Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Адал адам

Түркістанда өткен кезекті бүкілхалықтық құрылтайда Ел басшысы Қ.Тоқаев адал адам мәселесін көтерді. Қазақ тілінде адал деген сөздің синонимі әділ деген сөз. Әйтпесе, қоғам тек ата-бабаларымыздың асыл салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қадірлейтін, жемқорлық пен парақорлыққа, коррупцияға бармайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, үлкенге де, кішіге де ізетпен қарайтын нағыз мұсылман адамдардан тұрса, Президент бұл мәселені көтермес еді. Президент кешегі халыққа арнаған Жолдауында да «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп бұл мәселеге қайта оралды. Ұлы Абай да заманында толық адам туралы айтқан. Ғұламаның толық адам деп отырғаны дәл осы адал адам. Арада бір ғасырдан артық уақыт өтсе де бұл мәселе алдымыздан тағы шығып отыр. Осыған қарағанда қазіргі қазақ қоғамында бұл мәселе өте өзекті деген сөз.Алла тағаланың жаратылысты ақ пен қара, жаман мен жақсы деген қарама-қайшылықтармен жаратқаны сияқты, қоғамның да осындай қарама-қайшылықтардан тұратыны қалыпты нәрсе. Бірақ әр нәрсе шектен шықпай, өз орнымен болғаны жөн. Біреулердің жол ережесін өрескел бұзып, машинамен көшеде оңды-солды ойқастауы, бір офицердің пәтерге бола еш жазығы жоқ бес адамды жайратып тастауы немесе кейбір отағасылардың өз бала-шағасын аяусыз жазалауы қандай ақылға сыяды?! Қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан осындай жантүршігерлік оқиғаларды көргенде немесе естігенде нағыз демократиялық қоғам сонау феодализмде болған ба деген ойға қаласың. Өйткені ол қоғамда барымта, жер дауы, жесір дауы дегендер болмаса қазіргідей жан төзгісіз ауыр қылмыстар болмаған ғой. Ал енді Президент айтқан қоғамды арам адамдардан қалай тазартып, адалдыққа жетеміз? Арам дейтін адамдардың бәрі бірдей шетел адамдары емес қой, еліңе қайта ғой дейтін, көбісі өзіміздің азаматтарымыз. Сондықтан оның жолы біреу-ақ сияқты. Ол – тәрбие. Тәрбие болғанда ең алдымен отбасы тәрбиесі және қоғамдық орта тәрбиесі. Бүгінде көптеген отбасылар бала тәрбиесінен ажырап барады. Өйткені қоғамда отбасы тәрбиесінен гөрі қоғамдық орта тәрбиесі басым. Бүгінгі бала кітап оқымайды, ертеңді-кеш көретіні ұялы телефон, компьютер, одан қалса телеарна, оның да оңып тұрғаны шамалы, атыс-шабыс, бірін-бірі өлтіру, сайқымазақ. Балалар ата- аналарын жүре тыңдайды немесе тыңдамайды. Өткенде бір ауданның білім жүйесі қызметкерлері сыбайластықпен бюджеттің жүз миллиондаған қаржысын жымқырып, сотты болды. Адамдар Меккеге барып қажы болады. Ал қажы болған адам барлық жзағынан ең шынайы, таза адал адам. Жас ұрпаққа тәрбие беріп отырған білім мекемелерін де осыған теңейміз. Әділеттіктің, шынайылықтың, тазалықтың символы болатын білім ұялары осындай болса, басқаларына не жорық?! Осындайлардың бәрін күнделікті көріп-біліп жүрген жас ұрпақтың санасына кері әсер ететіні даусыз. Ата-әжесі немересіне:
– Әй, балам, жақсы адам бол, сабағыңды жақсы оқы, әділетті бол десе, "ой, ата-әже, ана пәленше жаман оқыса да бай болып жүр ғой, қазір бәрін ақша шешеді, қайдағы әділдікті айтып отырсыздар", – дейді.
Пәкістан мемлекетінің негізін қалап, әлемде тұңғыш рет қантөгіссіз мемлекет құрған Мұхаммед Али Джинна /1876-1949, лақап аты Кәди-и- Азам, тегі араб/ деген адам мемлекеттің құрылуын алғаш жариялаған кезде:
– Жемқорлық, парақорлық жайлаған мемлекет ол – келешегі жоқ мемлекет. Бүгіннен бастап осы мәселемен аяусыз күрес жүргізуіміз керек, онсыз ешқашан әділеттілік болмайды,– деп мәлімдеген. Өте дұрыс айтылған. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі шын мәніндегі адал адам болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Жолдауын: "Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын. Адал азамат болса, әділдік орнайды" деп түйіндеді. Біз де осыған толықтай қосыламыз.
Ж.Төребеков,
мәдениет саласының ардагері

Фото: ernur.kz
10 қыркүйек 2023 ж. 1 034 0