Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бар болсаң – аспа, жоқ болсаң – саспа

Бар болсаң – аспа, жоқ болсаң – саспа

Бүгінгі қоғамымызда адамдар арасында бай және кедей деген теңсіздік қалыптасқаны белгілі. Бұл ұғым тек біздің ортамызда ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем бойынша қалыптасқан дағды десек те болды. Сондай-ақ дүниежүзілік банк 20 жылға жетпейтін мерзім ішінде әлемдегі кедейлікті толығымен жою және адамзаттың өркендеуін қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Иә, дүниежүзілік банктің қаржы қызметінің басшысы Бертран Барде: «2030 жылға қарай күндік табысы 1 доллар 25 центке (1,25 доллар) жетпейтін адамдардың санын азайтқымыз келеді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың үш пайызынан аспауы тиіс деп жоспарлап отырмыз. Егер 2030 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 8-9 миллиард адам болады деп болжасақ, мұндай адамдар саны 250 миллионнан аспауы керек»,–деген болатын.
Ұлы ақын Абай атамыздың жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді»– деген еді. Иә, барлық дерлік адам баласы өмірде алдына мақсат қояды. Әрбірінің арманы әр түрлі болады. Бірі мақсатыма жетіп, оқу-білім үйренсем деп армандаса, енді бірі атақ-даңқты арман етеді. Осындай көп арманның ішіндегі, барлығының қол жеткізсем деп мақсат қоятын екі нәрсесі бар. Яғни олар – байлықтың шегіне жетіп, кедейліктің шырмауынан шығу.
Бай деген сөзді естігенде әр адамның ойына түрлі адам бейнесі келеді. Кеңес үкіметі ертеректегі байлардың бейнесін соншалықты жексұрын, жағымсыз етіп түсіндіріп келді. Содан да болар, біздің де санамызға сол қалып сіңіп қалған. Бірақ ерте кездегі байлар бейнесі мүлде бөлек болған. Олар ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, малдарын оңды-солды шашпай, қадірін біле білген. Әрине барлығы бірдей емес. Арасында сараң байлары да болған. Ал бүгінгі қоғам бейнесіндегі байлар келбеті қандай? Бай ата-аналардың балалары қандай тәрбие алады? Кедей ата-аналар баласын неменеге үйретеді?
Бүгінгі ақпарат ағыны шарықтап, жоғары дамыған мына заманда түрлі БАҚ өкілдерінен даңқты байлардың қанша миллион, қанша миллиардтары бар екендігінен хабардар болып отырамыз. Ал бірақ ауруханадағы айықпас дертке шалдыққан науқастардың ұзын-сонар кезегін көреміз. Иә, олардың ота жасатуға қаражаты болмайды. Кейде тіпті тұрмыстың қыспағын көріп отырған талантты қазақ баласының оқу орнына түсе алмай, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деп жасанды кебін киіп жүр. Сонымен бірге бүгінгі байлар көмек қолын созып, науқасқа немесе жағдайы төмен отбасына көмек көрсете қалса, дүйім дүниеге жария етіп, өздерін жарнамалап отырады. Жоқ, барлығы бірдей деген сөз емес. Үнсіз ғана көмек қолын беріп жатқандары да жетіп жатыр. Кей дәулетті жандар қарттар үйі мен балалар үйіне демеуші болып та жүреді.
Негізінен байлық деген ертеректе адамның рухани байлығы деп есептелінген. Оның тәрбиесі, ұстанымдылығы маңызды рөл атқарған. Ал бүгінгі байлық қолындағы дүниесі мен банктегі қаражатына байланып қалғандай. Баланың ішпегені алдында, ішкенін артында етіп, барлық мәселені құны жоқ қаражатпен шеше салатындай оп-оңай етіп үйретеді. Бірақ бала өз еңбегімен нан тауып, өз-өзін қамтамасыз еткені дұрыс еді. Себебі байлық тек уақытша дүние.
Көпке белгілі Роберта Кийосаки мен Шэрон Лектердің «Бай әке, кедей әке» атты еңбегінде баланың екі әкесі болатынын көрсетеді. Онын бірінші әкесі – атақты бай адам, ал екінші әкесі – күнін әрең көретін кедей адам болады. Екеуі де бала тәрбиесін екі түрлі беретіндіктен, бала қайсысының сөзін аларын білмей қалады. Мәселен, біреуі, баланың жақсы оқып, жоғары білім алып, үлкен жалақы алу үшін жақсы жұмыс тауып алуын қалайтын. Ол оның: адвокат, бухгалтер немесе менеджер болғанын жақсы көретін. Екіншісі, қалай бай болуға, ақшаның қалай жұмыс істейтіндігін білуге, қайткенде, оны өз пайдаңа жұмыс атқаруға мəжбүр етуді білуді, оқып үйренуге кеңес беретін. “Мен ақша үшін жұмыс істемеймін. Ақша мен үшін жұмыс істейді”, – деп жиі қайталайтын болады. Бірақ екеуі де атақты, ғылыми білімдері бар адамдар еді. Ақырында бала 9 жасында, бай əкеден ақшаның не екенін білу туралы шешім қабылдайды. Кедей əкенің ғылыми атақ-дəрежелеріне қарамастан, оның ақыл-кеңестерінен гөрі, бай əкенің ой-пікірлерін қалауды ұйғарады.
Адам баласына дүние, мал мен байлық біз ойлағандай тек жақсылық әкеліп қоймайды. Дүниемен де қиыншылық көреді, машақаты болады. Байдың да байы бар, кедейдің де кедейі бар. Яғни, екі жақтың да жақсы және жаман жағы болады. Егер кедейліктің жанында тәкаппарлық пен сабырсыздық болса, онда оның соңы өкініш болмақ еді. Алла елшісі (с.ғ.с) хадисінде: «Тәкаппар кедейге қияметте Алланың назары болмайды» – деген еді. Сол үшін баймын деп басыңды аспанға да көтерудің қажеті жоқ, кедеймін деп тәкаппарланып, сабырсыз болудың да қажеті жоқ.
Алла мен Пайғамбар сөзін қазақ тілінде құн жетпес асыл сөзбен уағыздаған Ұлы Абай атамыз: «Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Сонда, ойла, болады не сенікі?» дейді. Иә, ет пен сүйектен жаратылған барша адамзаттың Жаратушы алдында дәрежесі бір емес пе?! Дана халқымыз: «Малымды алсаң, ал Құдай! Пейілімді алма!» деген. Сондықтан да бай болсаң да халқыңа пайдаң тиіп, пейіліміздің де кең болғаны нұр үстіне нұр болар еді. Келешек бала тәрбиесіне де қолдағы дүниенің уақытша екендегін айтып, өз еңбегімен адал табыс табуға үйреткеніміз абзал.

А. НҰРЛАНОВА              
26 сәуір 2022 ж. 1 421 0