Жауапкершілікке шақырған "қауіпсіз өткел"
Теміржол – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Сондықтан теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе теміржол өткелдерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу – аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.Осыған байланысты Сексеуіл жол дистанциясының басшылығы теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының және теміржол көлігі жұмысына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді.
Сексеуіл жол дистанциясының қызмет көрсету аумағына Арал ауданы бойынша Сексеуіл – Қоскөл, Сексеуіл – Қазалы және Сексеуіл – Шалқар теміржол телімдері кіреді. Аталған телімдердің жалпы ұзындығы 211 шақырымнан асады. Бұл аумақта барлығы 8 теміржол өткелі орналасқан. Оның ішінде 3 өткел – күзетілетін, ал 5 өткел – күзетілмейтін өткел болып табылады.
Теміржол өткелдері – автомобиль және теміржол көліктері қозғалысы түйісетін қауіпті аймақтардың бірі. Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өткелден өту кезінде ерекше сақтық танытуы қажет. Пойыздың тежеу жолы бірнеше жүз метрден бірнеше шақырымға дейін жететіндіктен, машинистің қауіпті жағдайда пойызды бірден тоқтатуы мүмкін емес. Осы себепті өткелдегі әрбір тәртіп бұзушылық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы филиалының инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директоры – С.Рахметовтың бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Қауіпсіз өткел» республикалық профилактикалық акциясы өткізілді.
Акция аясында 2026 жылғы 4-5 шілде күндері Сексеуіл жол дистанциясына қарасты Сексеуіл – Құрлық аралығының 2318-шақырымының 8-жүздігінде орналасқан II санатты теміржол өткелінде және Арал теңізі станциясының 2371-шақырымының 1-жүздігінде орналасқан II санатты күзетілетін теміржол өткелінде кең көлемді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Сексеуіл жол дистанциясының қызметкерлері, Арал теңізі және Сексеуіл станцияларындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ Арал қаласы мен Сексеуіл кенті әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Акция барысында жүргізушілерге теміржол өткелінен өту қағидалары түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін сақтау, теміржол белгілері мен бағдаршамдардың талаптарын мүлтіксіз орындау, өткелге жақындағанда жылдамдықты төмендету, тыйым салынған белгі немесе дыбыстық дабыл берілген кезде теміржолды кесіп өтпеу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, теміржол белгілеріне немқұрайлы қарауы және өткелден өту кезінде асығыстық танытуы. Мұндай жағдайлар тек материалдық шығынға ғана емес, адам өміріне қауіп төндіріп, пойыздар қозғалысының бұзылуына да әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Сексеуіл жол дистанциясы барлық автокөлік жүргізушілері мен тұрғындарды теміржол өткелдерінен өту кезінде аса мұқият болуға, белгіленген талаптарды қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Теміржол өткеліндегі қауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы ғана адам өмірін сақтап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.
О.ТІЛЕУТЕГІ










