Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің мерекелік құттықтауы

Құрметті медицина қызметкерлері!
Қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әлемде қанша мамандық болса да әрбірінің адам баласы үшін өзіндік маңызы зор. Дегенмен, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың орны бір төбе екендігі даусыз. Себебі, дәрігер мамандығы ешқашан ескірмейтін, тіптен, жер бетінен жойылмайтын ізгі мамандық.

Бұл мерекені сіздердің ерен еңбектеріңіздің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр.
«Бірінші байлық – денсаулық» десек, біздің әрқайсымыз өзіміздің, жақын туғандарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ екенін жақсы түсінеміз. Ал, осы баға жетпес құндылықты сақтап қалу жауапкершілігі Сіздерге жүктеледі. Сондықтан, сіздердің еңбектеріңізді бағалау сіздерге деген зор құрметімізді көрсетеді.

Денсаулық сыр беріп, жанымыз қысылғанда емін беріп, мейірімін төгетін медицина мамандарының қауымына дәл қазіргі шақта халқымыз одан сайын зəру болып отыр. Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүр. Соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дəрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тəнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары»,- деп қысылтаяң кезеңде алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген дəрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қуатты қолдау көрсетіп, зор сенім артқан болатын.

Өздеріңізге мәлім, халықтың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында қолдан келер мүмкіндіктер жасалуда.

Құрметті медицина қызметкерлері!
Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз!

Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін.

Салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов 
18 маусым 2021 ж. 792 0