Өңірдің өмір артериясы
«Су – тіршілік көзі». Бұл сөз Арал өңірі үшін жай ғана мақал емес, өмірдің шындығы. Талай жыл табиғаттың қатал сынына төтеп берген аралдықтар үшін таза ауызсу – ең қымбат игіліктің бірі. Сондықтан халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет назарынан бір сәт те тыс қалған емес.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын таза ауызсумен толық қамтуды Үкімет алдындағы басты міндеттердің бірі ретінде белгілеп келеді. Бұл тапсырма бүгінде Арал ауданында нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.
Арал өңірінің негізгі су көзі – «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбыры. Қосамандағы жер асты тұщы су кенішінен бастау алатын бұл жүйе ондаған жылдар бойы Арал және Қазалы аудандарының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етіп келеді.
Мамандардың айтуынша, Қосамандағы су көтеру стансасы жүздеген мың тұрғынның игілігіне қызмет етуде. Бұл – еліміздегі стратегиялық маңызы бар инженерлік нысандардың бірі.
Алайда ұзақ жылдар пайдаланылғандықтан бірінші магистральдық желінің 200 шақырымнан астам бөлігі 80 пайызға дейін тозған. Осыған байланысты бүгінде екінші магистральдық желінің құрылысы басталып, оған 43,7 миллиард теңге бағытталды. Жоба аяқталған соң су жеткізу тұрақтылығы артып, апатты жағдайлар азайып, мыңдаған тұрғын сапалы ауызсумен сенімді қамтамасыз етіледі.

Осыған орай таяуда ғана аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде:
– Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аудан үшін басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта өткен жылы 12,8 млрд теңге қаржыға төрт жоба жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 318 шақырым болатын жаңа ауызсу желілері салынды. Соның нәтижесінде Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, өткен айда Абай ауылына ұзындығы 138,6 шақырым болатын жаңа су желісі тартылып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге ауданның негізгі су көзі саналатын «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының алғашқы желісінің 200 шақырымнан астам бөлігі тозып, оның тозу деңгейі 80 пайызға жеткені белгілі. Осы мәселені шешу мақсатында өткен жылы республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп, 23 шақырым су құбыры жаңартылса, биыл республикалық бюджеттен қосымша 1,2 млрд теңге қарастырылып, 30 шақырымнан астам су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 43,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба толық жүзеге асқанда аудант тұрғындарының сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туады, – деп біздің сөзімізді нақтылай түсті.
Мұнан бөлек «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімше басшысының міндетін атқарушы Ислам Қапаров алғашқы алты айдың есебінде жоғарыда аталған жұмыстардан бөлек:
– Арал қаласы және елді мекендер бойынша бірнеше рет РЕЙД жұмыстары ұйымдастырылып нәтижесінде ауыз суды заңсыз пайдаланып отырған 3 жеке және 1 заңды тұлғаларға қолданыстағы заң аясында айыппұлдар салынды. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Су кодексі бойынша 18 бабында су пайдаланушы құқықтары мен міндеттерінің 1 тармағы 9 тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдарға су ресурстарын пайдалану туралы анық және толық ақпаратты ҚР заңнамасында белгіленген нысан бойынша уақытылы беруге міндетті. Су пайдаланушы өнеркәсіптік су тұтынушыларға су беру бойынша қызметтер көрсеткен жағдайда, су ресурстарын пайдалану туралы ақпаратта айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне суды пайдалану көлемдері жөнінде мәліметті көрсетеді және 10 тармақшада су үнемдеу технологияларын, суарудың прогрессивті техникасын, айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін өндіруге шаралар қабылдауға судың өнімсіз ысырабы көлемін азайтуға міндетті делінген. Осыған байланысты Арал ауданындағы кәсіптік мақсатта пайдаланып отырған тұтынушыларға қайталама су көзін пайдалану бойынша ескерту хаттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бекітілген кестеге сәйкес Арал қаласы, Жақсықылыш кенті, Сексеуіл кенті, ауылдық елді мекендер бойынша су тарату бекеттерінің ауласындағы және ішкі су тарату құбырлары бойында орналасқан көру құдықтарының іші лайдан тазартылып, ішіндегі ашып-жабу арматураларына, өрт гидранттарына техникалық күтім жасалды. Сонымен қатар жүйелі түрде барлық насос стансаларының аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, темір-бетон қоршауларын әктеу, темір қақпаларын сырлау және насос қондырғыларына, технологиялық құбырларға техникалық күтім жасау жұмыстары атқарылды. Өрт гидранттарына аудандық өрт сөндіру бөлімімен бірлесіп көктемгі тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жасалып, нәтижесінде анықталған кемшіліктер жойылды, – деп суды үнемдеу бағытындағы жұмыстардың жүйелілігін атап өтт
Мұнан бөлек ауданда тұтынушыларды 24 сағат үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2026 жылдың І жартыжылдығында «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшеге қарасты магистральды су құбыры мен ішкі су құбырларында 153 ақау орын алып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген және Қосаман су көтеру насос стансасына баратын 10 кВт әуе желісінде ауа райының қолайсыз болуына байланысты электр сымдары үзіліп, бағаналары қисайып, апаттар орын алып, қайта қалпына келтіру жұмыстары істелген.
