Жүлдегер имам
Арал ауданына қарасты Райым ауылындағы «Айтуар» мешітінің имамы Аманбай Таимов Атырауда өткен «Ұлы дала күмбірі» атты республикалық фестивальде жүлделі II орын иеленді.Ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі мәдениетті насихаттау және конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісім мәдениетін нығайту мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен келген өнерлі үміткерлер қатысқан еді.
Атырау облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестиваль екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар домбырамен күй орындап шеберліктерін көрсетсе, екінші кезеңде ән, терме, жыр орындаудан сынға түсті.
Қос кезеңде де жоғары деңгейдегі өнерімен ерекшеленген Аманбай Өтегенұлы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, республикалық байқаудың жүлделі II орнына лайық деп танылды.
Айта кетейік, Аманбай Таимов бұған дейін де республикалық деңгейдегі өнер додаларында табысты өнер көрсеткен. Атап айтқанда, 2025 жылы Астанада өткен республикалық байқауда III орынды жеңіп алған.
Бұл жеңіс - өңір имамдарының діни қызметпен қатар ұлттық өнерді дәріптеп, қазақтың төл мәдениетін насихаттауға да сүбелі үлес қосып жүргенінің жарқын көрінісі.
"Толқын" ақпарат










