Қазақстандағы биылғы ыстық 83 жыл бұрынғы рекордты жаңартқан

Синоптиктердің деректеріне сәйкес, еліміздің бірқатар қала мен аудандарында ауа температурасының жаңа рекордтық мәндері орнатылып, ондаған жылдар бойы сақталып келген көрсеткіштер жаңартылды.
Мәселен, 4 шілдеде Түркістанда температура +44,9 градусқа жетіп, 1942 жылғы абсолюттік максимумды (+44,2 градус) жаңартты. Бұл рекорд 83 жыл бойы сақталып келген еді. Шымкентте 3 шілдеде ауа температурасы +40,6 градусқа көтеріліп, 1978 жылғы рекордты (+40,0 градус) бұзды. Ай бойы бұл қалада 2021 және 2001 жылдардағы рекордтар бірнеше рет жаңартылды.
Алматыда 5 шілдеде +39,0 градус тіркеліп, 1968 жылғы рекордтан 1,8 градусқа асып түсті. Ақтауда 13 шілдеде +41,1 градус болған, бұл 1995 жылғы көрсеткіштен жоғары. Жезқазған, Қызылорда, Балқаш, Өскемен және басқа да қалаларда да бірнеше және одан да көп жыл аралығындағы рекордтар жаңартылды.
Астанада шілде айындағы орташа температура +21,9 градус болды, бұл нормадан 1,3 градусқа жоғары, ал жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аз болды.
Метеорологтардың айтуынша, ыстық ауа райы елдің басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығымен қатар жүріп, қуаңшылықты күшейтті. Ал солтүстік-батыс өңірлерде және Жамбыл облысының шығыс, орталық және оңтүстік-батысындағы жекелеген аудандарда әдеттегіден көп жауын-шашын түсті.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың маусым айы да Қазақстанның басым бөлігі үшін аномальды жылы, ал кей жерлерде өте ыстық болды. Қазгидромет мәліметінше, орташа ауа температурасы елдің дерлік барлық аумағында климаттық нормадан 1–3,5 градусқа жоғары болды.
Фото: Нұрболат Нұржаубай