Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Паттайя төріндегі таланттар

Паттайя төріндегі таланттар

Спорт – адамның күш-қайратымен қатар, мінезін, табандылығын, ерік-жігерін қалыптастыратын үлкен мектеп. Әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшының жетістігінің артында ұзақ жылдарға созылған дайындық, күнделікті тәртіп, маңдай тер және бапкерлердің өлшеусіз еңбегі тұрады. Сондықтан халықаралық жарыстардағы әрбір жеңіс бір ғана спортшының емес, тұтас өңірдің, елдің абыройын асқақтататын маңызды оқиға саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мәселесіне тоқталып: «Спорт – ұлт саулығының кепілі әрі жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігі» деген болатын. Бұл ұстаным елімізде жоғары жетістіктер спортын ғана емес, жас буынның спорт арқылы шыңдалуына бағытталған жұмыстардың маңызын айқындайды.
Соңғы жылдары Арал өңірінен республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген жас балуандардың қатары көбейіп келеді. Тайланд Корольдігінің Паттайя қаласында өткен грек-рим және әйелдер күресінен Азия чемпионаты да аралдық спортшылар үшін табысты додаға айналды. Халықаралық бәсекеде жерлестеріміз үш бірдей қола жүлдені жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына маңызды медаль салды.
Алпамыс Болатұлы – Азия чемпионатының қола жүлдегері
Тайландтың Паттайя қаласында өткен грек-рим күресінен U20 жастар арасындағы Азия чемпионатында Алпамыс Болатұлы 60 килограмм салмақ дәрежесінде белдесіп, құрлық біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды.
Алпамыс 2007 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейінде алып, 2021-2022 оқу жылында 9-сыныпты тәмамдаған. Кейін спорттық жолын жалғастыру мақсатында Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылданып, қазіргі таңда осы оқу орнының студенті.
Ол грек-рим күресімен 2016 жылдан бастап тұрақты түрде айналысып келеді. Алғашқы жаттықтырушылары – №19 Арал олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бапкерлері Бахтияр Бақытбекұлы мен Талғат Жүсіпбекұлы. Кейін Астанада Дәурен Кегенбаев мен Оралхан Кулсагуровтың жетекшілігімен шеберлігін шыңдады.
Алпамыстың спорттағы жетістіктері аз емес. Ол грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының 55 килограмм салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегері, U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы, грек-рим күресінен жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының бес дүркін жеңімпазы және Қазақстан Республикасы VI Жастар спорт ойындарының жеңімпазы. Бүгінде ол – грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Паттайядағы қола медаль оның халықаралық аренадағы тағы бір маңызды жетістігі ретінде спорттық жолына жазылды.
Әмірмұхаммед Кабуловтың кезекті табысы
Тайландтағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлдені аралдық балуан Әмірмұхаммед Кабулов салды. Ол U20 жастар арасындағы Азия чемпионатында 55 килограмм салмақ дәрежесінде белдесіп, қола жүлдені иеленді.
Әмірмұхаммед те спорттағы алғашқы қадамын туған жерінде бастап, 10-сыныптан бастап Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алды. Қазіргі уақытта осы оқу орнының студенті.
Әмірмұхаммед те 2016 жылдан бері грек-рим күресімен айналысып келеді. Алғашқы бапкерлері – Бахтияр Бақытбекұлы мен Талғат Жүсіпбекұлы болса, кейінгі спорттық дайындығын Дәурен Кегенбаев және Оралхан Кулсагуров жалғастырды.
Әмірмұхаммедтің жетістігі де жоғары бағалауға лайық. Ол U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы, грек-рим күресінен жасөспірімдер және жастар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, U17 жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасы VI Жастар спорт ойындарының жеңімпазы. Сонымен бірге грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған.
Паттайядағы Азия чемпионаты оның халықаралық деңгейдегі тәжірибесін тағы бір маңызды жетістікпен толықтырды.
Раян Жамсапқызының жарқын белесі
Паттайя төрінде өткен әйелдер күресінен U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты да Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды.
46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Раян Жамсапқызы қарсыластарымен өткен белдесулерде жоғары техникалық дайындық пен қайсарлық танытып, Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Жас спортшы үшін бұл халықаралық деңгейдегі маңызды нәтиже ғана емес, алдағы үлкен жарыстарға бастар сенімді қадам болды. Оның табысы қыздар күресінің дамуына серпін беретін жарқын мысалдардың біріне айналды.
Еңбекпен келген ерлік
Халықаралық жарыстағы әрбір жүлденің артында ұзақ жылдарға созылған дайындық жатыр. Таңғы және кешкі жаттығулар, қатаң тәртіп, жарыс алдындағы психологиялық дайындық, жарақатпен күресу, жеңілістен сабақ алып, қайта көтерілу – мұның барлығы үлкен спорттың ажырамас бөлігі.
Жас спортшылардың қалыптасуына алғашқы бапкерлердің еңбегі ерекше. Болашақ чемпиондардың қабілетін дер кезінде байқап, оларды үлкен спортқа бағыттау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан Паттайядағы жетістіктер тек спортшылардың ғана емес, олардың ата-аналарының, жаттықтырушыларының және көптеген жылдар бойы қолдау көрсеткен азаматтардың ортақ қуанышы саналады.
Ел ықыласына бөленген жеңімпаздар
Азия чемпионатынан жүлдемен оралған аралдық спортшылар туған жерде ерекше құрметпен қарсы алынды.
Салтанатты қарсы алу рәсіміне олардың туған-туыстары, жаттықтырушылары, спорт саласының ардагерлері, әріптестері және аудан тұрғындары қатысты. Жиналған қауым халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған жастарға ақжарма тілектерін айтып, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, 3х3 баскетболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Айерке Батырбекқызы чемпион атанып, І орынды жеңіп алса, 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Мейірім Жанұзаққызы үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені иеленді.
Үздіксіз ізденіс – жаңа жеңістердің бастауы
Паттайядағы Азия чемпионаты аралдық спорт мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл жарыстағы үш бірдей қола медаль – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дайындық жүйесінің, кәсіби бапкерлік жұмыстың және жас спортшылардың мақсатқа деген адалдығының нәтижесі.
Әлемдік спортта тұрақты табысқа жету үздіксіз ізденісті, еңбекқорлықты және уақытпен бірге дамуды талап етеді. Алпамыс Болатұлы, Әмірмұхаммед Кабулов және Раян Жамсапқызы дәл осы қасиеттерді бойына сіңіріп келе жатқан өрендер екенін кезекті мәрте дәлелдеді.
Олардың бүгінгі жеңісі – ертеңгі биік белестерге бастайтын жаңа баспалдақ. Туған жердің сенімін арқалаған жас спортшылардың алдағы халықаралық додаларда да өз мүмкіндіктерін толық көрсетіп, Қазақстанның көк Туын әлем ареналарында абыроймен желбірете беретініне сенім мол.
Г.САҚТАПОВА
09 шілде 2026 ж. 36 0