«Құқықтық тәртіп»: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді
Қызылорда облысының аумағында 18–21 тамыз аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шараның алғашқы тәулігінің қорытындысы бойынша облыс көлемінде 302 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес 1 дерек анықталды.
Сонымен қатар көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың 4 дерегі анықталды. Ал алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес 24 құқық бұзушылық тіркелді.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылықтарға жол бермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктелді.
Іс-шараның қалған күндерінде анықталған кемшіліктерді жоюға, құқық бұзушылықтарды анықтау мен олардың жолын кесуге бағытталған жұмыстарды күшейтуге ерекше назар аударылатын болады.
Заң мен тәртіп – қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізі.










