Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халаттылар абырой төрінде

Ақ халаттылар абырой төрінде

"Бірінші байлық – денсаулық" деген тәмсіл бар. Расында адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір жанның дертіне ем іздеп, жанына тыныштық сыйлайтын алдымен дәрігерлер. Адам жанының сақшысына айналған ақ халаттыларға құрмет ретінде маусым айының үшінші жексенбісі сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген.

Міне, осыған орай аудандық мәдениет үйінде "Жанымның шипагері – дәрігерлер" атты салтанатты шара өтіп, аудандағы сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Абзал жандардың абыройын асқақ етіп, қоғамдағы беделін айқын көрсететін әсем әуенмен және аудандағы дәрігерлердің әріптестерін құттықтауынан құрастырылған бейнебаян арқылы басталған шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов:
– Адам еңбегі жоғары бағаланатын біздің қоғамда қай мамандықтың да қадірі бар. Соның ішінде, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Бүгінде аудан халқының денсаулығын сақтау жолында емдеу және алдын алу мекемелерінде өзі таңдаған кәсібіне, күш-жігерін, білімін, тәжірибесін арнаған 140 дәрігер, 690 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасап келеді. Халық денсаулығын сақтаудағы ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге айтар алғысымыз шексіз! Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін. Салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы қызметтеріңіз еленіп, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер, – деп ізгі лебізін білдіріп, құттықтау сөзін арнады.
Мерекелік құттықтаудан соң бар ғұмырын осы салаға арнаған Арал ауданаралық ауруханасының хирург дәрігері Әмірхан Жүсіповке аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталса, аянбай тер төгіп жүрген өзге де медицина қызметкерлеріне аудан әкімінің құттықтауы табысталды. Салтанатты кеш одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

17 маусым 2022 ж. 550 0