Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіспен оралған жас спортшыларға құрмет көрсетілді

Жеңіспен оралған жас спортшыларға құрмет көрсетілді

Ел мерейін үстем етіп, халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен аралдық жас спортшылар туған жерге жеңіспен оралып, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты қарсы алу рәсімінде спортшыларды туған-туыстары, жаттықтырушылары, спорт саласы мамандары мен аудан тұрғындары қарсы алып, ел абыройын асқақтатқан жеңістерімен құттықтады.
Айта кетейік, Тайланд елінің Паттайя қаласында өткен грек-рим күресінен U20 жастар арасындағы Азия чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде Алпамыс Болатұлы, 55 келіде Әмірмұхаммед Кабулов қола жүлдеге ие болған еді. Сонымен қатар, U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Раян Жамсапқызы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, 3х3 баскетболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Айерке Батырбекқызы чемпион атанып, І орынды жеңіп алса, 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Мейірім Жанұзаққызы үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені иеленді.
Жас спортшылардың бұл жеңістері табанды еңбек пен тынымсыз дайындықтың, білікті бапкерлердің кәсіби еңбегінің және спортқа көрсетіліп жатқан қолдаудың жарқын жемісі.

Ел намысын абыроймен қорғап, туған өлкенің мерейін үстем еткен спортшыларымызды кезекті жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да халықаралық және республикалық ареналарда көк Туымызды биіктен желбіретіп, жаңа жеңістерге жете берулеріне тілектеспіз!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
05 шілде 2026 ж. 32 0