Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы тәрбиелеуді өзімізден бастайық

Баланы тәрбиелеуді өзімізден бастайық

«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп ұлы тұлға А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Саналы да білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың парасатты парызы. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы.
Ауыл-аймағыңызда өсіріп отырған кішкентай ғана ұлына: «Менің ұлым есейгенде қанша әйел алады? Ұлымның соңынан қыздардың өздері жүгіретін болады. Кемінде үш әйел алып беремін» деп бөсіп отырған әкелерді көргеніңіз бар шығар. Оңы мен солын айыра қоймаған ұл үшін әкеден артық биік тұлға жоқ. Сондықтан ол әкесі не айтса да ол білгендіктен айтады деп ұғынады. Содан кейін бала да әкесінің үйретуі бойынша «Мен үш әйел аламын. Бірі үй тазалығына қараса, екіншісі тамақ пісіріп, ыдыс жуады, үшіншісі әке-шешеме және маған қарайды, бала туады» дейді.
Мұның әзіл үшін, баланың былдырлаған тілін қызық көріп айтқызатын  да шығар. Алайда әр әзілдің  астарында бір шындық болатыны  белгілі. Сонымен қатар өзінің туған әке-шешесін мойындаудан бас тартқызып, оларға былапыт сөз айтқызып, тікелей есімдерімен атайтын етіп үйрететін ата-әжелердің де бар екендігі жасырын емес. Өзі өмірге әкелген баласынан салқындық көріп, ата-енесінен де бата алмай, күнде көз алдында болса да бауырына баса алмай ішқұса болып жүретін аналардың жағдайын кім ойлайды?!
Мен бұл мәселелер арқылы ауылдас ағамның үйіндегі жағдайды айтқым келді. Сол кісі ұлына тілі шыға бастағаннан бейәдеп сөздерді үйретіп, одан қалса "мен үлкейгенде үш әйел аламын" деген сөзді аузына салып үйретті. Жақсы сөзге де, жаман сөзге де періште "әмин" дейтінін қаперден шығарып алған болар, сол бала есейгенде жағдайы тура өзі айтқандай үш рет үйленді. Шынында да, адамзаттың әр тілегіне періштелер «әмин» дейтін сыңайлы...
Бірін айтып, біріне кеттім-ау деймін. Ауылдасым ғой, жамандыққа қимаймын. Бірақ ағамның сол ұлы әйелдері тұрақтамайтындай ожар мінезді болып өсіп еді. Осының бәрі де әкенің балаға берген тәрбиесінің бір көрінісі десек те болады.
Кімді кінәлауға болады? Ініме салса, барлық кінәні кетіп қалған үш әйеліне жауып, соларды қаралайды. Сол бала күнгі былапыт айтатын әдеті әбден қанына сіңіп кеткен... Тағы да үйленемін деген ниеті бар, бірақ қалай болар екен? Тағы да бір жанның көз жасына қалмаса болғаны да...
А. АЛДАБЕРГЕН
12 сәуір 2022 ж. 373 0