Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан медицинасына өлшеусіз үлес қосқан жан

Аудан медицинасына өлшеусіз үлес қосқан жан

Жыл сайын маусымның үшінші  жексенбісі  елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі  болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш- жігерін салатын, әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап,  дертіне дауа тауып, әрқашан қөмек қолын созуға  дайын  ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяққа тұруын басты  назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбегі ерен.
Бүгінгі  біздің кейіпкеріміз – Арал ауданаралық аурухананың перзентхана бөлімінің  алғашқы УДЗ дәрігері, аудан медицинасының дамуына 50 жыл сүбелі  үлес қосып келе жатқан ардагер-дәрігер Алдақияр Махамбетжанов.
Ардагер-дәрігер 1948 жылы 18 желтоқсанда Арал ауданы  Жанақұрылыс елді мекеніндегі Беларық ауылында дүниеге келген.1955 жылы  Ақбөгет 8 жылдық мектебін бітіріп, кейін  9-11 сыныпты Сольтрест елді мекенінде тәмамдаған. Алдақияр  ағай мектеп қабырғасынан бастап-ақ медицина саласына қызығып, сол кездері шығатын «Мәдениет және тұрмыс»,«Қазақстан әйелдері» журналдарынан медицинаға  байланысты мақалаларды, медицина анықтамалықтарын оқығанды ұнатқан. Сол қызығушылығы арманға ұласып дәрігер мамандығын таңдауға себепкер болып,  1966 жылы Қырғызстан мемлекеті Фрунзе қаласындағы (қазіргі Бішкек)  медицина институтына хирург-травматолог мамандығына түсіп, оқу орнын 1972 жылы  бітіріп шығады. Интернатурадан Бішкекте өтіп, кейін еңбек жолын бөлу бойынша, осы Қырғызстан мемлекетінің  Нарын қаласының  ауруханасында хирург-травматолог мамандығы бойынша  бастап, 6 айдан кейін әскерге шақырту алып,  Шығыс шекаралық округте  әскери дәрігер болып 1975 жылы әскери борышын өтеп қайтады.
1975 жылы Аралға келгенде  хирург-травматолог мамандығы бойынша жұмыс орны болмай,  перзентханаға жіберілген, сөйтіп акушер-гинеколог мамандығымен жұмыс жасайды. "Еңбек жолын ауруханада бастаған жылдары үлгі тұтатын, тәжірибелерімен бөліскен ұлағатты ұстаздарым да болды. Олар: Болат Әлсейітов, Валеньтина Евгеньевна Пак, Геннадий Трофимович Ким, Махмуд Бекетов сынды білікті дәрігерлер", – дейді дәрігер.
– Кеңес үкіметінің кезінде елді мекендерде жедел жәрдем көлігі жоқ болатын. Жалғыз жедел жәрдем көлігі және санавиациясы осы Арал аудандық ауруханасында болатын. Ауданның елді мекендеріне жедел жәрдем көмегі шақырылған жағдайда  күн-түн демей дәрігерлер  бүкіл қажетті аппараттарын тиеп алып қатынап, ауыр халдегі науқастарды алып келе алмайтын жағдайларда сол жерлерде команда болып мәжбүрлі шұғыл ота жасаған күндеріміз де болған, ондай жағдай 14 рет болды.  Ал ол кезде аудан бойынша жалғыз анестезиолог  Махмуд Бекетов пен дәрігерлер Н.Ташканова, А.Ильясова, Қ.Көлбаева, Ф.Мыңғышпанова болды,– деп еске алды дәрігер.
Алдақияр ағай әжірибесімен бөлісіп отыратын. Сол жылдары ауданымызда ауыз судың таза болмағандығынан жазғы мезгілде  балалар арасында іш аурулары, диарея көп болатын. Сол себепті жан сақтау бөлімшесін ашуды бас дәрігерге ұсынды. Алайда түрлі мәселелерге, мекеменің қаражатына байланысты бұл ұсыныс қолдау таппады. Кейін 6 жылдан соң осы ұсыныс қабылданып, іске асқан болатын. Сөйтіп 1986 жылы көне хирургия ғимаратында алғашқы жан сақтау бөлімшесінің ашылуына үлесін қосқан. Балалардың тамырын табу қиын болғандықтан кебеже сүйек асты көк тамырына катетер өткізуді де ауданға  енгізген. Кейін  Алдақияр ағай Алматыға  Қазақ мемлекеттік Ананы қорғау институтының профессоры Каюпова Нина Амировнаның кафедрасында Қазақстанның ультрадыбыстық диагностиканың негізін қалаушысы Сәдуақас Үмбетәліұлымен кездесіп, УДЗ аппаратын көрген болатын. Сол кезде осы "УДЗ аппараты біздің ауданға да  керек" –деді
Көп ұзамай 1989 жылы Арал ауданына бірінші УДЗ аппараты келді. Алматы қаласынан 1989  жылдың аяғына дейін осы сала бойынша оқып келеді.
1990 жылы 16 ақпанда ескі перзентхана ғимаратында  алғашқы науқасты УДЗ аппаратымен түсірген. Ол науқас – мектеп оқушысы болатын, ішінде 3 литрдей су жиналған киста болған. Тексерістен кейін ота жасалып, киста алынып, құлан-таза айығып  кетті. Содан бері осы УДЗ аппараты диагнозды нақты қоюға көп көмегін тигізіп келеді. Ал бұл саланы біздің ауданымызда алғаш болып енгізген, зор үлесін қосқан білікті де білімді маман Алдақияр Махамбетжановтың қазіргі уақытта шәкірттері де аз емес. Олар Зәмзагүл Бекарыстанова, Айнұр Садуақасова, Қуаныш Жанаева секілді  білікті мамандар.
Бүгінгі таңда  50 жылдан астам  аянбай еңбек етіп келе жатқан ардагер-дәрігердің марапаттары да аз емес, соның ішінде  2018 жылы «Еңбек ардагері», «Халық емшісі» орталығының төсбелгілерімен  марапатталған.
"Осы медицина саласында қызмет жасап жатқан жас әріптестеріме ізденімпаздық, еңбекқорлық, шыдамдылық  және сәттілік тілеймін", – деп сөзін аяқтады ардагер.
Ал біз ардагер-дәрігеріміз Алдақияр Махамбетжановтың еңбегіне жеміс, деніне саулық, қажымас қайрат  тілейміз.

А. ЖҰМАҒҰЛОВА
25 маусым 2022 ж. 563 0