Қосаман-1 су көтеру ұңғымалары бойынша №4, №22 су ұңғымаларының су көтеру насостары жаңадан салынса, №28, №17 су ұңғымаларының ТП-лары ауыстырылып, Бердікөл су көтеру насос стансасында d700 мм, d600 мм ашып-жабу реттегіш арматуралары жаңадан орнатылған.
Арал ауданы «Толағай» кен орнының жер асты су қоры Қазақстан Республикасының Пайдалы қазба қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 2009 жылдың 10 желтоқсанындағы №892-9-У хаттамасымен 15 жылға бекітілген. Хаттамада көрсетілген мерзім аяқталуына байланысты жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп, «Толағай» кен орнының жер асты су қорын зерттеп қайта анықтау, жер асты су қоры кенішін барлау, бағалау мақсатында 5 ұңғыма қазылды.
Мұнан басқа Сексеуіл – Арал бағытындағы 1986 жылы салынып пайдалануға берілген ескі ТНГ-1000 су құбырының бойынан 18 ақау орын алған екен. Жаз мезгілінде тұтынушыларды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы құрылысы басталып, Қосаман – Арал – Қазалы бағытындағы жаңадан жүргізіліп жатқан 710 мм полиэтилен құбырының 25 шақырымын ескі желіге қосып су беру жұмыстары атқарылып, нәтижесінде жоғарыда аталған 18 ақауды жөндеу жұмыстары жеңілдеп, жедел іске қосу жүзеге асырылып, тұрақты ауыз су берілуде қиындық туындамаған. Қалған 5 дана ақауды темір листамен қаптап дәнекерлеу, құбыр алмастыру жұмыстары жүргізілген. Арал – Аралқұм бағытындағы ТНГ-800 су құбырының бойынан орын алған 3 ақауды темір листамен қаптап дәнекерлеу жұмыстары да жүзеге асқан.
Аралқұм – Қамыстыбас аралығындағы ТНГ-800 магистральды су құбырлары бойындағы орын алған 4 ақауды темір листамен қаптап жөндеу жұмыстары ауызсумен қамтамасыз етуге кедергі келтірмеді.
Бөген елді мекеніне су көтеру мұнарасының тозығы жетіп, елді мекен тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге кедергі болып тұрған ауыз су мұнарасы Арал ауданы әкімдігінің қолдауымен жаңадан ауыстырылып, тұрақты ауыз су берілуде.
Иә, Арал теңізінің табаны тартылғанымен, аралдықтардың болашаққа деген сенімі тартылған жоқ. Себебі ел игілігі үшін қолға алынған әрбір жоба, тартылған әрбір су құбыры, іске қосылған әрбір нысан – халықтың ертеңіне салынған инвестиция.
Таза ауызсу – адамның денсаулығы ғана емес, мемлекеттің қуаты, елдің берекесі және ұлттың жарқын болашағы.
О.ЖОЛДАСОВ










