Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір мектептен 3 чемпион

Бір мектептен 3 чемпион

Қазақта жауырыны жер иіскемеген балуандар жайлы ауыздан ауызға жеткен әңгіме аз емес. Расында ұлттың қанына сіңіп, оң жамбасына келетін күрестің қай түрінен болса да әлемдік додаларда биікті бағындырып, жеңістің жалауын желбіретіп жүргендер аз емес. Солардың қатарында болашағынан зор үміт күттіретін аралдық жастар да чемпиондықтың дәмін татып үлгерді.
         Міне, осы сөзіміздің куәсіндей болып арқа төрінен тағы да сүйінші жаңалықтар жетіп жатыр. Өйткені бір мектептің үш бірдей балуаны Қазақстан чемпионы атанып, Аралдың атын айға жеткізді.
     Жеңімпаздардың бірі – Мирас Махамбет. 22 ақпан күні Астана қаласында өткен грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 65 кг салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан Мирас Аралқұм ауылындағы №61 мектепте білім алған. Бүгінде Құжымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 11 сыбын оқып жатыр. Елорда төрінде екпініне қарсылас шақ келтірмеген ол осы уақытқа дейін де 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері және 2024 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионы атанып үлгерген еді. Міне, осы жеңістің жолын жалғастарған жас алтыннан алқа тағып, Аралдың абыройы асырды.
         Топ жарған тарландардың тағы бірі – Әмірмұхаммед Қабылов. Грек-рим күресінен U20 жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс намысын қорғаған ол 55 кг салмақ дәрежесінде өзіне тең келер қарсылас таппады. Жарыс жолында кездескен барлық бәсекелесін айқын жеңіспен жеңген жерлесіміз Арал спортына алтын сыйлады.
         Әмірмұхаммед жеңісті жолын ерте бастаған. 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанып, 2022 жылы Қазақстан чемпионы, Қазақстан республикасының VI жастар спорт ойындарының жеңімпазы атанған азаматтың қоржыны тағы да алтынға толып отыр.
         Ал үшінші балуан – Алпамыс Болатұлы. 20 жасқа дейінгі грек-рим күресінің үздіктері арасында оқ бойы оза шауып, белдескеннің бәрін ырқына бағындырған Алпамыс облыс мерейін асырып, 60 кг салмақ дәрежесінде алтын алқа тағы қайтты.
         Спорттағы жетістіктерін еселеп келе жатқан жерлесіміз 2024 жылы U17 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2022 жылғы U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы, ҚР VI Жастар спорт ойындарының жеңімпазы және ел чемпионатының U15, U17 жасөспірімдер және U20 жастар арасындағы 5 дүркін жеңімпазы атанған. Бұл Алпамыстың алтыншы алтыны.
         Осы ретте үш бірдей ел чемпиоынын тәрбиелеп, күрестің әліппесін үйреткен №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің бапкерлері Бахтияр Төлебаев, Талғат Қожекенов, Ардақ Таңатаровтың да еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Аралдың спортшыларын алтынға адаспай жетуге тәрбиелеген бапкерлерге шәкірттері Олимпиада биігін бағындырсын деп тілектестік білдіреміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 наурыз 2026 ж. 19 0