Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауызсу келді, игілігін ел көрді

Ауызсу келді, игілігін ел көрді

Елбасы Аралдағы ауызсу желісін ашып тұрып «Ең таза ауызсу – аралдықтарда» деген сөзі бүгінде барша халықтың ұранына айналып кетті. Расымен-ақ мөлдірлігі мен тазалығы жағынан теңдессіз судың дәмін татып отырған аралдықтарды ауызсумен қамту мәселесі жолға қойылған. Аудан көлемінде Арал қаласын қосқанда 31 елді мекен шүмектен су ішсе, қалған ауылдарға да қолайлы жағдай тудыру жайы назардан тыс қалған емес. Осы аптада тағы бір елді мекен тұрғындарына үйдегі шүмектен су ішу бақыты бұйырды.
Жалғызағым елді мекенінде қазірде 30 үй бар. 200-ге жуық адам тұратын бұл ауылдың тұрғындары аудан әкімінің есепті кездесуінде ауызсу мәселесін көтерген болатын. Ел тілегін қанағаттандыру үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жалғызағымдықтардың талабы толықтай орындалды. Аудан әкімі М.Оразбаев ауызсумен қамтылған азаматтарды арнайы барып құттықтады. Жалғызағым бастауыш мектебі директоры Бақытгүл Молбаева:
– Арал қаласының іргесінде отырған ауыл халқының басты тілегі ауызсу мәселе болатын. Былтырғы есепте осы тілегін аудан басшысына жеткізген жандар бүгін қуанышқа кенеліп отыр. Әрбір үйге кіргізілген ауызсу шүмегі барша шаңыраққа шаттық сыйлады. Сол себепті қашанда тұрғындардың өтінішін назардан тыс қалдырмайтын аудан басшыларына алғысымыз шексіз, – деп өзінің ыстық ықыласын білдірді.
Сонымен қатар аудан басшысы Жалғызағым бастауыш мектебінде болып, мектептің жағдайымен жақынырақ танысып қайтты. Шәкірттердің білім алуына жағдай жасалған. Осы мектептен білім алған, жоғарғы сыныбын өткен оқу жылында қаладағы №71 мектепинтернатынан бітірген Мансұр Қайратов пен сол уақыттағы №2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының түлегі Ақнұр Қыпшақованың «Алтын белгі» иегері атанғаны осының анық дәлелі.
Десе де мектеп ғимараты 1975 жылы пайдалануға берілген. Осыны ескерген аудан әкімі алдағы уақытта ескі мектеп ғимаратының жағдайы басты назарында болатынын айтып, ауыл жұртшылығын марқайтып тастады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесу барысында жалғызағымдықтар көкейде жүрген сауалдарын қойып, аудан басшысы тарапынан жағымды жауап алды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
08 желтоқсан 2019 ж. 601 0