Әлем чемпионатының күміс жүлдегері
2024 жылдың 17-22 тамыз күндері Иордания мемлекетінің астанасы Амман қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтті.
Аталған чемпионаттың алғашқы күні грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасында сынға түскен аудандық №19 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Алпамыс Болатұлы 55 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Ол Сыр елінің спорт тарихында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Әлем чемпионатында жүлдегер атанған алғашқы спортшы. Сонымен қатар, ол осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы және 3 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы атанған.
Байрақты басекеде топ жарған жерлесіміз Алпамыс Болатұлы бүгінде елге оралды. Спортшыны асыға күткен аралдықтар ерекше сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда жас өренді арнайы күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов боз кілемнің шаңын қағып, әлем чемпионатының жүлдегері атанған жас балуанға ізгі лебізін білдірді.
Чемпионды қарсы алуға жиналған көпшілік, ауданның белсенді жастары мен спортшылар жүлдегер атанған, аудан мерейін өсірген спортшымызға айрықша құрмет көрсетті.
Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студентін аудандағы спорт мектебінің жоғары санатты жаттықтырушылары Талғат Қожекенов пен Бахтияр Төлебаев дайындаған. Бүгінде чемпион Дәурен Кегенбаевтың шәкірті. Аудан атын асқақтатқан спортшының жеңісімен барша ұжымды құттықтаймыз!
«Толқын» ақпарат