Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Семей полигонының жабылуы – Тәуелсіздіктің алғашқы жемісі

Семей полигонының жабылуы – Тәуелсіздіктің алғашқы жемісі

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл қазақ елі үшін ғана емес, күллі дүниежүзі үшін тарихи дата. 1991 жылы 29 тамызда қазақ елі бүкіл әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан бейбіт ел екенін жария етті. Осы батыл шешім атомның үнін Қазақ даласында мәңгіге өшірді. Бұл тәуелсіз, еркін шешім қабылдаудың алғашқы қарлығашы болды.
Осы ретте аудан әкімі Серік Сермағамбетов Семей ядролық полигонында азаматтық борышын өтеген жергілікті азаматтарды қабылдады.

-«Биыл ел Тәуелсіздігіне және Семей ядролық полинонының жабылғанына 30 жыл толады. Тәуелсіз ел ретіндегі мемлекетіміздің қабылдаған алғашқы тарихи шешімдерінің бірі Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы болғанын жақсы білесіздер. Бұл оқиға еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асты. Осылайша ұзақ жылдар бойы жапа шеккен халқымыздың қасіреті мен ядролық сынақтарға тосқауыл қойылды. Сынақ алаңына айналған аймақта ауданымыздың 74 азаматы Отан алдындағы борыштарын адал атқарды. Біз Сіздердің Отан алдындағы осынау бір үлестеріңізді әрдайым ерекше бағалап, құрмет тұтамыз. Сіздер әлде де болса түрлі салада қызмет атқарып, өңіріміздің экономикасы мен мәдениетіне өзіндік үлес қосып, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде оң ықпалдарыңызды тигізіп келесіздер. Дегенмен, сол кездегі сынақтардың зардаптары денсаулықтарыңызға әлі күнге дейін әсері бар екендігін білеміз. Сондықтан қазіргідей індеттің өршіп тұрған шағында қауапсіздік шараларын сақтап, күтініп жүрулеріңізді сұраймын. Сіздерге тек зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін» ,- деді аудан әкімі С.Сермағамбетов.

Одан әрі басқосуға келген ардагерлер әлеуметтік қолдау шаралары аясында пікір алмасып, жасалып жатқан қолдау шараларына ризашылықтарын жеткізді.

Еркін форматта өткен кездесу барысында аудандық Семей ядролық полигоны ардагерлерінің төрағасы Қаражан Ізтілеуов тарих парағына өшпестей із қалдырған ядролық сынақ зардаптарынан сыр тартып, еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі. Сонымен қатар бүгінгі көрсетіліп жатқан құрметке алғыстарын білдірді.

Кездесу қорытындысымен Семей сынақ полигонының зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сый-сияпаты табыс етілді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

28 тамыз 2021 ж. 798 0