Тілдің түп-тамырына үңілген зерттеу
"Ғылым бір орында тұрмайды. Ол әр дәуірдегі ғалымдардың тапқан жаңалығы негізінде өзгеріп, дами береді. Әйтсе де, филология, оның ішінде тіл білімі саласы әбден зерттелген деп саналатындықтан, онда зерттеушілердің көзі түспей қалған құбылыс жоққа тән секілді көрінеді. Бірақ мұны белгілі ғалым Шанжархан Бекмағамбеттің ізденістері жоққа шығаратын сияқты. Ғалымның «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» (1999 ж.), «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» (2014 ж.) және «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» (2025 ж.) деп аталатын кітаптары тіл білімінде әлі терең зерттеле қоймаған тақырыптар бар екенін көрсетеді, сондай-ақ бүгінгі тіл білімінде қалыптасқан теориялар мен ережелерді қайта қарау қажет дейді. Сондықтан біз қазақ ғалымы зерттеп жүрген генетикалық тіл ғылымы саласы жайында әңгімелесіп, оның ерекшелігі, қажеттілігі жайында ойларын жазып алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз" деп басталатын Turkystan.kz порталындағы Ахмет Өмірзақтың Шанжархан Бекмағамбетұлымен сұқбатын көзіміз шалды. Расында тіл ғылымын тереңнен түсініп, көптеген еңбек жазған ғалымның сұқбаттағы пікірін қалың оқырман назарына ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.Иә, тіл – адамзат өркениетінің ең көне әрі ең күрделі құбылыстарының бірі. Адам баласы күн сайын сөз сөйлеп, ойын жеткізіп, білімін кейінгі ұрпаққа табыстап отырғанымен, сол сөздердің алғаш қалай пайда болғаны туралы мәселе әлі де талай сауалды алға тартады. Осы тұрғыдан алғанда, Шанжархан Бекмағамбетұлының зерттеулері тілдің сыртқы құрылымынан гөрі оның тереңдегі табиғатына назар аударуға үндейді.
Ғалым қалыптасқан тіл білімінің кейбір қағидаларын қайта қарау қажеттігін алға тартады. Оның пайымынша, тіл тек дыбыстардың кездейсоқ жиынтығы немесе адамдар арасында шартты түрде қалыптасқан қатынас құралы емес. Оның ар жағында адамзаттың ойлау жүйесі, дүниені тануы және қоршаған болмысты түсіндіруге деген ұмтылысы жатыр. Демек, сөздің тарихын зерттеу – белгілі бір тілдің ғана емес, адамзат санасының даму жолын зерттеу.
Осы ізденістердің негізінде ғалым «генетикалық тіл білімі» деп аталатын бағытты қалыптастыруға күш салып келеді. Бұл бағыттың басты мақсаты – сөздердің қазіргі қолданысын ғана сипаттау емес, олардың ең алғашқы пайда болу табиғатын анықтау. Бекмағамбетұлының түсіндіруінше, адамзат тілдерінің сыртқы айырмашылықтары көп болғанымен, олардың арғы бастауларында ортақ негіздер болуы мүмкін.
Ғалым өз тұжырымдарын бірнеше еңбегінде жүйелеген. Алғашқы зерттеулерінен бастап тілдік таңба, сөздің пайда болуы, дыбыс пен мағынаның арақатынасы мәселелерін зерделей келе, кейін бұл ізденістерін генетикалық тіл білімі ұғымымен байланыстырған. Оның еңбектерінде адамзат тілінің бастауында жеті түрлі архетиптік сөз үлгісі болғаны туралы тың болжам ұсынылады. Бұл үлгілер арқылы ғалым қазіргі тілдердегі сан алуан сөздердің арғы негізін түсіндіруге тырысады.
Зерттеушінің пікірінше, тілдің табиғатын дұрыс түсіну үшін дыбысты мағынадан бөлек қарастыру жеткіліксіз. Ол қазіргі тіл біліміндегі «мағына сөзде бар, ал дыбыстың өзінде мағына жоқ» деген түсінікке күмән келтіреді. Ғалымның теориясында дыбыс пен мағына әуелден өзара байланыста болған және алғашқы сөздердің қалыптасуы адам ойлауымен сабақтас жүзеге асқан.
