Ұрпағына үлгі болған ұлағат
Қазақта мағынасы терең "бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды" деген тәмсіл бар. Расында баланың бойындағы адамгершілік, ізгілік, адалдық, қамқорлық сияқты барлық қасиет әкеден, атадан беріледі екен. Бірін естіп түсінеміз, бірін көзбен көріп түйсінеміз. Бүгінде менің ұққаным осы болып отыр.
Иә, ол кезде бала болдық. Бірін ұқсақ, бірін ұғына алмайтын едік. Алайда есімізде қалсын, болашағына азық болар деген оймен бар ақылын айтып отырады екен. Есейіп, балалы болған кезде сол айтқан ақылының барлығы санамызда қайта түлеп, келешегімізге бағдар болып отыр.
Менің азамат болып ержетуіме себепші болған, адалдыққа тәрбиелеген жан атам – Бұрхан Жүрсінбаев болатын.
Бұрхан атам жайлы айтпас бұрын өткенге сөз жүгіртіп кеткен жөн болар деймін.
Арғы атамыз Жүрсінбайдан Жекім, Кемал, Сақи, Сағат дейтін төрт бала өмірге келеді. Олардың арасында Кемал мен Сағат соғысқа кетіп, аман қайтпайды. Ұрпақ қалмаған. Ал Жекім қарапайым қара жұмыспен айналысып, мал бағып еңбек етеді. Сол уақыттарда Өзбекстаннан болыс келеді. Бір өзі келмей жанына өзінің балуанын да ерте келіпті. Бірде ол "Менің балуаныммен күресетін кім бар?" деп сұрапты. Белдесуге ешкім шықпайды. Сонда Жекім атамыз мені он күн тамаққа тойдырып, жағдайымды жасасаң күресуге дайынмын дейді. Өзбектен келген болыс айтқанын жасап, жағдайын жасап, белгіленген күн келеді. Атамыз Өзбектің балуанын алып ұрады. Сол кезде болыс "Сені тапқан анаңнан айналайын!" деп риза болып, өзінің Қазалыдағы, Аралдағы дүкендерін тапсырып кетеді. Міне содан кейін балуан Жекім атанып, дәулеттене түседі.
Кейін кәмпескенің уақытында атамыз амалсыз елден қашады. Міне, сол Жекімнен 1914 жылы Бұрхан атам туады. Жақсықылыш ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Төртжылдық мектепті бітірген соң, 1933 жылы алғаш рет Арал аудандық өнеркәсіп комбинатына наубайшының шәкірті болып жұмысқа орналасады. Сол жерде 1935 жылға дейін жұмыс істеп, кейін шебердің көмекшісі қызметінен дүкенге сатушы болып ауысқан. 1939 жылы экспедитор, 1940 жылы қайтадан сатушы болған.
1940 жылы өз өтінішіммен жұмыстан шыққаннан кейін Горпищсоюзда қойма меңгерушісі болады. Кейін наубайхана тапсырылуына байланысты Горпищсоюздан аудандық өнеркәсіп комбинатына қоймашы болып ауысқан.
Осында еңбек етіп жүріп 1941 жылдың 2 шілдесінде Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға аттанған.
Қиын қыстау кезеңді бастан кешірді. Соғыс даласында қолдан, аяқтан жарақаттанған атам елге оралады. Ол жайлы анам Қалия "Сол жарақаты өмірінің соңына дейін қинады. Аяғына кез келген аяқ киім кие алмайтын. Мәскеуден арнайы аяқ киім алдыратын" деп отырады.
Майданнан оралған соң 1944 жылдың 25 мамырынан 1946 жылдың наурызына дейін наубайхана меңгерушісі, кейін жабдықтау бөлімінің экспедиторы, 1946 жылдың 2 қыркүйегінде аудандық партия комитетінің қарауына ауысты. 1946 жылдың 29 тамызынан бастап облыстық сауда бөлімшесінде қоғамдық тамақтандыру директоры болған. 1947 жылдың 19 наурызынан бастап балықшаруашылығының директоры, 1947 жылдың 15 сәуірінен бастап 1948 жылдың 16 маусымына дейін тұтынушылар қоғамында материалдық қойма меңгерушісі, кейін аудандық комитет қарауына ауысып, абыройлы қызмет атқарды.
1948 жылдың 18 шілдесінен 1949 жылдың 5 маусымына дейін аңшылық ұйымының директоры, 1949 жылдың 5 маусымынан бастап Арал аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының ауылшаруашылық өнімдерін дайындау бойынша орынбасары ретінде басшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған.
Қоғамдық мәселелер де ұдайы араласып, 1936 жылдан бастап ВЛКЖО мүшесі, 1940 жылы партияға кандидат, 1943 жылдан бастап партия мүшесі болғаны соның дәлелі.
Бұрхан атам майданға аттанбас бұрын шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Әжеміз Күлмаш бірнеше құрсақ көтергенімен бала тұрақтамай қойыпты. Содан атамыз екеуі әулиелердің басына барып, дұға тілеп, Арыстан бабтың басында аян береді. Міне, осылайша 1954 жылы 22 наурызда әкем Марат Жүрсінбаев дүниеге келген. Әкемнен кейін Талғат, Мақсат есімді екі ұлы мен Мариямкүл және Жекенайды босанып, 3 ұл мен 2 қыздың әкесі болды. Әжеміз ғасыр жасап, ұрпағының қызығына бөленіп, 103 жасында өмірден өтті.
Міне, еңбекпен есейіп, қарапайым қызметтен басшылық баспалдақты адал еңбекпен бағындырып, абыройға ие болған атамыздың өнеге болар өмірдерегі осы. "Жақсы әке – балаға 40 жыл азық" деген осы болар. Әліге дейін ұрпағы үшін мақтаныш болып, аралдықтардың есінен ұмыт болмаған атам нағыз бақытты азамат дер едім.
М.МАРАТ










