Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көптің есіндегі Күлдәрі

Көптің есіндегі Күлдәрі

Осынау медицина қызметкерлерінің күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз қажет.
         Осы мереке күні қарсаңында Алматы қаласының тұрғыны, медицина саласының ардагері, жерлесіміз Лақият Төлепергеновадан редакцияға хат келді. Онда марқұм дәрігер Күлдәрі Төлепбергенова туралы еске алып, оның жемісті еңбегін атап өткен екен. Сол хат мәтінін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ауданның медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбастарына  аманшылық тілеймін!
Осы атаулы күнді пайдаланып ерекше білікті дәрігер туралы айтып өткім келді. Ол – менің сүйікті дәрігерім Күлдәрі Төлепбергенова. Мен 1978 жылы жаз айында перзентханада инеден жұққан сары ауруға шалдықтым. Кейін мені дәрігер К.Төлепбергенова есепке алып, хал-жағдайымды тексеріп отырды.  Егер шаршап қалсам, ем-дом шараларын жасайтын. Келе-келе біраз тәуір болып, ауруымнан құлан-таза айықтым. Бауырым да қалыпқа келді. Ол кезде Күлдәрі Төлепбергенова ауданның инфекционист дәрігері болатын, яғни жұқпалы аурулар ем алатын аурухана бөлімшесінің бас дәрігері, меңгерушісі еді. Сонымен бірге аурухананың партия комитетінің хатшысы болды. Қоғамдық жұмысқа қатысып, белсенділік танытып та жүретін. Ол өз ісінің білікті де білімді маманы болып, дәрігерлік шеберлігін үздіксіз шыңдап, әр науқастың дертіне дауа, шипа болуды мақсат етіп, үнемі ізденісте жүретін, қысылған адамға бар қызметін жасап, жылы сөзімен, ақжарқын адал көңілімен сырқаттың жайын таба білетін жан еді. Осы қызметімен қатар отбасы тірлігі, төрт баланың жағдайы тағы бар. Әрине әйел адамға осыншама тірлікті алып жүру оңай емес. Соның бәріне үлгеру тек қайратты, сабырлы жанға ғана тән қасиет.
Тіл-көз бе, әлде тағдырдың жазуы ма, бір күні бақытсыз жағдайға тап болып, жарақат алды. Сол жарақаттан айыға алмай 1984 жылы 14 тамызда бұл фәнимен мәңгілікке қош айтысты. Алды жарық, жаны жәннаттан болсын деймін. Артында қалған балалары Нұрхан, Нұрлыбек, Мейрамбек, Жаңабек, немере-шөберелері аман болсын. Осындай Күлдәрідей адал жар, аяулы ана, білікті дәрігер әрі басшы көп болса, әлем таза және ауру аз болар еді деп ойлаймын. Сүйікті әріптесім әрі емші дәрігерім Күлдәрі Төлепбергенованың ізіне ерген ізбасарлары осы тұлғаны үлгі етіп, оның жасаған игі істерін жалғастырса деген тілегім бар.
Күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз жұмысқа жегіліп, науқастың емін табуға бар білім-білігін, күш-жігерін салып жатқан дəрігерлер қауымына қашанда ел алғысы шексіз.

К. МАХСҰТ
19 маусым 2021 ж. 475 0