылы басшылықтың ұсынысымен Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары міндетін мүлтіксіз атқарып, 2017 жылдан бері қарай аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы болып келеді.
Иә, қай салада болмасын абыройға бөленген Махмуттың бір ғана өкініші бар. Ол жайында облыстық "Сыр бойы" газетіндегі әріптесіміз Ержан Қожастың "Әкемнің аманат сөзі – "Ешкімнің ала жібін аттама" мақаласында айтып өткен. Осы мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай:
– Мен әкемнен ерте айырылдым. Өкінішке қарай, менің азамат болып ер жеткенімді, шаңырақ көтеріп, отбасы құрғанымды көре алмады. Қызмет бабында жүріп қайтыс болды. Балықшыларды құтқарып, артынша сол мұз жарылып, өзінің де дәм-тұзы таусылды. Бірақ мен әрдайым әкеммен мақтанамын. Бүгінгі жеткен жетістіктерімнің, өмірлік ұстанымдарымның артында оның тәрбиесі мен ақылы жатыр. Әкемнің маған аманат етіп қалдырған бір сөзі бар. «Ешкімнің ала жібін аттама». Бір ғана сөз менің өмірлік темірқазығыма айналды. Қай ортада жүрсем де, қандай қызмет атқарсам да, сол өсиетті жүрегімде сақтап келемін. Өйткені, адалдық – адамды биікке бастайтын ең асыл қасиет. Қызметте жүріп, өзімді салаға әбден пісірген ағалар еңбегі де мол. Марқұм Көлбай Данабай, қазір осы саладағы Әділхан Алданов, Мұхтар Оразбаев сынды ағалардың тәрбиесі мен кеңесі мемлекеттік қызметте шыңдалуға да үлкен жол ашқандай, – дейді кейіпкеріміз.
Махмут басшылық жасап отырған бөлімнің жауапкершілігі қаншалықты ауыр екенін жақсы білеміз. Ауданның ішкі ахуалы, идеологиялық үгіт-насихат, діни ахуал, төтенше жағдай, мәдени шаралар, тазалық пен жастар саясаты сынды қыруар жұмысты жүйелендіріп отырған азаматтың басты қаруы әке ақылы болса, өзі айтқандай жылдар бойы жиналған тәжірибе де өрге бастырып отырғанын анық аңғарамыз. Абыройды алдыға қойған осындай азаматтарының арқасында ауданның көрсеткіші де алдыға озары сөзсіз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ











