Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы «Ақбастыға» ауызсу жеткізілді

Шалғайдағы «Ақбастыға» ауызсу жеткізілді

Аралдың «Ақбасты» ауылына таза ауызсу жетті. Сонау шалғайдағы ауыл халқының қуанышын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері бөлісті.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталып, құт­тықтауын жеткізді.
– Бүгін – аралдық ағайын үшін айтулы күн. Ақбасты ауылына таза ауызсу қосамыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет та­­рапынан жасалған барлық қолдауды тиім­­ді пайдаланып, ауыл халқының табы­сын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақ­сарту жөнінде нақты тап­сырма берген бола­тын. Өткен жылдың қорытын­дысы­мен облыс халқының 98,6 пайызына орталықтан­ды­рылған ауызсу қосылды. Биыл 9 елді ме­кенге ауызсу тартып, облыс тұрғындарын орта­лықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Оның ішінде, Арал ау­данындағы «Ақбасты», Абай, Тоқабай, Ерім­­­бет­жаға, «Тастүбек» елді мекендеріне 12 млрд 700 млн. теңге бөлінді.
Бүгін өздеріңізбен бірге «Ақбасты» ауы­лының тұрғындарына ауызсу қосу рәсімінде бас қостық. Жоба құны 3 млрд 100 млн теңге. Бұған дейін тұрғындар ауызсуды жер­асты құдығынан тасымалдап, тұтынып келді. Енді сол қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Президент қолдауымен ауызсу әрбір тұрғын үйге жеткізілді.
Ауыл тұрғындарын орталықтандырыл­ған ауызсудың қосылуымен құттықтай­мын! – деді облыс әкімі.
Рәсімде Нұржан Нұржігітов пен Берік Әбдіғалиұлы көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, қоғам қайраткері Има­мадин Оңғарбаев батасын берді.
Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауызсу тарту жұмыстарын сапалы әрі мер­зімінде жүргізген мердігер мекеме қыз­мет­керлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Арал ауданында барлық саланың даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, бүгінде 22 млрд теңгеден асты. Соңғы үш жылда 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Аудан халқының 71 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде.
Аралдың Сыр беткейіндегі елді мекендерді газдан­дыру үшін «Қамыстыбас» елді мекенінен авто­мат­тандырылған газ тарату станциясының құ­рылысы басталды. «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясындағы 10 мектептің 2-еуі Арал ауданында салынды.
Жаңа оқу жы­лында Сек­сеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» пай­далануға беріледі.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 амбулатория іске қосылды. Аталған жоба аясында Арал көпбейінді аудандық ауруханасының қо­сым­ша ғимараты мен жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы басталды.
Облыс­­тық бюджет қаржысына Сексеуіл кенті­нен 40 төсектік аурухана салынып, емделу­ші­лерге қызмет көрсетуде.
Өткен айда аралдықтар көптен күткен аспалы көпір игілікке берілді.
Елді мекенді ауызсуға қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кез­десті.
Әлеуметтік-эконо­микалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жоба­лардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі

syrboyi.kz
27 маусым 2025 ж. 55 0