Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан медицинасына өлшеусіз үлес қоскан жан

Аудан медицинасына өлшеусіз үлес қоскан жан

Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш- жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жаның ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан қөмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Арал ауданаралық аурухана перзентханасының алғашқы УДЗ дәрігері, аудан медицинасының дамуына 50 жыл сүбелі үлес қосып келе жатқан ардагер-дәрігер Махамбетжанов Алдахияр.
Ардагер-дәрігер1948 жылы 18 желтоқсан күні Арал ауданы Жанақұрылыс елді мекеніндегі Беларық ауылында дүниеге келген.1955 жылы Ақбөгет орта мектебін 8 жылдық бітіріп, кейін 9-11 сыныпты Сольтрест елді мекеніңде тәмамдаған. Алдахияр ағай мектеп қабырғасынан бастап-ақ медицина саласына қызығып, сол кездері шығатын «Мәдениет және тұрмыс»,«Қазақстан әйелдері» журналдарынан медицинаға байланысты мақалаларды, медицина анықтамалықтарын оқығанды ұнатқан. Сол қызығушылығы арманға ұласып дәрігер мамандығын таңдауға себепкер болып, 1966 жылы Қырғызстан мемлекетіФрунзе қаласы қазіргі (Бішкек) медицина институтына хирург – травматолог мамандығына түсіп, оқу орның 1972 жылы бітіріп шығады. Интернатурасын Бішкекте өтіп, кейін еңбек жолын бөлу бойынша, осы Қырғызстан мемлекетінің Нарын қаласының ауруханасында хирург-травматолог мамандығы бойынша бастап, 6 айдан кейін әскерге шақырту алып, Шығыс шекаралық округте әскери дәрігер болып 1975 жылы әскери борышын өтеп қайтады.
1975 жылы Аралға келгенде хирург-травматолог мамандығы бойынша жұмыс орны болмай, перзентханаға жіберілген, сөйтіп акушер- гинеколог мамандығымен жұмыс жасайды. "Еңбек жолын ауруханада бастаған жылдары ұлгі тұтатын, тәжірбиелерімен бөліскен ұлағатты ұстаздарымда болды", – дейді дәрігер. Олар Әлсейітов Болат Әлсейітұлы, Валеньтина Евгеньевна Пак, Геннадий Трафимович Ким, Махмуд Бекетов атты білікті дәрігерлер.
– Кеңес үкіметінің кезінде елді мекендерде жедел жәрдем көлігі жоқ болатын. Жалғыз жедел жәрдем көлігі және санавиациясы осы Арал аудандық ауруханада болатын. Ауданның елді мекендеріне жедел жәрдем көмегі шақырылған жағдайда күн-түндемей дәрігерлер бүкіл қажетті аппараттарын тиеп алып қатынап, ауыр халдегі науқастарды алып келе алмайтын жағдайларда сол жерлерде команда болып мәжбүрлі шұғыл ота жасаған күндерімізде болған,ондай жағдай 14 рет болды ал ол кезде аудан бойынша жалғыз анестезиолог Бекетов Махмуд, дәрігерлер: Н.Ташканова, А. Ильясова, Х.Көлбаева, Ф.Мынғышпанова,– деп еске алды дәрігер.
Алдахияр ағай білім алып жүрген жерлерінен алған тәжірибелерімен бөлісіп отыратын.Сол жылдары ауданымызда ауыз судың таза болмағандығынан жазғы мезгілде балалар арасында іш аурулары, диарея,көп болатын. Сол себепті жан сақтау бөлімшесін ашуды бас дәрігерге ұсынған болатын. Алайда түрлі мәселелерге, мекеменің қаражатына байланысты бұл ұсыныс бастау алмады. Кейін 6 жылдан соң осы ұсыныс қабылданып,іске асқан болатын. Сөйтіп 1986 жылы көне хирургия ғимаратында алғашқы жан сақтау бөлімшесінің ашылуына үлесін қосқан.Балалардың тамырын табу қиын болғандықтан кебеже сүйек асты көк тамырына катетер өткізудіде ауданға еңгізген. Кейін Алдахияр ағай Алматыға Қазақ Мемлекеттік ананы қорғау институтының профессор Каюпова Нина Амировнаның кафедрасында Қазақстанның ультрадыбыстық диагностиканың негізін қалаушысы Сәдуақас Үмбетәліұлымен кездесіп, УДЗ аппаратын көрген болатын.Сол кезде осы "УДЗ аппараты біздің ауданғада керек", –деп айтқан болатын ардагер-дәрігер.
Көп ұзамай 1989 жылы Арал ауданына бірінші УДЗ аппараты келді. Алматы қаласынан 1989 жылдың аяғына дейін осы сала бойынша оқып келеді.
1990 жылы 16 ақпан айында ескі перзентхана ғимаратында алғашқы науқасты УДЗ аппаратымен түсірген.Ол науқас – мектеп оқушысы болатын, ішінде 3-4 литр киста болған. Тексерістен кейін ота жасалып, киста алынып, құлан-таза айығып кетті. Содан бері осы УДЗ аппараты диагнозды нақты қоюға көп көмегін тигізіп келеді. Ал бұл саланы біздің ауданымызда алғаш болып еңгізген, зор үлесін қосқан білікті, білімді маман Махамбетжанов Алдахиярдың қазіргі уақытта шәкірттеріде аз емес. Олар Зәмзагүл Бекарыстанова, Айнұр Садуақасова, Қуаныш Жанаева секілді білікті мамандар.
Бүгінгі таңда 50 жылдан астам аянбай еңбек етіп келе жатқан ардагер-дәрігердің марапаттарыда аз емес, соның ішінде 2018 жылы «Еңбек ардагері», «Халық емшісі» орталығының төсбелгілерімен марапатталған.
"Осы медицина саласында қызмет жасап жатқан жас әріптестеріме ізденімпаздық, еңбекқорлық, шыдамдылық және сәттілік тілеймін", – деп сөзін аяқтады ардагер.
Ал біз ардагер-дәрігеріміздің еңбегіне жеміс, деніне саулық, қажымас қайрат тілейміз.

А. ЖҰМАҒҰЛОВА
20 маусым 2022 ж. 360 0