Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі абзал жан

Еңбегі елеулі абзал жан

Білім мен біліктілік, адалдық пен еңбек бұл әрбір ақ халатты абзал жанның бойында болатын қасиеттер. Дегенмен бұл қасиеттердің барлығынан бұрын ең негізгі қажеті – шыдамдылық. Иә, кез келген адам дәрігер бола алмасы белгілі. Бұл салаға жүрек қалауымен келген маман ғана адал болары анық. Денсаулық саласы да өз ішінде түрлі маман иелеріне бөлінетіні белгілі. Мәселен, бірі науқастың жүрек қағысы мен бойындағы белгілі бір ауру түрінен айықтыратын болса, енді бірі нәрестеге жаңа өмір сыйлауға көмек көрсетеді. Міне, бүгінгі кейіпкеріміз де 43 жыл бойы ана мен балаға жаңа өмір сыйлаған – Қанымша Кульбаева болады. 1954 жылы айдынды Арал өлкесінде дүниеге келіп, алғаш №14 мектептен түлеп ұшады. Кейін мектеп қабырғасынан бергі арманын алға тартып, Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық институтқа түседі. 1979 жылы атаулы оқу орнын акушер-гинеколог мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Арал қаласындағы перзентханадан бастайды. Бүгінде зейнет жасындағы Қанымша Нағыметқызы аудандық ауруханада өз қызметін жалғастырып келеді.
–Денсаулық саласына деген қызығушылығым мектеп кезден басталды. Алғаш мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезімде адам баласының ішкі құрылысы мен денсаулығы қызықтыратын еді. Кейін бұл сала бойынша қызығушылығым артып, дәрігер боламын деп алдыма үлкен мақсат қойдым. Сонымен ең алғаш аудандық перзентханада акушер-гинеколог маманы ретінде бастаған болатынмын. Уақыт өте мамандығым бойынша біліктілігімді жетілдіре келе, перзентхананың бас дәрігері, бас дәрігердің орынбасары, меңгеруші қызметтерінде болдым. Осы жылдан бастап жас маман даярлап, өз қалауыммен орнымды бердім. Енді, міне, бүгінгі күні осы перзентхананың акушер-гинекологы болып қызмет етемін. Иә, перзентхана болғаннан кейін мұнда қаралушы аяғы ауыр келіншектер толассыз келіп, кетіп жатады. Келген қыз-келіншектердің қуанышын бөлісіп, қиындығын қайыспай көтеретін бізге күн сайын түрлі тағдыр иелері жолығады. Бұл мамандықтың қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді емес пе?! Дегенмен өмірге жаңа нәресте әкелу барысында айтарлықтай қиындықтар да туындап жатады. Хал үстіндегі ана мен бала өмірін аман алып қалу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні белгілі. Мұнда әр минут, тіпті секундтардың өзі санаулы. Осы тұста соңғы басымнан өткізген жағдай есіме түсіп отыр. Бірде осы жылғы қыркүйек айында Астана қаласына жолға шықпақ болып, пойызға отырдым. Пойызға мінбес бұрын темір жол бекетінен аяғы ауыр келіншек пен қасындағы жолдасын көзім шалды. Сөйтіп жол үстінде келе жатсам, жолсерік келіп «сізді 2 сағат іздеп келемін. Мұнда сіздің көмегіңіз керек болып жатыр» деді асығыс үнмен. Жағдай барысын бірден түсініп, заттарымды жинастырып, оқиға орнына дереу бардым. Сөйтсем жаңағы темір жол бекетінде көрген аяғы ауыр келіншек босанғалы жатыр екен. Осылайша дереу түрде жұмысты бастап, жол үстінде бір сәбиге жаңа өмір сыйладым. Міне, біздің салада уақытқа да, оқиға орнына да қарамайды. Осындай сынды жағдайлармен көп кездестім. Бүгінде осы саланы таңдап, ізімізден ерген жас мамандар жетерлік. Олардың біліктілігі мен білімділігіне қарап бір қуанамын. Дегенмен жас мамандар әлі де тәжірибе жинап, бұл салаға жаңашылдық енгізу қажет,– дейді Қанымша Кульбаева.
Расымен де адамға жаңа өмір сыйлаудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оны өз мойнына алып, жауапкершілікті сезінудің өзіне адамға алдымен ержүректілік пен өзіне деген сенімділік қажет-ақ.
–Бұл саланың қиындығы – ана мен нәресте өмірі сенің қолыңда болуы. Екі адамның өміріне бірдей жауапкершілік таныту оңай нәрсе емес. Ал қуанышы – жас ананың сәбилі болуы. Тіпті кей кездері ұзақ уақыт бойы баласыз жүрген отбасылардың сәбилі болғандағы қуанышының өзіне септігіңді тигізу дәрігер үшін өте ерекше сезім,– дейді Қанымша апай ерекше қуанышпен.
Қазіргі уақытта жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп, 8 немереге әже болып отыр. Елеулі еңбегімен көпке танылған Қанымша апайдың еңбек жолын әрбір адам баласы бағалары сөзсіз. Ауданға еңбегі сіңген осындай мамандарға ел алғысы да шексіз. Алдағы уақытта Қанымша Кульбаеваға сәттілік пен қажымас еңбек тілейміз.
А. НҰРЛАНОВА
01 қазан 2022 ж. 465 0