Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарылыстан қалған үн

Жарылыстан қалған үн

Сол күнді ұмытқым келсе де, ұмыта алмаймын. Арада қанша жыл өтсе де, кейбір сәттер адамның жадынан өшпейді екен. Көз жұмсам болды, сол бір даланың сұрғылт аспаны, айналадағы үрейлі тыныштық, аяқ астындағы жердің дірілі қайтадан көз алдыма келеді.
Ол кезде біз оның қаншалықты қауіпті екенін бүгінгідей толық түсінбедік.
Полигон маңындағы ел үшін жарылыс деген сөз бірте-бірте күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып бара жатқандай еді. Бірақ әр жарылыстың өз қорқынышы болатын. Жердің астынан шыққан әлдебір түсініксіз дірілдің өзі адамның жүрегін дүрсілдететін.
Сол күні де аспан ашық еді. Дала әдеттегідей тым-тырыс. Бір сәтте айналадағы тыныштықты белгісіз бір күш басты. Біз аспанға қарап, не боларын күттік. Адамдар бір-бірімен көп сөйлеспеді. Әркімнің жүзінде үнсіздік.
Сосын... Сосын жарылыс болды.
Міне, бұл Арал ауданындағы халықаралық Невада-Семей қозғалысының төрағасы Серік ақсақалдың өз естелігіндегі сөзі. Бұл кісіні барлығы "Марафоншы Серік аға" деп атап кеткен. Алайда 78 жасқа келсе де жүгіруді жанына серік еткен Серік ақсақал дәл осындай алапатты көзбен көрген жан.
– Мен әскерге өз қатарластарымнан кеш бардым. 1969 жылғы желтоқсан айының аяғында бізді Курчатовқа жіберді. Осы жерден 45 шақырым жерде Дегелең тауы бар. Осы таудың етегінде Абыралы ауданы болған. Абыралылықтарды Кеңес әскері басқа жерге көшірген дейді. Міне, бізге 45 шақырым болатын екі аумақтың арасында ауызсу тарту қажет еді. Екі бригада екі жақтан түстік. Әрқайсысы 22 шақырымнан бөліп алған, – деп сөзін бастайтын сол кездегі де көз алдындағы көріністі ешқашан ұмыта алмайтынын жиі айтады. "Айналайын, сендер баламдай адамсыңдар. Сол жерде болған, көзбен көрген біз кеткесін елдің басынан өткен мұндай қиындық та ұмытылып кетеді ме деп қорқамын. Сол үшін жиі айтып, жиі жазып жүру қалам ұстаған сендердің міндеттерің. Газетке түскен дүние ешқашан өшпейді" дейтін Серік ағамыз:
– Біз күндегідей жұмысымызды жасап жүрдік. Бір кезде орыс командиріміз келді де, "Тоқтамаңдар, жұмыс істей беріңдер. Қазір әскери дабыл қағылады. Мән бермеңдер, жұмыс тоқтамасын" деді де, өзі жанымыздан кетіп қалды. Тіпті көлігімен қайда кеткенін де білмедік.
Әскери тапсырманы орындамасқа болмайды. Біз жұмысты тоқтатпадық. Бір кезде Дегелең тауы жақтан көкке түтін көтеріліп, айнала шаң-тозаңға оранды. Біз сол кезде жарылыс болған жерден 22 шақырым қашықтықта едік.
Күн ашық, аспан көгеріп, төбемізде төңкеріліп жатқан. Дегелеңдегі жарылыс бір-ақ сәтте бәрін аласапыран етті. Алдымен түтін, артынша жер солқыдай жөнелді. Табанымыздың астындағы қара жердің табанастында құрт түскен кеудедей екейінен дем алуы ешкімге түсінуге мүмкіндік бермеді. Кейін сол тұстан соққан шаңды дауыл бет қаратпады. Біз киімімізді бүркеп жата кеттік. Бұрқыраған шаң басылған соң ғана тұрдық. Үстімізді құм басып қалыпты. Мен өмірімде ондай көріністі көрген емеспін. Жарылыс тоқтапты. Бірақ біз "тоқтапты" деп қателесіппіз. Ол енді басталған екен. Өйткені зардабы тоқтамапты. Қазір қою тамақ жемеймін. Жемеймін демей-ақ қояйын, алайда қою тамақ жеген кезде қатты қиналамын. Осының барлығы 2 жыл бойы сынақ аумағындағы денсаулығымызға тиген зияннан ба деп ойланамын, – дейді.
Иә, ядролық жарылыс – адамның тағдырына түскен таңба, табиғатқа түскен жара, ұрпақ жадында қалатын қасірет.
– 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны жабылғанда, менің жүрегімде бір сезім пайда болды. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Мен алғаш рет сол даланың тынысы кеңігендей сезіндім. Бірақ өткенді ұмытуға болмайтынын да түсіндім. Себебі ұмытсақ, тарихтың сабағын жоғалтамыз, – дейді Серік Өтебәлиев.
О. ЖОЛДАСОВ
29 тамыз 2026 ж. 38 0