Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Кеше аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған «Деніңе саулық – дертіңе шипа сыйлаған» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік кеште алдымен Арал ауданаралық аурухана бөлімдерінің жұмыс кезіндегі сәттерінен бейнеролик көрсетіліп, дәрігерлердің мерекелік құттықтаулары көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде:-« Бұл мерекені сіздердің ерен еңбектеріңіздің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр. Қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер осынау сын сағатта уақытпен санаспай жаһанды жайлаған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүр. Соған сəйкес құрмет көрсету – əрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз!
Қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. -деп ізгі тілегін жеткізіп, аудандағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті.

Мерекелік шарада анттарына адалдық танытып, халықтың саулығы үшін алдыңғы шепте жемісті еңбек етіп, қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар ақ халатты абзал жандарға облыс, аудан әкімінің алғыс хаттары мен Республикалық «Сенім»Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы төрағасының Құрмет Грамотасы табысталды.

Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының күмбірлеген күйі тыңдалып, әуезді әндері шырқалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
19 маусым 2021 ж. 628 0