Тарихтағы ең ыстық тамыз: Жерде температуралық рекорд тіркелді
2026 жылдың тамызы ауа райын бақылау тарихындағы ең ыстық ай болып тіркелді. Сонымен қатар айдағы жаһандық орташа температура 2023 жылғы шілдедегі рекордтық көрсеткішке жуықтады. Жер бетінің орташа температурасы 16,96 градусқа жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.Copernicus климат қызметінің дерегінше, 2026 жылғы тамыз бақылау тарихындағы ең ыстық тамыз болды. Жаһандық орташа температура 1991–2020 жылдардағы қалыпты көрсеткіштен 0,85 градусқа жоғары тіркелді.
Тамыздағы температура 2023 жылғы шілдедегі көрсеткіштен 0,01 градустан да аз айырмашылықпен ғана төмен болды. Осылайша, 2026 жылдың тамызы тарихтағы ең ыстық айлар рейтингінде алғашқы орынға шыққан шілде 2023 жылғы көрсеткішпен іс жүзінде теңесті.
Сонымен қатар тамыздағы жаһандық температура 1850–1900 жылдардағы индустрияға дейінгі кезең деңгейінен 1,65 градусқа жоғары болды. Бұл – 2025 жылғы қарашадан бері температура индустрияға дейінгі деңгейден қайтадан 1,5 градусқа асқан алғашқы ай.
Жаһандық жылыну тек құрлыққа әсер етіп отырған жоқ. Полярлық аймақтардан тыс мұхиттардағы жер бетінің орташа температурасы тамызда 21,07 градусқа жетті. Бұл бақылау тарихындағы тамыз айлары үшін тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Бұл температура барлық айлар бойынша да рекордтық деңгейге жетіп, 2024 жылғы наурыздағы көрсеткішпен теңесті. Ал 24 және 25 тамызда мұхит бетінің тәуліктік орташа температурасы 21,11 градусқа дейін көтерілді. Бұл бақылау тарихындағы жаңа абсолютті рекорд.
Copernicus сарапшыларының айтуынша, жоғары температураға бірнеше фактор әсер етіп отыр. Оның ішінде парниктік газдар шығарындылары салдарынан жалғасып жатқан жаһандық жылыну және Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо құбылысының күшеюі бар.
Эль-Ниньо жаһандық температураның уақытша көтерілуіне ықпал етуі мүмкін. Дегенмен ғалымдар ұзақ мерзімді жылынудың негізгі себебі адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі екенін атап отыр.
Империал колледжі Лондонда қызмет ететін климатолог Фридерике Оттоның пікірінше, Эль-Ниньо аптап ыстықты одан әрі күшейте алады. Алайда климаттың жылынуына негізгі әсер етіп отырған фактор – көмір, мұнай және газ сияқты қазба отындарды жағу.
Мамандардың болжамынша, Эль-Ниньо алдағы айларда күшеюі мүмкін. Сондықтан Жердегі жоғары температура әлі де сақталуы ықтимал.
Бұған дейін 2026 жылғы шілде бақылау тарихындағы ең ыстық екінші шілде болғаны хабарланған еді. Сол кезде Қазақстан да орташа айлық температурасы рекордтық деңгейге жеткен елдердің қатарынан көрінді.
Мамандардың бағалауынша, 2026 жылдың тұтастай алғанда тарихтағы ең ыстық жыл болуы ықтималдығы айтарлықтай артқан.
Сурет: ашық дереккөз









