Қазақстанда 83 жыл бұрынғы ауа райы рекорды жаңарды

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің бірқатар қалалары мен аудандарында ауа температурасы жоғарылап, рекорд орнатты. Тіпті ондаған жыл бойы сақталып келген көрсеткіштерден асып түсті.
Осылайша, Түркістанда 4 шілдеде ауа температурасы +44,9 градусқа жетіп, 1942 жылғы абсолютті максимумнан (+44,2 градус) асып, 83 жыл бойы сақталып келген рекордты жаңартты.
Шымкентте 3 шілдеде ауа температурасы +40,6 градусқа дейін көтеріліп, 1978 жылғы рекордты жаңартты (+40,0 градус). Бұл қалада бір ай ішінде бірнеше рет жоғары көрсеткіштер тіркеліп, 2001 және 2021 жылдардағы рекордтарды жаңартты.
Алматыда 5 шілдеде +39,0 градус ыстық тіркелді, бұл 1968 жылғы рекордтан 1,8 градусқа жоғары.
Ақтауда 13 шілдеде +41,1 градус ыстық тіркелді, бұл 1995 жылғы рекордтан жоғары.
Жезқазған, Қызылорда, Балқаш, Өскемен және басқа қалаларда да температура жоғары болды.
Астанада шілдеде орташа температура +21,9 градус болды. Бұл қалыпты көрсеткіштен 1,3 градусқа жоғары. Ал жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аз болды.
Метеорологтардың мәліметінше, аптап еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығын туғызып, құрғақ ауа райын күшейтті.
Ал солтүстік-батыс облыстарда және Жамбыл облысының оңтүстік-батысының, шығысының және орталығының жекелеген аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көп болды.
Фото: Нұрболат Нұржаубай