Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқын жеңістер жалғасын таба бермек

Жарқын жеңістер жалғасын таба бермек

Спорт – елдің рухын көтеріп, жастың жігерін жанитын, жеңіске жетелейтін үлкен мектеп. Жарыс жолында топ жарған әрбір спортшының артында маңдай терін төккен бапкері, қолдау көрсеткен ата-анасы және жеңіске сенген ел-жұрты тұрады. Сондықтан жас чемпиондардың әрбір жетістігі – тұтас ауданның мерейі. Спорт күні қарсаңында қаладағы Руханият орталығында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен өңірдің жас чемпиондары, спорт шеберлері мен олардың бапкерлері бас қосқан тағылымды кездесу өтті. Еркін форматта өткен жүздесуде спортшылардың бүгінгі биігі ғана емес, Арал спортының қалыптасу жолы, қазіргі тынысы мен келешектегі бағыттары да кеңінен әңгіме болды.
        Аралдағы спорттың қара шаңырағы саналатын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тарихы 1964 жылдан бастау алады. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде бұл мектеп талай баланың талабын шыңдап, талай тарланды үлкен спортқа қанаттандырды. Ерғали Жұмамұратов, Юрий Шульга, Дәри Құттымұратов, Көлбай Данабаев, Жалдыбай Нұрпейісов сынды аға буын өкілдері қалыптастырған спорттық дәстүр бүгінде жаңа буынның жетістігімен жалғасып келеді. Қазір аудан спортында оң өзгерістер бар. Аудан тұрғындарының 44,5 пайызы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік беретін 248 спорт нысаны жұмыс істейді. Соңғы жылдары елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілуде.Мұндай жұмыстардың нақты нәтижесі – спортшылардың жеңісі. Биылдың өзінде Арал спортшылары ресми чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда 45 медаль жеңіп алды. Бұл – аудан спортының әлеуеті артып, жас спортшылардың бәсекеге қабілеті күшейіп келе жатқанын көрсететін жарқын көрсеткіш.
Бүгінде Аралдың атын ел көлемінде танытып жүрген жастар аз емес. Грек-рим күресінен Азия чемпионы Мирас Махамбет, ел чемпионы әрі Азия чемпионатының қола жүлдегері Әмірмұхаммед Кабулов, ел чемпионы Алпамыс Болатұлы, әйелдер күресінен Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы Раян Жамсапқызы, гір көтеруден Қазақстан және Азия чемпионы Бексұлтан Бақытбекұлы – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және жеңіске деген жігердің үлгісін көрсетіп жүрген жас спортшылар. Олардың әр жеңісі – туған жердің абыройын асқақтатып, кейінгі буынға жол көрсететін өнеге. Бірі халықаралық додаларда көк туымызды көкке көтерсе, енді бірі ел чемпионаттарында қарсыластарынан озып, Арал спортында жаңа есімдердің қалыптасып келе жатқанын дәлелдеп жүр.Кездесу барысында аудан мерейін үстем етіп жүрген спортшылар мен бапкерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азамат аудан әкімінің алғыс хатымен және марапаттармен наградталды. Сонымен қатар ел чемпионы әрі Азия чемпионатының қола жүлдегері Әмірмұхаммед Кабулов пен әйелдер күресінен Қазақстанның екі дүркін жеңімпазы Раян Жамсапқызына қаржылай сыйақы табысталды.Еркін пікір алмасу кезінде спорт саласының өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер де ортаға салынды. Бұл ретте спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру, жас таланттарды қолдау, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелерінің маңызы айрықша екені айтылды.Аралдың спорттағы бүгінгі жетістігі – бір күнде келген нәтиже емес. Оның ар жағында жылдар бойы қалыптасқан дәстүр, аға буынның өнегесі, бапкерлердің тынымсыз еңбегі және жас спортшылардың табандылығы бар.
Ең бастысы – жеңіс жолы жалғасып келеді. Бүгінгі чемпиондар – ертеңгі биіктердің бастауы.
        Ал Аралдың қара шаңырағынан түлеген жас спортшылардың жарқын жеңістері әлі талай мәрте туған жердің мерейін үстем ететініне сенім мол.
Эльмира АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ
Арал ауданының дене тәрбиесі,
 спорт және туризм бөлімінің әдіскері
19 тамыз 2026 ж. 76 0