Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қабадан қандай құрал?

Қабадан қандай құрал?

Балық аулау, оны өңдеу, өзгеге экспорттау ісі қай уақытта, қай заманда болмасын қолға алынған ерекше кәсіп болып келеді. Ата бабамыз айналысқан бұл кәсіп «ата кәсіп» деп атанып кетті. Бүгінде сол ізбен жалғасқан берекелі кәсіп бірізділігін әлі де жоғалтқан жоқ. Балық табиғатынан адамның денсаулығына қажетті дәрумендерге бай екені дүйім жұртқа мәлім.
Балық аулап, оны барлық жағынан танып білу де үлкен өнер. Балықшылық кәсібінің тарихына үңілсек, балық аулау бұрын кең тараған кәсіп болмаған. Көбіне балығы мол су жағасына тіршілік еткен және басқа да себептермен көшіп-қонуға мүмкіндігі болмаған қазақтар балық аулауды күнкөріс көзіне айналдырған. Алғашқы кезде балық аулау құрал-жабдықсыз қарапайым тәсілмен жүзеге асқан. Балықты тұйық жерге қуып қамап, қолмен ұстаған, шанышқымен түйреген. Кейін қайық пайда болып, қармақ қолданылған. Уақыт өте келе халық балықтың жүрісін, аулайтын орнын, тиімді аулау уақытын меңгеріп, қарапайым кәсіпті өзіндік тәжірибесі мен әдіс-тәсілі қалыптасқан кәсіби салаға айналдыра бастаған.
Сол себепті балық аулауда қажетті құрал-жабдықтарға тоқталсақ, балықшының ең басты құралы – ау. Теңіздің табиғи ерекшелігіне, су тереңдігіне, ауланатын балықтың түріне және маусымдық жағдайға байланысты аулардың сан алуан түрі қалыптасты. Аудың сапасы мен беріктігі балық аулаудың нәтижесіне тікелей әсер етті. «Бір жәдігер тарихы»  айдарында -  Қабадан.  «Балықшылар» музейінің  Кеме залында орналасқан  жәдігер,  ағаш шыбықтан иіп жасалып бірнеше сақина шеңберлерінің сыртын  қатты жіппен бекітіп тоқыған ау. Ұзындығы – 4метр, диаметрі- 85 см болатын бұл құралдың ауыз жағы ашық, түбі бітеу.
Аталған жәдігерді  2019 жылы музей қорына Д. Құсмамбетовтің сыйға тартуы арқылы қабылданған  болса, ал 2026 жылы музей қорына  Қаратерең ауылының тумасы Әлжанов Шынәлі ұсынған тағы бір қабадан үлгісімен толықты. Әр жылдары музей қорына қабылданған бұл жәдігерлердің қатар сақталуы – өткен кезеңдегі балықшылық кәсібінде қолданылған құралдардың ерекшеліктерін салыстырып, олардың тарихи маңызын зерделеуге мүмкіндік береді.
Киелі кітаптарда аулар кендір не зығыр жіптен тоқылған. Торкөздердің үлкен-кішісі балықтың түріне қарай таңдалған. Кішкентай ауларды су түбіне тастайтын болған. Тереңірек батып тұру үшін төменгі жағына тас байлайтын болған. Қазіргі таңда қабадан үлгілері музейдің құнды қор материалдарының қатарында сақталып, келушілерге Арал өңіріндегі дәстүрлі балықшылық кәсібінің тарихын танытатын маңызды жәдігер ретінде ұсынылуда.
Тұмар Өмірзаққызы,
ғылыми қызметкер
08 қыркүйек 2026 ж. 33 0