Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ МАҢЫЗДЫ

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ МАҢЫЗДЫ


Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің
 бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет
 қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес
 шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.
Жолдаудан
Хакім Абай айтқандай жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен келеді. Бірі – жақсыдан үйренуге, жақсылық жасауға асық, ал екіншісі – жеңіл ойлап, адам үшін қажетсіз қасиеттерге бой алдыратындар. Тәңір жаратып, адамға ерекше ақыл мен ес беріп, сананың сандалкөгіне мінгізген сәттен бастап «Адам»  деген құндылық пайда болды.  Содан бері теңбіл тіршілікте не жақсы, не жаманның бәрін жасайтын да адам болып қалды. Ескі дәуірдегі естілердің айтып кеткен «толық адам», «кемел адам» концепциясы бүгінгі қоғамда қалай көрініс тауып жүр деген сұрақтың аясында ой өрбітіп көрейік. Бірнше ғасыр бұрын қазақтың оқығандары армандаған батыс пен шығыстың өркениеті тұрмыстың тініне айналғалы қашан. Ұлт болып ұйысуға қажет бірлік, ұлттық діл, ұлттық тіл туралы мәселелер күн тәртібінен түспейтін деңгейге жетті. Жоғарыда айтып отырған жемқорлықсыз қоғам да осындай мінберден түспейтін тақырып болып отыр. Бұл бір мемлекеттің немесе ұлттың емес, ғаламдық шеңберден шығып кеткен ғасырдың дерті. Сөзіме дәлел ретінде ежелгі Мысырлық тәжірибеден үлгі ұсынамын.
"Сіздердің қылмыстарыңыздың қаншалықты сан қырлы екендігін, күнәларыңыздың қаншалықты ауыр екендігін мен білемін: сіздер ақ адамға қысымшылық көрсетіп, пара аласыздар, ал әділет іздеген кедейді қақпадан қуасыздар". Бұл құбылыс туралы жазбалар Мысыр, Месопотамия, Иудеи, Үндістан және Қытай – барлық ежелгі шығыс өркениетінің орталықтарындағы мемлекеттік басқару өнері туралы шығармаларда, дін және заң әдебиеттерінде кездеседі. Мысалы: Ежелгі үндінің “Артхашастра” - мемлекетті басқару өнері туралы трактатында патшаның алдында тұрған аса маңызды мәселе қазынаны ұрлаумен күрес болып табылатындығы атап айтылады. Трактатта қазына мүлкін ұрлаудың 40 түрлі тәсілі көрсетілген және айлалы шенеуніктердің амал әдістерін табудан, аспанда ұшқан құстың жолын білу оңайырақ деген қорытынды жасалады. Сыбайлас жемқорлық ежелде пайда болған күрделі әлеуметтік құбылыс ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерде осы күнге дейін сақталып келеді. Бұдан шығатын қорытынды: жемқорлықты түбегейлі жою мүмкін емес. Тек онымен күресті күрделендіру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселемен тек қана сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ғана күресуі тиіс деген тар шеңберлі түсініктен аулақ болғанымыз абзал. Адамның иманы қаншалықты мықты болса, соншалықты адасудан сақтайды. Иманды адамның қоғам үшін, өзі үшін қатерлерге бармасы анық. Сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы жан-жақты ақпарат беріліп, күн сайын құрықталған қылмыс түрлері тіркеліп, әлеуметтік желіде, басқа да медиа саласы арқылы халыққа таратылып жатыр. Бүгінгі жас ұрпақтың көзімен қарайтын болсам, ең өкініштісі «елім» деп атқа қонып, үзеңгіге аяқ салған аға буынның әрекеттері. Жоғарыда айтып өткенімдей адам-қоғамның негізгі қозғаушы күші, оны бар қылатын да, жоқ ететін де адами факторлар. Адамға берілген артықшылық пен нығметті дұрыс мақсатта пайдалана алмай, жеке басының қамын ойлағандар үшін жаным ашиды. Жемқорлықтың барар жолы – темір тор. Мәңгілік ештеңенің жоқ екенін білген адам, сыбайластық әрекеттің де ғұмырының келте боларын түсінсе екен деймін. Бізге әрекетімен, құрметімен идаел болатын аға буынға деген сенімге селкеу түспесе екен.  Біз Мәңгілік ел болуға, әділетті ұрпақ болуға ұмтылған халықпыз. Сондықтан қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлық зауалымен күрестің тактикаларын өзгерткен дұрыс деп есептеймін. Мысалы, оқушылар, студенттер мен ересектер арасында жиі байқаулар ұйымдастыру, жемқорлық әрекетін хабарлаған тұлғаға бірнеше еселік үстемақы төлеу немесе кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау, әртүрлі мақсатта жемқорлық әрекетіне барған тұлғаның меншікті мүлкін таратып әлеуметтік салаларды (сауықтыру кешендері, арнайы күтімді қажет ететін тұлғалар) дамытуға жұмсау т.б.
Құрметті жас дос! Жақсы әдет өсімге берген ақша сияқты. Адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады дегендей қоғамда құрметті, ел алдында еңселі жүру үшін жақсы істерге инвестиция салайық.
Шұғыла ТӨРЕБЕК,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің студенті
16 қараша 2024 ж. 57 0