Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділетті қоғам – тұрақты мемлекет

Әділетті қоғам – тұрақты мемлекет

Абай хакім атап өткендей, жаңа туған баланың бойында екі түрлі мінез болады: бірі жақсылыққа ұмтылып, ізгілікті бойына жиғысы келсе, екіншісі жеңілтек мінез бен пайдасыз әдеттерге оңай иланады. Жаратқан ие адам баласына ерекше ақыл-парасат беріп, оны жаратылыстың биік шыңына көтерген сәттен «Адам» деген қасиетті ұғым қалыптасты. Содан бері бұл өмірдегі ізгілік пен жамандықтың барлығы да адамның іс-әрекетімен өлшеніп келеді. Бұрынғы ғұламалар ұсынған «кемел адам» концепциясы бүгінгі заманда қалай көрініс табуда деген сұрақтың төңірегінде ой өрбітіп көрсек...
Бірнеше ғасыр бұрын қазақ зиялылары армандаған батыс пен шығыстың өркениеті тұрмыстың тініне айналғалы қашан. Ұлт болып ұйысуға қажетті бірлік, ұлттық діл мен ана тілі туралы мәселелер күн тәртібінен түспейтін деңгейге жетті. Жоғарыда айтылған жемқорлықсыз қоғам да осындай мінберден түспейтін тақырыпқа айналды. Бұл бір мемлекеттің немесе ұлттың емес, ғаламдық шеңберден шығып кеткен ғасырдың дерті. Сөзіме дәлел ретінде ежелгі Мысыр тәжірибесінен үлгі алсам.
«Сіздердің қылмыстарыңыздың қаншалықты сан қырлы екендігін, күнәларыңыздың қаншалықты ауыр екендігін мен білемін: сіздер адал адамдарға қысымшылық көрсетіп, пара аласыздар, ал әділет іздеген кедейді қақпадан қуасыздар». Бұл құбылыс туралы жазбалар Мысыр, Месопотамия, Иудея, Үндістан және Қытай сияқты барлық ежелгі шығыс өркениеттерінің мемлекеттік басқару өнері туралы шығармаларында, діни және заң әдебиеттерінде кездеседі. Мысалы, ежелгі үндінің «Артхашастра» – мемлекетті басқару өнері туралы трактатында ел билеушінің алдында тұрған аса маңызды мәселе қазынаны ұрлаумен күрес болып табылатындығы атап өтіледі. Трактатта бюджет қаражатын ұрлаудың 40 түрлі тәсілі көрсетілген және айлалы шенеуніктердің амалын табудан аспанда ұшқан құстың жолын білу оңайырақ деген қорытынды жасалады. Сыбайлас жемқорлық ежелде пайда болған күрделі әлеуметтік құбылыс ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерде осы күнге дейін сақталып келеді. Бұдан шығатын қорытынды: жемқорлықты түбегейлі жою мүмкін емес, тек онымен күресті күрделендіру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселемен тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қана шұғылдануы тиіс деген тар шеңберлі түсініктен арылған абзал.
Адамның иманы қаншалықты берік болса, ол соншалықты адасудан сақтанады. Иманды тұлғаның қоғам үшін де, өзі үшін де қатерлі қадамдарға бармасы анық. Сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы жан-жақты ақпарат беріліп, күн сайын құрықталған қылмыс түрлері тіркеліп, әлеуметтік желіде, басқа да медиа салалары арқылы халыққа таратылып жатыр. Бүгінгі жас ұрпақтың көзімен қарайтын болсақ, ең өкініштісі – «елім» деп атқа қонып, ел сенімін арқалаған буынның теріс әрекеттері. Жоғарыда айтып өткендей, адам – қоғамның негізгі қозғаушы күші, оны дамытатын да, құрдымға жіберетін де адами факторлар.
Жемқорлықтың барар жолы – темір тор. Мәңгілік ештеңенің жоқ екенін білген адам сыбайластық әрекеттің де ғұмырының келте болатынын түсінсе екен. Қоғамға әрекетімен де, өнегесімен де үлгі болатын аға буынға деген сенімге селкеу түспесе екен. Қазақстан Мәңгілік ел болуға, әділетті ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылған халық. Сондықтан қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлық зауалымен күрестің тактикаларын өзгерткен дұрыс. Мысалы, оқушылар, студенттер мен ересектер арасында жиі байқаулар ұйымдастыру, жемқорлық әрекетін хабарлаған тұлғаға бірнеше еселік үстемеақы төлеу немесе кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау, әртүрлі мақсатта жемқорлық әрекетіне барған тұлғаның меншікті мүлкін тәркілеп, әлеуметтік салаларды (сауықтыру кешендері, арнайы күтімді қажет ететін тұлғалар) дамытуға жұмсау секілді шараларды енгізу қажет.
Осы орайда, заңның үстемдігін қамтамасыз етумен қатар, қоғамда «Адал азамат» мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Тек жазалау шараларымен ғана жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін емес. Егер әрбір азамат өз орнында адал еңбек етіп, өзгенің еңбегін құрметтеп,құқықтары мен міндеттерін тең ұстанса, қоғамның иммунитеті де соғұрлым күшейе түседі. Ұрпақ санасына кішкентайынан «біреудің ақысын жемеу», «ар-ожданды қаржыдан жоғары қою» сияқты құндылықтарды сіңіру арқылы ғана біз жемқорлыққа мүлде төзбейтін жаңа орта қалыптастыра аламыз. Әділетті мемлекет – ол ең алдымен әрқайсысымыздың ішкі жауапкершілігіміз бен адалдығымыздан бастау алады.
Жақсы әдет өсімге берген ақша сияқты. Адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады дегендей, қоғамда құрметті, ел алдында еңселі жүру үшін жақсы істерге инвестиция салған жөн.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
01 қыркүйек 2026 ж. 42 0