Қаражан Ізтілеуов: Сынақтар көбіне түнде өткізілетін
Семей ядролық сынақ полигоны – қазақ даласының тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі. 1949 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта бұл өңірде ядролық сынақ жүргізіліп, оның зардабы халықтың денсаулығына, табиғатқа және кейінгі ұрпақтың тағдырына ауыр із қалдырды. Полигонда әскери борышын өтеген азаматтар сол кезеңнің тірі куәгерлері. Солардың бірі – бүгінде 76 жастағы Арал аудандық Семей сынақ полигоны ардагері Қаражан Ізтілеуов. 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні қарсаңында сол уақыттың куәгері Қаражан ағамызбен сұқбаттасқан едік.– Қаражан аға, әңгімемізді әскерге барған кезіңізден бастасақ. Семей полигонына жолыңыз қалай түсті?
– Ол кездегі жастық шақтың әр күні қазіргідей көз алдымда. 1969 жылдың 16 мамырында әскер қатарына шақырылдым. Аралдан сол кезде шамамен 150 жігіт бірге аттандық. Жастың аты – жас. Алдымызда не күтіп тұрғанын толық түсінбейміз. Әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтейміз деген ғана ой болды. Үш айдай арнайы дайындықтан өттік. Кейін Курчатов қаласына, сынақ жүргізілетін аумаққа жіберілдім. Сол жерде әскери қызметімді жалғастырдым.
Әскерде жүргенде жүргізуші болдым. Әрине, бізге берілген тапсырманы бұлжытпай орындау керек. Жас сарбаз болғандықтан, көп нәрсенің мәнісін кейін барып түсіндік. Негізгі міндеттеріміздің бірі – арнайы жұмыстарға қажетті жүктерді тасымалдау еді. Мен көлік жүргізуші болып жүріп, таудың арасындағы арнайы қазылған орындарға жарылғыш заттарды таситынмын. Қазір сол күндерді ойласам, "адамның тағдыры деген осы екен ғой" деп қаламын. Жаңа да айттым ғой, әскерде басшылықтың бұйрығын орындайсың. Оның ар жағында қандай қауіп тұрғанын терең ойлай бермейсің. Бізге бәрі қалыпты әскери жұмыс сияқты көрінетін. Бірақ кейіннен оның қаншалықты ауыр сынақ болғанын түсіндік.
– Жарылыстар қалай жүргізілетін еді?
– Сынақтар көбіне түнде өткізілетін. Жарылыс алдында барлық қажетті дайындық жасалады. Сарбаздарды қауіпсіз жерге алыстататын. Сол сәттерде айнала ерекше тыныш болатын. Адамдар өз міндетін орындап, бұйрықты күтетін. Ал жарылыс болған кезде оның қуатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жердің дірілдегені, айналадағы ғимараттардың қозғалғаны есімде. Қазір соның бәрін еске алсам, сол кездегі жас жігіттердің қандай жағдайда қызмет еткенін ойлаймын.
– Жарылыстар қаншалықты жиі болатын?
– Шамамен айына бір рет жарылыс болатын кездер болды. Әр сынақтың өзіндік дайындық жұмыстары бар. Біз соған байланысты тапсырмаларды орындадық. Жарылыстан кейін казармалар да зақымданып қалатын. Терезелердің әйнектері сынатын. Кейде ғимараттардың басқа да жерлері бүлінетін. Соларды қайта жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарына қатысатынбыз.
Бір жағынан – әскери борышымыз. Екінші жағынан – күн сайын көз алдымызда болып жатқан сынақтар. Сол кезде оның ертеңгі күнге қандай әсері болатынын біз қайдан білейік?!
– Сол кездегі сарбаздар радиацияның қаупін білді ме?
– Қазіргідей ақпарат болған жоқ. Біз ядролық сынақтың адам ағзасына, табиғатқа қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермедік. Әскердесің, бұйрық бар – орындайсың. Басты мақсат – қызметіңді абыроймен атқарып, елге аман-есен оралу. Бірақ жылдар өте келе Семей полигонының зардабы туралы көп нәрсе айтылды. Адамдардың денсаулығына әсері, табиғаттың өзгеруі, түрлі аурулардың көбеюі туралы естідік. Сонда барып, біз жүрген жердің жай ғана әскери нысан емес, адамзат тарихындағы аса қауіпті сынақ алаңы болғанын тереңірек түсіндік.
– Әскердегі екі жылыңыз қалай өтті?
– Екі жыл деген сол кезде ұзақ көрінетін. Бірақ уақыт тез өтті. 1971 жылдың 30 маусымында әскерден елге қайттым. Жалпы ол жақтағы жағдайларды көп есіме алғым келмейді. Аралға келген күнді де ұмытпаймын. Туған жердің топырағын басып, ел-жұртпен қауышудың өзі үлкен бақыт екен.
Әскерден келген соң өмірдің жаңа кезеңі басталды. 1975 жылдан бастап еңбекке араластым. 1975 жылдан бастап ТШБ-34 мекемесінде еңбек еттім. Сол мекемеде шофер болып бастап, шебер, механик, прораб, кейін бөлімше меңгерушісі қызметін атқардым. Еңбек жолым осы мекемемен байланысты. Қандай жұмыс тапсырылса да, жауапкершілікпен атқаруға тырыстым.
Еңбек адамды тәрбиелейді. Жастық шақта бастаған жұмысыңның қадірін жылдар өте түсінесің. Бір мекемеде ұзақ жыл еңбек ету – бір жағынан тұрақтылық болса, екінші жағынан ұжымға деген жауапкершілік.
Компартия мүшесі болдым. Ол кезеңнің өз тәртібі, өз талабы болды. Қоғамдық жұмыстарға да араластық. 2013 жылы зейнетке шықтым. Содан бері бала-шағаның қызығын көріп, елдің тыныштығын тілеп өмір сүріп келемін.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Жұбайым екеуміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік. Балалардың әрқайсысының өз орны бар. Олардың азамат болып қалыптасып, өмірден өз жолын тапқаны – ата-ана үшін үлкен бақыт. Қазір жасым 76-ға келді. Артқа қарап отырсам, өмірдің талай белесінен өтіппін. Жастық шағым – әскерде, азаматтық ғұмырым – еңбекте өтті. Ең бастысы – балаларымның амандығы, елдің тыныштығы.
– Семей полигонының зардабы туралы не айтар едіңіз?
– Семей полигоны жабылғанымен, оның зардабы бір күнде жоғалған жоқ. Оның салдары адамдардың денсаулығынан, табиғаттан, тағдырлардан көрінді. Ядролық сынақтар кезінде радиацияның әсеріне ұшыраған халықтың арасында түрлі денсаулық мәселелері көбейді. Кей отбасылар ауыр сынақтарды бастан өткерді. Табиғатқа да залал келді. Біз, сол жерде болған әскери қызметшілер, бұл мәселені ерекше түсінеміз. Өйткені оны алыстан естіген жоқпыз, өз көзімізбен көрдік. Сондықтан Семей полигонының тарихы ешқашан ұмытылмауы керек.
Бетті дайындаған: Оңталап Жолдасов









