Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ауданды ауызсумен қамтыған құрылым

Қос ауданды ауызсумен қамтыған құрылым

...Іргелі өндіріс орнына жауапты болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні айдан анық. Кейіпкеріміз бәзбіреулердей кең қызметтік бөлмесінде жұмсақ креслода терезеге көз салып отырмайды. Қашан көрсең де үлкен істің басында жүргені. Жауапкершілікті бірінші кезекке қояды. Жайбасарлық дегенді әу бастан санадан сызып тастаған. Айтса айтқандай, бұл жолы да «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің директоры Ислам Қапаровты жұмыс барысында жолықтырдық. Анадайдан ассалаумағалейкүм деп жарыса сәлемдесіп жатырмыз.Аудан айнасының өкілдері, хал-жайларың қалай? – деді қазылған су құбырының ақау шыққан жерлерін мұқият тексеріп жүрген ол да бізге қарай аяңдады. – Кездескен кезде айтармын деп жүр ем, жақсы болды. «Толқын» газеті келмей кетті, – деді сұраулы жүзбен газеттің әр санын жібермей оқитынын аңғартып.
– Елдегі ахуалға сәйкес төтенше жағдай талаптарын ескеріп, газеттің электронды нұсқасын шығарып жатырмыз, – деп мен 200-ге жуық оқырманы бар мекеме басшысына мән-жайды түсіндіріп бақтым.
– Дұрыс, тәртіп ортақ. Көзге көрінбейтін ауру әлемді әбігерге салып, артынша Қазақстанды да шырмауына алғанын көріп-естіп жүрміз. Әріптестеріме сақтық шараларын ұстанғандықтан, газет тасымалын уақытша тоқтатқан шығар. Өтпелі кезең біткенше басылым жаңалықтарын сайт арқылы оқисыңдар деп түсіндірдім,– деді салмақты үнмен.
–Рақмет, түсінгендеріңізге. Біз сіздерге осыны ескертейік, бір жағынан жұмыс жайын көрейік деп келгенбіз. Соны білгіңіз келмей ме? – дедім аға-інілік сыйластықты алға тартып.
–Иә, айта бер, інім, біз тарапынан қандай көмек қажет,– деді Ислам, жанындағы жұмысшыларға бірқатар тапсырмаларды жүктеп болып, әңгімелесуге ыңғай білдірді.
– Барлық жерде төтенше жағдай. Ал арлы-берлі қызмет бабымен өткен сайын «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің жұмысшыларын көреміз. Сіздердің міндеттеріңіздің қаншалықты қоғам үшін маңызды екенін осыдан-ақ оңай аңғарамыз. Айталық, кейбір салалар қашықтан жұмыс істеуге көшкелі қашан. Тек атқарушы билік пен денсаулық сақтау қызметкерлері, тәртіп сақшылары күн-түн демей індеттің алдын алу жолында асқан қырағылықпен жұмыс істеуде. Солардың қатарына Сіздерді де қосуға әбдан лайық секілді. Қалай ойлайсыз?
– Журналист төртінші биліктің өкілі ғой. Төтенше жағдай тілшілерге де қатысты емес. Өйткені ақпарат ағыны толастамау керек. Ел-жұрт алыпқашпа сөзге емес, ресми ақпарат көздеріне сенеді, – деп мерейімізді тасытқан «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы сіздер солай шешсеңіздер, солай-ақ болсын деп өз ойымен бөлісті. Еңбектерінің бағасын ел беретінін жеткізе келе, халықты таза ауызсумен қамтуда төтенше жағдай кезінде де, былайғы күнде де уақытпен санаспай жұмыс істейтіндерін алға тартты.
Расымен де, талай мәрте «сарыбұлақтықтардың» өлшеусіз еңбегін тақырыбымызға арқау еткенбіз. Дегенмен бұл жолғы қалам ұстап, фотоаппарат асынуымыздың орны бөлек. Неге десеңіз, баяғыдай қарбалас тіршілік жоқ. «Үйде болыңыз» деген қағидасын ұстанған жұртшылықтың басым бөлігі бейберекет жүрмейді. Бірін айтып, біріне кеткеніміз жөн болмас. Негізгі тақырыпқа өзек еткен өндірістік бөлімшеге тоқталсақ, тіршілік нәріне баланған ауызсуды ел игілігіне жаратқан мекеменің стратегиялық нысан екеніне көз жеткізе түсесіз. Патша көңілді оқырманның да біле жүргені артық етпес. «АралСарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінде 43 насос станса, 33 дана су ұңғымасы, 1577,3 шақырым су құбыры, оның ішінде 739,7 шақырым магистральды су құбырлары бойында 1590 дана бақылау құдықтары және 4405 дана ішкі су тарату желілері бар. Сондай-ақ Арал ауданының 43, Қазалы ауданының 22 ауылында қоныстанған 165 мыңға жуық тұрғынды таза сумен қамтып отырған өндіріс орны, бұдан бөлек 89 бюджеттік және 314 шаруашылық қызмет жүргізетін мекемелерді де үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етеді.
Жоғарырақ тұста сандарды сөйлеттік. Бірақ жазуға оңай болғанымен, осыншама халыққа кідіріссіз су жеткізетін бөлімшенің еңбегін елеп жүрміз бе? Ми қайнатар ыстықта, бетті қаритын аязда халықтың жайын күйттеп, үй көрмей жүретіндер осылар емес пе? Бір күн ауызсу тоқтаса, қандай күй кешетініңізді елестетіп көрсеңіз, бәрін іштей ұғынасыз. Оның беті әрмен. Туыпөскен жеріміз бен көршілес Қазалыға тіл үйірер тіршілік көзін үздіксіз жеткізіп отырған «сарыбұлақтықтар» төтенше жағдай кезінде тіптен тыным таппайды. Өндірістік бөлімшеге қарасты елді мекендердегі және магистральды су құбырларын көктемгі күшейтілген хлормен жуу, яғни залалсыздандыру толығымен жүргізілді. Қазіргі таңда сала мамандары тұрғындарды оқшаулауға атсалысып, әрбір адамның жеке бас тазалықтарын сақтауы мақсатында таза ауызсумен қамтамасыз етуді жолға қойған. Нақтысы, Арал қаласындағы көшелерді дезинфекциялау жұмыстарына да өз үлестерін қосып, елдің амандығы үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануда.
– Қазіргі таңда Президент мәлімдемесіне сәйкес 11 мамырға дейін бөлімше бақылаушылары үй аралау жұмыстарын қашықтан жүргізу үстінде. Алайда кейбір тұрғындардың пайдаланған судың ақысын төлеуге немқұрайлылық танытатыны қынжылтады, – деді қол алысып қайтар тұста.
Иә, су – тіршілік көзі. Әлемде қаншама ел бір тамшы қара суды айрықша қадірлеп, ысырап етпеуге тырысады. Кепиетінен қорқады. Міне, біз аудандағы тарихы бай Қосаман ауылынан бастау алатын жалғыз су шаруашылығының негізгі өзегі болып табылған «АралСарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің бір мезгілдік жұмыс жүйесімен таныстық. Көп нәрсеге қанықтық. Мұндағылар ешқашан қалғымайды екен, соны ұқтық. Біргеміз деп ұрандаған еңбекқор қауымның абыройы асқақтай түссін деп тіледік.
Абай Елеш.
05 мамыр 2020 ж. 578 0