Қоғамдық-саяси ахуал және қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты мәжіліс өтті. Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Облыс әкімі өңірдегі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.Мәжілістен кейін аудан әкімінің төрағалығымен арнайы жиын өткізіліп, аймақ басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың аудан көлемінде сапалы әрі уақтылы орындалуы талқыланды.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуал, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды өзекті мәселелер қаралды.
Сонымен қатар тұрғын үймен қамту, жер кезегін жүргізу, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтық пен заң талаптарының сақталуы, азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік мәселелерін шешу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Аудан әкімі тиісті сала басшыларына қоғамдық тұрақтылықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар берді.









