Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: мемлекет, бизнес және медицина қауымдастығы арасындағы ашық диалог

МӘМС: мемлекет, бизнес және медицина қауымдастығы арасындағы ашық диалог

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өзекті мәселелеріне арналған салалық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.
Кездесу офлайн форматта және ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды. Оған салалық кеңестердің мүшелері, бизнес өкілдері және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары қатысты.
Қор филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова МӘМС жүйесіндегі негізгі өзгерістер мен медициналық көмектің қолжетімділігі туралы айтып берді. Атап айтқанда, 2026 жылы филиал 121 медициналық ұйыммен шарт жасасты, оның 90-ы – жекеменшік ұйымдар. Сондай-ақ Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, азаматтарға скринингтер қолжетімді, ал сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық көмек көлемін алуға құқылы.
Филиал сарапшысы Алия Убисултанова МӘМС жүйесіндегі аударымдар мен жарналарды төлеу тәртібін түсіндіріп, жарналары мемлекет тарапынан төленетін жеңілдікті санаттағы азаматтар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында қатысушылар медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін, медициналық көмек көрсетудегі тәжірибелік мәселелерді, сондай-ақ медициналық ұйымдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды талқылады. Бизнес өкілдері МӘМС жүйесінің ашық және анық жұмыс істеу тетіктерінің маңыздылығын атап өтті.
Бірлескен отырыс мемлекет, бизнес және медицина қауымдастығы арасында ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешудің ықтимал жолдарын талқылады.
Жиын қорытындысында МӘМС тиімділігі тек қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктермен ғана емес, ең алдымен азаматтарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің көрсетілуімен айқындалатыны атап өтілді.
27 тамыз 2026 ж. 52 0