Бұл тұжырым тілдің пайда болуын адамның қоршаған әлемді тану үдерісімен байланыстырады. Бекмағамбетұлы адамзатқа ортақ ғалам туралы түсініктер тілдің ең алғашқы қабаттарын қалыптастырған деген пікір ұсынады. Яғни адам табиғат пен кеңістікті, қозғалыс пен байланысты, орталық пен шекараны таныған сайын, сол түсініктерін сөз арқылы таңбалаған. Осыдан тілдің ішкі заңдылықтары ғана емес, оның дүниені танумен сабақтас қырлары да көрінеді.
Ғалымның зерттеу жолы да бірден қалыптаспаған. Ол тарихи тіл біліміне қатысты еңбектерді зерделеу барысында дәстүрлі тұжырымдарға күмән келтіріп, өз сауалдарына жауап іздей бастаған. Кейін бұл ізденістер жеке мақалаларға, монографияларға ұласып, генетикалық тіл білімі туралы тұтас ғылыми бағыттың қалыптасуына негіз болған.
Алайда кез келген жаңа ғылыми идея сияқты бұл бағыттың да қабылдануы біркелкі болмаған. Бірқатар ғалымдар мен оқытушылар жаңа тұжырымдарға қызығушылық танытқанымен, оны білім беру жүйесіне енгізуге қатысты түрлі қиындықтар бар. Себебі жаңа теория дәстүрлі түсініктердің бірқатарын қайта қарауды талап етеді.
Шанжархан Бекмағамбетұлының ойынша, ғылымның міндеті – бұрыннан келе жатқан қағидаларды өзгеріссіз қайталау емес, қажет болған жағдайда сол қағидалардың дұрыстығына қайта үңілу. Егер белгілі бір теория жаңа деректермен үйлеспесе, оны жетілдіру немесе қайта қарау ғылымның табиғатына жат емес. Сондықтан генетикалық тіл білімін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін де болашақтағы маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
Ғалым бұл бағыттың тек қазақ тіліне қатысты емес екенін ерекше атап көрсетеді. Оның пікірінше, генетикалық тіл білімі әлем тілдерінің арасындағы терең байланыстарды іздеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын, араб және жапон тілдеріндегі сөздер салыстырылып, олардың арғы қабаттарынан ортақ белгілер ізделген.
Мұндай ізденістер тіл ғылымын ғана емес, адамзаттың өзін-өзі тануына қатысты сұрақтарды да алға шығарады. Себебі сөздің қалай пайда болғанын түсіну – адамның дүниені қалай қабылдағанын, оны санасында қалай жүйелегенін түсінуге бастайтын жолдардың бірі.
Зерттеуші болашақта генетикалық тіл білімінің жас ғалымдардың назарын аударып, жаңа зерттеулерге жол ашатынына сенеді. Оның ойынша, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тілдік зерттеулерге пайдалану арқылы әртүрлі тілдердің ортақ әрі көне қабаттарын салыстырудың жаңа тәсілдері пайда болуы ықтимал.
Тілдің түп-төркінін іздеу – сөздің тарихын ғана қазу емес, адамзат ойының бастауына үңілу. Шанжархан Бекмағамбетұлы ұсынып отырған генетикалық тіл білімі әзірге ғылыми пікірталас пен терең зерттеуді қажет ететін тың бағыт ретінде көрінеді. Оның құндылығы да осында: қалыптасқан түсініктерге сұрақ қойып, тілдің біз байқамаған қабаттарына назар аударуға шақырады.
«Сөздің түбі бір» деген халық даналығының астарында да адамзат тілдерінің терең тамырластығы туралы көне түйсік жатқан шығар. Ал сол түп-тамырды ғылым арқылы іздеу – әлі талай ұрпақты ойландыратын ұзақ жол.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









